Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда АЭС салу туралы нақты шешім жоқ - Қ.Бозымбаев

AstanaTV
09.04.2019ж. 20:00
2613
Қазақстанда АЭС салу туралы нақты шешім жоқ - Қ.Бозымбаев

Қазақстанда АЭС құрылысы туралы нақты шешім жоқ, бірақ мәселе соңғы жеті жылдан бері зерттеліп келеді. Бұл туралы энергетика Министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Айта кетелік, Қазақстан мен Ресей басшыларының Мәскеудегі кездесуінде Владимир Путин елімізде ресейлік технологиямен атом электр стансасын салуды ұсынған еді. Қазақстанның энергетика министрлігі бұл құрылыс үшін Алматы облысының Үлкен аулынан арнайы жер телімін де бөлген еді. Енді бүгін Бозымбаевтың сөзінше, жаңа стансаның техникалық-экономикалық негіздемесінің бір бөлігі жасақталып, бес елдің салалық компаниясына хат жіберіліпті. Оның ішінде «Росатом» да бар. Бұл жобаға АҚШ, Франция, Корея, Қытай мен Ресей ат салысып, қолданылар технология мен коммерциялық және экономикалық параметрлеріне өзгерістер енгізуі мүмкін. Бұл нақты есептеу жүргізу үшін қажет дейді министр. 

Қанат Бозымбаев, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ: 

Әзірге ешқандай шешім жоқ. 2030 жылға таман елімізде электр қуатының тапшылығы байқалады. Өйткені, жыл сайын қуатты тұтыну көлемі көбейіп келеді. Сондықтан, осы уақытқа дейін қуат көзін арттыру керек. Егер, үкімет АЭС құрылысы туралы нақты шешім қабылдаса, бұл ашық түрде жария етіледі. Бұл үшін елімізде қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, шешім содан кейін ғана қабылданады.

Бозымбаев АЭС құрылысымен бірге басқа жобалар да қарастырылып жатқанын жеткізді. Мысалы, Шымкентте ірі бу-газды қондырғысы бой көтеріп, жаңа су электр стансалары салынуы мүмкін. Сонымен қатар алматылық екінші жылу қуат орталығын да газға көшіру жоспарланған. Осы арқылы қажетті электр қуаты көбейеді. Бұған дейін Президент телерадиокешеніне берген сұхбатында энергетика Министрі жаңа атом құрылысына қатысты таластың Семей ядролық полигонынан қалған үреймен байланыстырған еді. 

Е. Карин