Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағанды облысында тасқын қаупі күшейді

AstanaTV
01.04.2019ж. 20:00
3885
Қарағанды облысында тасқын қаупі күшейді

Қарағанды облысында тасқын қаупі күшейді. Өңірдегі өзен-көлдер мен тоғандарға еріген қар мен мұздың суы қосылып, кейбірі арнасынан асып кеткен. Салдарынан аулаларға су кіріп, саяжайларды сел басты. Әсіресе Бұқар жырау ауданының бірнеше ауылына қауіп төніп тұр. Аймақтағы ахуалды тілшіміз Айжан Қуаш баяндайды. 

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Жергілікті халықты алаңдатып отырған Самарқанд суқоймасындағы жағдай. Тоғандағы судың деңгейі күрт көтерілген. Оның жағасында орналасқан Садовое мен Чкалово ауылдарын сел алуы мүмкін.

Сондықтан құтқарушылар мен әскерилер бірлесіп жағадағы бөгетті бекітуде. Мамандар суқоймасын бақылауға алған.  

Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСШЫСЫ: 

Қазір Самарқанд суқоймасындағы судың деңгейі жоғары. Секундына 710 текше метр су келіп жатыр, ал 610 текше метрі ағызылып отыр. Су қоры 60 млн текше метр. Қорғаныс бөгеттері әзірге тоған суының 85 пайызын ұстап шыдап тұр. Алдағы 3-4 күн қауіп сейілмейді, сондықтан судың деңгейін бақылып, қосымша бөгеттер қойып жатырмыз.

Көктемгі су тасқынына тойтарыс шаралары Бұқар жырау, Шет, Жаңарақа, Нұра, Абай, Ақтоғай, Осакаровка аудандарында қызу жүріп жатыр. Бұл аудандардағы ауылдарға Нұра, Шерубай өзендері қауіп төндіріп отыр. Жағдайға алаңдаған облыс әкімі Ерлан Қошанов қауіпті аумақтарды тікұшақпен аралады. Аяғына боти киіп, ауылдардағы бөгеттердің жайын өз көзімен көріп қайтты. Қазір Шет ауданында 35 отбасы тұратын Шопа ауылы жолдарды су шаюы салдарынан айналамен қатынассыз қалған. Ал абай ауданы маңындағы саяжайды түгелдей су басты. Жағдайдан Ішкі істер министрлігі де хабардар. Шығын көлемін арнайы комиссия анықтайды дейді. Әкімдер содан соң ғана тиісті шара қолданады. Бұған аймақтардағы бюджетте қаражат жеткілікті көрінеді.  

Юрий ИЛЬИН, ҚР ІІМ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бірақ, тұрғын үйлерді су басқан жоқ. Қазір жағдай тұрақты. Нұра өзені бассейніне қатысты суды жіберу қуаттылығы секундына 600 текше метрді құрайды. Су деңгейі миллион текше метрге жетсе де, елді мекендердің жағдайына қауіп туғызбайды деп айта аламыз. Қарағанды, Ақмола облыстарында қызыл су егін даласын шайып кетті.

Айжан ҚУАШ,ТІЛШІ:

Ресми мәліметке сүйенсек, қар ери бастағалы түрлі бағыттағы жолдарда 23 су шаю оқиғасы болған. Қазіргі таңда Астана- Қорғалжың, Киевка- Теміртау секілді бірнеше тас жол аумақтарында жол қатынасы өзгерген. Мамандар Самарқанды суқоймасын толтырған Нұра, Ащысу өзеніндеріндегі су ертең- бүрсүгүні Нұра ауданына жетеді, - дейді. Ал бұдан кейін қызыл су Ақмола облысын бетке алмақ.

А. Қуаш