Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодарда 1200-ден астам адам үй жануарын ұстау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

AstanaTV
03.04.2019ж. 20:00
3139
Павлодарда 1200-ден астам адам үй жануарын ұстау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Павлодарда үй жануарларын талапқа сай ұстамаған 1200-ден астам адам әкімшілік жауапгершілікке тартылды. Полицейлердің айтуынша, мысық пен итті үйде асырайтындар төртаяқтыларды көшеде қыдырту ережелерін өрескел бұзған. Мәселен, облыс орталығында иелері иттерді ешқандай ауыз қорғанышсыз, белгіленбеген орындарда қыдыратқан. Осыған байланысты құзырлы органдар 6 адамға айыппұл салды. Тақырыпты өңірдегі тілшіміз тарқатасын. 

Қала тұрғыны Мария Савелович күнде бір уақыт иттін серуендетеді. Ол «Рубин» есімді төрт аяқты досын қыдырту үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін жүруге мәжбүрмін дейді. Өйткені шахарда иттерді серуендететін арнайы орындар аз деп отыр.  

Мария САВЕЛОВИЧ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мен итімді ертіп, түгел қаланы шарлаймын. Өйткені, серуендеу алаңы алыс. Ол өзі үлкен болғандықтан, одан адамдар қорқады. Басына тұмылдырық кигіземіз. Сонда да, адамдар сескенеді. Мүмкін бізде ондай мәдениет қалыптаспаған шығар. Адамдар иттер туралы аз біледі. Олар тек ит зиян әкеледі деп ойлайды. Негізінде пайдалы жақтары да бар.

Ал, Вера Иванованың иті Тибет тұқымдас. Ол бар-жоғы 1 жарым жаста. Сондықтан, иесі оны көшеде тұмылдырықсыз алып жүре береді.  

Вера ИВАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біз оны көшеде адамдар аз кезде қыдыртамыз. Ешкімге үрмейді, тиіспейді. Кейбір дүкендерге итпен кіруге болмайды. Сондықтан, мен ол жақтарға бармауға тырысам.

Кинолог мамандар ит ұстайтындарға тәртіп пен ережелерді сақтауға шақырады. Далада бос жібере салуға болмайтынын, тек биік қоршауы бар белгілі бір орындарда ғана итті боатуға болатынын ескертеді.    

Вероника ТРОЯНОВА, КИНОЛОГ: 

Негізі заңда ит жүріп өткен жерді тазалау керектігі жазылған. Бірақ, оны қайда жинау керектігі, қалай жинастыру керектігі айтылмаған. Сондықтан, ол қалдықты жалпы қоқыс жәшігіне салуға болмайды. Сол себепті арнайы қоқыс орны болу керек.

Ит өсірушілер, төрт аяқты жануарлардың адамдардан артық қоқысты қалдырмайтындығын айтады. Сондықтан, олардың артын тазалау артық шаруа деп есептейді. Дегенмен, жыл басынан бері полицейлер, үй жануарларын дұрыс ұстамаған 1234 тұрғынға әкімшілік іс қозғаған. Облыс орталығында 400-ге тарта жануар иесіне ескерту жасалып, 6 адам айыппұл арқалапты. Дені қарапайым ереженің өзін сақтамаған.  

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Жиі ереже бұзушылық иттерді қыдырту мен тұмылдырықсыз алып жүруге байланысты болады. Әсіресе, белгіленбеген орындарда үй жануарларын серуендетіп, жол көлік апаттарына себепкер болу фактілері жиілеген.

Жалпы, жыл басынан бері иттің адамға шабуылы тіркелмепті. Тек бір балаға ғана ит шабуылдаған. Бала қашып үлгеріп аман қалды. Бұл дерек бойынша ит иесіне ескерту ғана жасалыпты.  

Ө. Қуанар