Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматы облысында 500 отбасына заңсыз сатылған жерлер мемлекетке қайтарылады

AstanaTV
04.04.2019ж. 20:00
4697
Алматы облысында 500 отбасына заңсыз сатылған жерлер мемлекетке қайтарылады

Алматы облысында жер дауы. Қарасай ауданында 113 гектар жер жеке тұлғалардан алынып, мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін. Себебі, облыстағы жердің пайдаланылуын қадағалайтын басқарма жүздеген тұрғынның үстінен сотқа шағымданды. Мемлекет меншігіндегі жерлерді жергілікті атқамінерлер пайдалану мақсатын заңсыз өзгертіп жіберген деген күдік бар. Іс аудандық сотта қаралып жатыр. Ал, ұлтарақтай жерді адал ақшамызға сатып алдық деген халық соттан әділдікті талап етті. Жер телімдеріне үйлер салынып кеткендіктен, жағдайдың қалай өрбитінін тілшіміз Ришат Асқарбекұлы анықтауға тырысқан еді.  

Дауға айналған жер телімдері Қарасай ауданының Жамбыл ауылдық округіне қарайды. 2014 жылы жергілікті атқарушы билік жанынан құралған жер комиссияның шешімімен бұл жерлердің пайдалану мақсаты өзгертілген, деді жер инспекциясының өкілдері. Ауыл шаруашылық жерлерінің бір бөлігі бау-бақша өсіруге, қалғаны қосалқы шаруашылық үшін берілген деп отыр құзырлы орган. Алайда жер иелері бөлінген аумақтарға жеке тұрғын үй тұрғызған. Бұған тиісті органдар тарапынан ешқандай шектеу де болмаған. Олар жер телімдерін 1 млн. мен 2 млн. теңге аралығында жеке тұлғалардан сатып алғанын айтады.  

Мұхит МЫРЗАБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қолымда мемлекеттік акт, сатып алу туралы келісім-шарт пен әділет басқармасынан шыққан құлақтандыру бар. Бәрі заңды, менің атымда, ешқандай арест жоқ. Бүкіл халықтың талабы: жеріміз өзімізге қалсын. Оны біз фантикке емес, маңдай термен жиған ақшамен алғанбыз.

Аралбай МЕНЕСОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Осы жерге жергілікті ауыл әкімі келді. Ол сот шешімін күтеміз, жер халыққа беріледі деп сендірді. Кеше шу шыққан соң Қаскелеңге «Нұр Отан»-ға, прокуратураға барғанбыз. Содан соң ғана келіп мән -жайды халыққа түсіндіріп кетті.

Екі жыл бұрын «барлығы 150 гектар жерді заңсыз сатты» деген айыппен «Қаскелең» тәжірибелік шаруашылығының басшысы соталыпты. Үкім шыққан соң аудандық прокуратура жер инспекциясынан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға ұйғарым жазған. Алматы облыстық жерді пайдалану мен қорғауын бақылайтын басқарма өкілі аумағы 113 гектар жерді сот арқылы қайтаруға мәжбүрміз дейді. Енді жер инспекциясы келісім- шарттар мен қаулылардың барлығын заңсыз деп тану туралы сотқа шағымданған.   

Асылхан БАЙШОРАНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖЕРДІ ПАЙДАЛАНУ МЕН ҚОРҒАУЫН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Әкімдік тарапынан 2014 жылы қабылданған қаулылардың күшін жою. Одан соң жер учаскелерінің нысаналық мақсатын өзгерту туралы тағы қаулылар шыққан. Сосын жер учаскелері бөлінген. Сатылып кеткен жерлердің күшін жойып, мемлекет иелігіне қайтару керек.

Сотқа жауапкер ретінде 182 адам тартылып отыр. Сол сияқты іске Қарасай ауданының әкімдігі мен жер қатынастары бөлімі де жауапкер ретінде шақыртылған.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Жер инспекциясы аумағы жүздеген гектар жер заңсыз берілгеніне сенімді. Оған аудан әкімдігінің, сәулетшілер мен арағайындық жасаған жеке тұлғалардың қатысы болуы мүмкін екенін айтады. Ол сот барысында анықталмақ. Айта кетейік, екі ай бұрын осы Қарасай ауданының бұрынғы прокуроры осы іспеттес, заңсыз жер саудасымен айналысқаны үшін 5 жылға сотталған болатын. Ол 102 жер телімінің мақсатты пайдалануын заңсыз ауыстыруға ықпал еткені үшін айыпты деп танылған еді.  

Р. Асқарбекұлы