Биыл елімізде кітап қоры қазақ тіліне аударылған тағы 30 әлемдік жауһар туындылармен толықпақ. Сондай-ақ, Біріккен ұлттар ұйымының негізгі алты тіліне қазақ ақын-жазушыларының шығармалары тәржімаланады. Бүгін Ақордада Президент жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерін қарады. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жетекшілігімен өткен отырыста «Рухани жаңғыруды» әрі қарай іске асыру жұмысын жандандыру қажеттігі айрықша атап өтіліп, бірқатар тапсырмалар берілді. Бұған дейін бағдарлама аясында шет тілдерден 48 үздік оқулық қазақ тіліне аударылған. Киелі Қазақстан жобасы бойынша 28 тарихи нысанға реставрация жасалды, «Бозоқ», «Ботай», «Сарайшық» қорық-музейлері ашылды. Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бекітілді. «Туған» жер жобасы аясында меценаттар қаражатымен 27 мектеп, 115 балабақша, 479 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынды.
А. Сейфулла