Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Алматыдағы арықтар қоқыстан тазаланбаған - ТЖД

AstanaTV
08.04.2019ж. 20:00
4498
Алматыдағы арықтар қоқыстан тазаланбаған - ТЖД

Алматыда да жауын-шашыннан кейін көшелер суға толып кетті. Төтеншеліктер бұған су ағатын арықтардың тазаланбауы себеп дейді. Сондай-ақ, кей көшелерде мұндай арықтар жеткізіліксіз деп отыр. Жалпы 59 учаскеде жауын суы көшедегі қозғалысқа қиындық келтірген. Айта кетейін, сенбі күні қалада толассыз жауын жауды. Бір күннің ішінде құтқарушыларға 400-ден аса қоңырау түскен.  

Толассыз жауын жауса болды ауладағы сумен алысатын Дана әбден шаршаған. Әкімдікке қанша шағымданса да проблемасы әлі шешілмей отыр. Әсіресе, сенбі жауған жаңбырдың салдарын айтып тауыса алар емес. Бұл жолы тек аула ғана емес, жайылған су үй ішіне де кіріпті.   

Дана СТАРИКОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жұмысқа жиналып, үйден шыққаным сол еді жауын суы аулаға жиналып қалыпты. Сыртқа шыға алмадым. Амалсыз осы қызыл суды ағызумен бір күнім зая кетті. Арық жасадық, бетонмен қоршадық, бірақ көмектеспейді. Қазір жертөле әлі су болып жатыр. Үй жиһаздары да құртылды. Не істерімізді білмейміз.

Дәл сол күнгі жауын-шашыннан кейінгі әр жердегі қала көрінісі әлеуметтік желіде тоқтаусыз жарияланды. Бейне түсірілімдерде көліктердің суға да, батпаққа да батып жатқаны, ағаштардың құлап, жаяу жүргіншілердің жолы су астында көрінбей қалғанын байқауға болады. Бір күнде құтқарушылар көмегіне 400-ден аса қоңырау түскен. Төтеншеліктер жағдайдың бұлай ушығуына арықтардың қоқыстан тазаланбауы себеп болды деп отыр.   

Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Себептердің бірі, су арнасының қоқыспен бітелуі немесе су ағызудың жеткіліксіздігі болып табылады. Сонымен қатар, тау өзендеріндегі мониторингі жоғары деңгейдегі суды ағызу кезіндегі судың құрамында елеулі ауытқулар жоқ екендігін көрсетті.

Жергілікті атқамінерлер де су ағар арықтардың қоқысқа толып қалғанын растады. Оған басты кінәлі тұрғындардың өздері дегенді алға тартады. Оның үстіне сенбі күні жауған жауын мөлшері нормадан тыс болып, қоқысқа толы арықтар жауын суын ағызып үлгермеді дейді. 

Александр СЕРГЕЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: 

Бір күнде жарты айлық мөлшердегі жауын жауды. Оған қаламыздағы арық жүйелері дайын емес. Сондықтан шыдамады. Оның үстіне қатты желге сынған бұтақтар мен тұрғындардың жауапсыз лақтырған қоқыстары су арналарын бітеп тастаған. Осының салдарынан судың тасуы, жайылуы орын алып отыр. Бірақ, құтқарушылар уақытында көмекке шығып, табиғаттың тосын мінезімен күресе білді.

Бүгінгі күні су басқан 59 учаскедегі жағдай қалыпқа келген. Әкімдік осы жылы арық қатарын көбейтуді жоспарлап отыр. Қосымша 40 шақырымдық су арнасы салынбақшы. Ол үшін жергілікті бюджеттен 3 миллион теңгеге жуық ақша қарастырылып отыр.  

О. Нұржақып