Алматыда айна ұрлығының әлі де тиылмағаны белгілі болды. Бұл жолы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин баукеспелердің құрбанына айналды. Спортшының Рио олимпиадасындағы жеңісінен соң сыйға алған Ленд Крузер көлігінің екі айнасын дәл Денис Тенді өлтірген жерде үптеп кетіпті. Сол маңдағы қымбат мейрамханалардың біріне достарымен түскі ас ішуге барған жүзуден олимпиада чемпионының көлігінен айна шешіп алғандар бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Көп кешіктірмей күдікті де қолға түсті.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Айнаның ұрланғаны туралы ақпаратты кеше Дмитрий Баландин өзі әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Ол Инстаграмдағы парақшасында «Біздің халық өзгермейді екен. Айнамды тағы да үптеп кетіпті деп жазды». Алайда бүгін ол бұл жазбасын өшіріп тастаған.
Чемпион БАҚ өкілдеріне сұқбат беруден бас тартты. Бізге спортшының көлігінің Құрманғазы мен Байсеитова көшелерінің қиылысында тоналғанын, сол күні Дмитрийдің қасында болған дос қызы Кристина Тыныбаева растады. Естеріңізде болса, дәл осы жерде Денис Тен көлік айнасына бола өлтірілген болатын.
Кристина ТЫНЫБАЕВА, Д.БАЛАНДИННІҢ ДОСЫ:
Біз Дмитриймен мейрамханадан тамақтанып шықтық. Айнаның жоқ екені байқаған соң, бірден полиция шақырдық. Дима арыз жазды. Бұл бірінші рет емес. Көліктен осы күнге дейін төрт рет айна ұрланды. Екі рет арыз жаздық, екі рет шағымданбаған болатынбыз. Бірақ, полиция айналарды тауып берген емес.
Абырой болғанда, спортшының өзі аман. Ал, көлік тонаушыларының бейнетаспаға түсіп қалғанын Астанада Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин журналистерге мәлімдеген еді. Түстен кейін қалалық полиция департаменті күдіктінің бірін құрықтады. Отыз үш жастағы күдікті бұрын ұрлық үшін 3 рет сотталған.
Салатанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Тергеу тобы оқиға болған жерден дәйекті заттарды жинап, осы іске орай арнайы тергеу тобы құрылды. /склейка/ Ашып айтайық, осы қылмысты ашуға бізге бейнекамералар көмегін тигізді. Қазір бұл азамта ұсталып қамауға алынды.
«Лэнд Крузер 200» автомобилі Дмитрий Баландинге Рио Олимпиадасындағы жеңісі үшін Алматы әкімдігі тарапынан сыйға тартылған. Оның айнасының нарықтағы құны 400 мың теңге тұрады.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Қалалық полиция департаменті айна ұрлаушылардың алдында дәрменсіз екенін тағы да байқатты. Қоғамдық дүрбелең тумаса, бүгінгі ұрлықтың беті ашылуы екі талай еді, деп жазып жатыр әлеуметтік желі қолданушылары. Дсе де қалалық полиция соңғы жарты жылда 49 рет арнайы рейд жүргізгенін мәлімдейді. Өзгенің мүлкін тонау бойынша 4,5 мың адам құрықталған. Соның ішінде 37 адам айна ұрлығы үшін ұсталып, оның 16-сының ісі сотқа жетіпті.
Р. АСҚАРБЕКҰЛЫ