$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Президент алғаш ресми сапарын Мәскеуге жасады

AstanaTV
06.04.2019ж. 20:00
3355
Президент алғаш ресми сапарын Мәскеуге жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы ресми сапарын Мәскеуге жасады. Мемлекет басшысы өзінің Президент ретіндегі қызметі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың «алтын ғасырында» басталғанын атап өтіп, Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің жан-жақты диалогын нығайту жөніндегі стратегиялық бағдарды жалғастыруға және бұған дейінгі қол жеткізілген уағдаластықтардың сабақтастығын қамтамасыз етуге зор ниеттестік білдіретінін айтты, деп жазылған Ақ Орданың ресми сайтында. 

Экономикалық байланыстар, ынтымақтасты тереңдету қозғалды. Бірнеше құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің қатынастар өте жоғары деңгейде дамып жатыр. Нұрсұлтан Назарбаева айтпақшы, «эталондық қатынастар». Менің міндетім Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты диалогты нығайту жөніндегі стратегиялық бағдарды жалғастыру.

Сонымен бірге: – Келіссөздер барысында Қазақстанда қолданбалы ғылымдарға арналған бірлескен оқу орнын ашу мәселесі талқыланды, қазақстандық әртістердің Санкт-Петербургтегі Музыка Үйінде білім алуы және Қазақстанның Ұлттық мұражайында Эрмитаж күндерін өткізу мүмкіндіктері қарастырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Екінші аспект: РФ президенті Владимир Путин біздің елімізде АЭС салу ұсыныстарын айтты. Уран өндіріп, байытатын бірлескен 6 кәсіпорын барын еске салды.

Владимир ПУТИН, РФ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің елдер арасында бейбіт мақсаттағы атом саласында ынтымақтастық жақсы дамып келеді. Уран өндіру және байыту бойынша 6 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Өзара серіктестіктің жаңа кезеңіне көшуді ұсынамыз. Қазақстанда Ресей технологиясымен АЭС салу мүмкіндігі барын айтқым келеді.

Ақпан айында Ресейдің елшісі Алексей Бородавкин «Қазақстанның АЭС салу туралы шешімді тезірек қабылдауын» күтіп жүргендерін айтқан. Оны «Росатом» корпорациясы салады деп үміттенетіндерін қосқан. Елімізде АЭС салу туралы әңгіменің шыққанына 21 жыл. Ақтау, Курчатов, Балқаш маңы аталған. В.Путиннің ұсынысы жария болғаннан кейін еліміздің Энергетика министрлігі Атом электр стансасы құрылысына қатысты ел-жұртты алдын-ала алаңдамауға шақырды. «Алаңдауға негіз жоқ» деген мәлімдеме таратты. Қандай жағдайда да Қазақстан үшін неғұрлым оңтайлы және қолайлы технологиялар айқындалады, дейді. Ал бейсенбіде Сенат қабырғасында Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев Алматы қаласынан үш жүз шақырым жердегі Үлкен ауылында атом электр станциясы салынуы мүмкін, деді. Бірақ АЭС салып-салмау туралы нақты шешімнің жоқ екеніне тоқталды.

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бізде Атом электр станциясын соғу туралы шешім қабылданған жоқ. Мұндайда кез-келген сұрақ кезең кезеңімен қаралатыны белгілі ғой. Біз алдымен оны соғатын алаңдарды қарастырдық. Мәселен, Курчатов қаласы, Алматы облысы Балқаш маңындағы Үлкен ауылы. Десе де, бүгінгі күнге дейін әлі де атом электр станциясын салу туралы нақты шешім жоқ.

Дегенмен әлеуметтік желілерде белгілі саясаттанушылар, қоғам белсенділері, жалпы азаматтар АЭС салудың, оның ішінде ресейліктерге салғызудың қажеті жоқ, деп үзілді-кесілді қарсы болып жатыр. Мысалы, Досым Сәтпаевтың жазбасынан үзінді келтірсек:

 ... Логикаға елді газдандыру ісін жеделдету сыйымдырақ. Тіпті электр энергиясын да газдан алу керек... Қазақстанның табиғи газ қоры 3,3 трлн текше метр деп бағаланған. Потенциалды қор 6-8 трлн. Алайда өндірілген газдың басым бөлігі мұнай кеніштерінен шығатын ілеспе газ. Ол не кері айдалады, не экологияға орасан нұқсан келтіріп жағылады. Біздің үкімет АЭС салуды емес, осы газ саласында тәртіп орнатуды ойлауы керек. Газ өндірісі адамдар мен қоршаған ортаға зиянсыз экономиканың дамуына ықпал етеді!

Ал Шыңғыс Бауыржанұлы есімді азамат былай дейді:

...Біріншіден, мемлекет 5-10 млрд долларды қайдан алмақ? Ұлттық қордан? Зейнетақы қорынан? Сырттан пайыздық мөлшері үлкен қарыз ала ма? Не болса да, бәрін азаматтар төлейді. Екіншіден, мағынасы бар ма? Не үшін? Оның үстіне Қазақстан табиғи ресурстардан қиналып отырған ел емес. Және неге «Росатом»?.. Менің ойымша, жапон немесе корейлер он есе артық салады... Бұл жобаға орай тәуекел көп, артық ақша жоқ, қажеттілік те жоқ...

Меруерт Махмұтова есімді экономисттің пікірі мынадай:

... Болгария ресейлік АЭС саламын деген ойынан айныған кезде Ресей олардан 1 млрд еуро көлемінде өтемақы талап етіп, сотқа арыз түсірді... Экономикалық ынтымақтастық және даму Ұйымының Қазақстандағы энергетикалық субсидияларды бағалау бойынша жобасының консультанты болған кезімде басқа елдердің энергетикалық субсидияларын зерттегем. Күн және жел энергиялары дәстүрлі энергия көздерінен арзан... Оның үстіне бізде АЭС жұмысын қауіпсіз ете алатын мамандар жоқ. Фукусимадағы жарылыстан кейін Германия өзіндегі АЭС-тердің жартысын жабуға шешім шығарды. «Жасыл экономика» дейміз де АЭС салуды ойлаймыз. Логика қайда?