Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматы облысындағы су қоймасында уланған балықтар шығынын «Алматы су» мекемесі өз мойнына алады - «Алматы Су»

AstanaTV
11.04.2019ж. 20:00
4316
Алматы облысындағы су қоймасында уланған балықтар шығынын «Алматы су» мекемесі өз мойнына алады - «Алматы Су»

Алматы облысындағы қырылған балықтардың шығынын «Алматы су» мекемесі өтейтін болды. Бұл туралы бүгін мекеме өкілдері айтты. Өткен сенбіде су қоймасындағы балық шаруашылығында төтенше жағдай тіркелген. Кәріз құбырларының бірі жарылып, лас су айналаға жайылды. Қазірдің өзінде 2 тонна балық өлексесі жиналды. Әріптесім Олжас Нұржақып оқиға орнында болып, жағдайымен танысып қайтты. 

Бұл су қоймасы 80-ші жылдардың аяғында балық шаруашылығын дамыту үшін салынған. Мұнда шамамен 20-дан аса осындай шағын бассейн бар. Онда аналық балықтың 6 түрі өсіріледі. Бірақ, сол еңбек бір-ақ күнде тас талқан болды, дейді шаруашылық қожайыны.  

Тахир ХАМРАЕВ, СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Өздеріңіз көргендей тура көл үстінен қалалық кәріз құбыры өтеді. Сенбі күні төтенше жағдайға тап болдық. Салдарынан лас су бассейнге жайылып, балықтарымыз қырылып қалды. Қазірдің өзінде 2 тонна өлген балық жиналды. Жарылған құбырда бітелді. Көлге таза су жіберілді. Енді қалған балықтарды аман алып қалуға барымызды салып отырмыз. Оның үстіне шығын көлемі мен экологиялық тексеріс аяқталғанша біраз уақыт күтуге тура келеді.

Оқиға орнында жергілікті атқамінерлерден бастап облыстық экологтарда жүр. Олар судың тазалығын тексеріп, өзге бассейндерге лас судың жайылмауын қадағалауда. Жиналған өлекселер арнайы орындарға жеткізіліп, өртелген. Бірақ, су бетіне балықтар әлі қалқып шығып жатыр.   

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Кәріз суының салдары су қоймасының көрінісін қалпына келтіре қоймаған. Мұндағы мамандар күнделікті сүзу жұмыстарын жүргіземіз дегенімен, уланған балықтар көл бетіне әлі де қалқып шығуда.

Ал, «Алматы Су» мекемесінде төтенше жағдайды құбырлардың ескіруімен байланыстырып отыр. Сондықтан барлық шығынды өтеуге уәде етті.   

Серік ШАҒЫРОВ, «АЛМАТЫ СУ» МКМ РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Бұл құбырлар 70-ші жылдары жүргізілген. Жарамдылық мерзімі 40-50 жыл. Демек, уақыты келді деген сөз. Салдарынан осындай келеңсіз жағдай орын алып отыр. Әрине, біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Заң аясында тексеру қорытындысына сай өтемақы беріледі. Қазір көнерген құбыр уақытша жамалды. Алда толықтай жаңартатын боламыз.

200 метрлік аумақты құрайтын оқиға орнында мамандар әлі де жұмысын жалғастыруда. Дейтұрғанымен соңғы шешім экологтар тарапынан болмақ. Олар судың құрамын зерттеп, улы қалдықтан тазартылғанын анықтап айтуы тиіс.  

О. Нұржақып