Ливияда аяқ асты әскери қақтығыс басталып кетті. БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі шұғыл жабық кеңес шақырмақ. Ливия ұлттық әскерінің қолбасшысы Халифа Хафтардың сарбаздары ел астанасы Триполиға бет алған. Ұлттық келісім үкіметі де ауыр әскери техникаларын қалаға алып кіруге дайын. Қазір олар Триполида жиналыс өткізіп жатыр. Біріккен ұлттар ұйымының төрағасы Антониу Гуттереш те оқиға орнына жедел жеткен. Ол екі тарапты мәмлеге келуге шақырды. Абай Сейфулла толықтырады.
Интернетте «Триполиді азат ету операциясы» атауымен осындай бейнежазба пайда болды. Мұнда Ливия ұлттық әскерінің қолбасшысы Халифа Хафтар қарулы операция халық қалауымен өтіп жатқанын түсіндіргісі келеді. Оның пікірінше, жендеттер мен лаңкесте билігінен қажыған ливиялықтар өтініші соғыспен ғана шешіледі. Ал тұрғындарды бұл қақтығысқа араласпауға үндеді. Яғни ақ жалау көтерсе ешкім тиіспейді деді. Ал әскері бейбіт халық пен шетелдіктерге оқ атпауға бұйрыған.
Ахмет аль-МИСМАРИ, ЛИВИЯ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Ливияның миллиардаған ақшасы контрабандалық жолмен шетелге кетті. Өкінішке қарай, ол ақшаны алып жатқандар екі-үш адам ғана. Ал сол қылмыскерлердің мүддесін қорғап жүрген қарулы әскерге дым да бұйырмайды. Олар біздің қатарымызға қосылып, оқыту орталықтарымызға келе алады. Қаласа экономикалық көмек көрсетуге де дайынбыз. Тек бізге қарсы шабуылға шығудың қажеті жоқ.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, Хафтардың әскері Триполи маңындағы бірнеше елді мекенді басып алған. Қазір ел астанасында біріккен ұлттар ұйымының төрағасы Антониу Гуттереш те жүр. Оқыс жағдайға АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Араб Эмираттары алаңдаушылық білдіріп отыр.
Антониу ГУТТЕРЕШ, БҰҰ БАС ТӨРАҒАСЫ:
Ливияға барар жолда әскери операциялар мен саяси мәлімдемедер туралы естіп, таңғалдым. Бұл оқиға мені қатты алаңдатады. Барлық қақтығыстарды тоқтатуға, жағдайды бақылауға алуға шақырамын. Ливия дағдарысы әскери жолмен шешілмейді.
Ливияда азаматтық соғыс өрті 2014 жылы өршіген еді. Муаммар Каддафидің өлімінен кейін елде қос үкімет пайда болды. Шығысты парламент пен Ливия ұлттық әскері билейді. Ал Батысты Фаиз Сварадж бастаған Үкімет басқарып отыр. Онсызда түн ұйқысы тыныш өтпейтін ел халқы нағыз соғыс енді басталып кете ме деп қорқып отыр.
Анас АЛЬ ГОМАТИ, САДЕКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ (ЛИВИЯ):
Триполиде туындаған жағдайға байланысты соғыс қаупін жоққа шығара алмаймыз. БҰҰ-ның Хафтарды қақтығыс бастағаны үшін кінәләудің орнына, екі тарапты да бейбітшілікке шақырып отырғаны таңқалдырады. Бұл ұйымның Франция мен Біріккен Араб әмірлігіне деген саяси қолдауын білдірсе керек.
75 жасар Халифа Хафтар Муаммар Каддафидің тікелей ізбасары. Ол Ливияда лаңкестікпен күресу арқылы танымал. Қос Үкіметтің қақтығысы өршіп кетсе, сәуірдің ортасына жоспарланған Ұлттық конференция өтпеуі де мүмкін.
А. Сейфулла