$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

AstanaTV
05.04.2019ж. 20:00
3664
Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

Халықты алаңдатқан мәселені оң шешіп, дер кезінде көмек беру - біздің негізгі міндет. Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осылай деп мәлімдеді. Мәулен Әшімбаев «Халыққа Көмек» жобасының өңірде жүзеге асырылуы барысымен танысты. 

Үмітжан Қобылова - бес баланың анасы. Балаларының бірін оқу ақысын төлемегендіктен колледжден шығарып жіберген. Енді қызы да диплом ала алмай қалуы мүмкін. Соңғы семестрді төлеуге 200 мың теңгеден аса қаражат жетпейді. Бұл отбасының базынасын тыңдаған партиялықтар «Халыққа көмек» жобасы арқылы ақшалай сертификат беріп, баспана мәселесін шешуге уәде етті.  

Үмітжан ҚОБЫЛОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мәселемізді шешуге көмектесеріне сендім. Бұл бастама арқылы шын мәнінде жәрдем алуға болады. Көзім жетті. «Nur Otan» партиясы халыққа жақын, әсіресе көпбалалы аналарды тыңдап, қолдау көрсетіп жатыр.

Әлеуметтік бастама арқылы бүгінге дейін 2,5 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Оның 40 пайызы оң шешімін тауып үлгерді. Тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселе - баспана мен атаулы әлеуметтік көмекке қатысты.  

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Көмекке мұқтаж кез келген азамат мәселесін айтып, қоғамдық қабылдауға келгенде оған қажетті барлық жәрдем береміз. Бұл механизмнің мақсаты сол. Барлығын партия ұйымдастырады. Елбасы айқындағын «Қазір және осында» қағидасы бойынша жұмыс істейміз. Халықтың нақты проблемаларын шешуге тырысамыз.

«Nur Otan» партиясы бұдан бөлек «Бақытты отбасы» жобасын қолға алған. Бұл көмекке зәру көпбалалы отбасыларға қамқорлық көрсетпек. Игі бастама арқылы Әсем Темірғалиеваның көптен күткен арманы орындалды. 4 баланың анасы баспаналы болды.  

Әсем ТЕМІРҒАЛИЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА: 

Өз үйіңнің болғаны бұл - үлкен бақыт. Өзім мемлекеттік қызметкермін. Жәрдемақы ала тұра баспана сатып алу қиын. Қаражат емделуге, дәріге кетіп қалады. Осы уақытқа дейін үйлі бола алмай жүргеніміз де сондықтан еді.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Көкшетау қаласындағы су басқан «Привокзальный» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. 2 сәуірде Қыпшақты өзенінің су деңгейі көтеріліп, Көкшетаудағы бес үйді су басып қалған еді. Тұрғындар бұл жағдайдың жыл сайын қайталанатынын айтады.  

Асыл БЕКТЕМІРОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Тасқыннан бірнеше рет жапа шектік. Жыл сайын үйімізді су басып қалады. Өткен жолы жергілікті әкімдіктің өзі көмек берді. Бізге тұрғын үй берді. Қазір бәрі жақсы.

Ендігі апаттың алдын алу үшін жергілікті билік осы аумақтағы жеке үйлерді сүріп тастамақ. Ал, пәтер иелеріне тұрғын үй қорынан өтемақы төлеп, баспанамен қамтуға көмектеседі. Мәулен Әшімбаев та бастаманы қолдап, партиялықтарға жағдайды бақылауға алуды тапсырды.  

Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Бұл үйлердің орнына көп қабатты пәтер тұрғызуға болады. Тұрғындар не басқа пәтерге қоныс аударады немесе өтемақы өндіріп алуға мүмкіндіктері бар.

Жұмыс сапары соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары өңір активімен кездесті. Онда Елбасы саясатын одан әрі жалғастырып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бақытталған бастамаларға басымдық беруге шақырды.   

А. Бектас