Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қандала улаймын деп екі адамды улады

AstanaTV
08.04.2019ж. 20:00
5995
Қандала улаймын деп екі адамды улады

Маңғыстау облысында дезинфекция жасайтын маманға қатысты сот процесі басталды. Ол Мұнайлы ауданындағы пәтерде жәндіктерге қарсы дәрі сеуіп кеткеннен кейін, бір әйел мен екі жасар бала қаза тапқан. Тергеушілер олардың уланғанын анықтады. Оқыс жағдай былтыр қараша айында болған еді. Данияр Қайыртай толықтырады.  

Екі адамның өліміне қатысты тергеу жұмыстары төрт айға созылды. Айыпталушы 25 жасар Ғалымжан Жайлауов қандаланы «Квикфол» аталатын дәрімен улаған. Енді санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін сотталып отыр. Алайда, өзінің айтуынша, айып тапсырысты қабылдаушы «Таракан нет» атты серіктестіктен болып отыр. Компанияның бас офисі Алматыда орналасқан. 

Ғалымжан ЖАЙЛАУОВ, СОТТАЛУШЫ: 

Маған заявка жіберіп отырды, осылай базардан сатып ал деді, заявка жіберіп отырды, істеп отырдым мен. Ал тергеушілер маған айтады, өзі ойдан шығарып, өзі сондай қылып істеп, өзі мекеменің атын өтірік жамылып, жұмыс жасады деп отыр және тергеуші мені сотталды деп отыр. Мен бұрын сотталған емеспін, әкімшілік айыппұлға салынған емеспін.

Ол қандалаларды улап кеткеннен кейін Жаңылсын Сейсенғалиеваның келіні қайтыс болды. Оның сөзіне сенсек, пәтер ішінде дезинсекция жүргізілетіні туралы не үй иесі, не дәрілеуші адам тұрғындарды алдын ала ескертпеген. Ол күні бәрі де өзін жайсыз сезініп, ауруханадан бір-ақ шыққан. Дәрігерлер үйдің келінін құтқара алмапты. 

Жаңылсын СЕЙСЕНҒАЛИЕВА, МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Ойбай, далаға шығын, далаға шығын. Немеремді алып кетіп жатыр больницаға. Мені алып кетеді. Шал құлап қалды. Екі рет шал құлады. Сөйтіп, шал өліп қалады деп отырғанда, келінім сылқ түсті, тым жақсы аяғымен жүрген келінім. Жұмысқа барайын деп жатыр еді таңертең. Жазасын тартсын, улаған да, у сатқан да, улатқан да. Үшеуі де жазасын тартсын.

Ал, айыпталушыға анасы жақтасып отыр. Қазадан бір апта бұрын дәл сол пәтерде басқа компания дезинсекция жасаған. 

Айнаш МҰҚАНОВА, АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ АНАСЫ: 

Адам өлімі болғаннан кейін 25-ші квартираның есігін ашқан кезде, үйдің дымоходтары, есіктері бәрі скотчтаулы, бәрі жабық болған. Бірақ ортада чашка тұрған солай. Оған дейін екі апта бұрын «Фас» деген басқа фирма улап, серный чашка қойып кетеді. Бірақ ешқандай еш жерді жаппаған.

Егер, сотталушының кінәсі дәлелденсе 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Алайда, оның туыстары істі тиянақты қарау үшін Бас прокуратураға арызданбақшы. 

Д. Қайыртай