$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тоқтар Әубәкіровтың үйінде: 12 сәуір - Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні

AstanaTV
12.04.2019ж. 20:00
7953
Тоқтар Әубәкіровтың үйінде: 12 сәуір - Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні

Бүгін 12 сәуір халықарылық авиация және ғарышкерлер күні. Ғарышқа үш бірдей батырын ұшырған қазақ халқы үшін бұл мерекенің орны бөлек. 1991 жылы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр айлағынан ғарышқа аттанды. Одан кейін Талғат Мұсабаев, 2015 жылы Айдын Аймбетов космосты бағындырды. Тілшіміз бүгін Халық қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлын мерекесімен құттықтап қайтты. 

12 сәуір - Тоқтар Әубәкіровтың үйінде ашық есік күні. Кең залға дастархан жайылады, таңнан кешке дейін қонақжай шаңырақтан кісі үзілмейді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жұрт құттықтап келеді. Жылдағы дәстүр биыл да үзілген жоқ.

Кеңес АРЫСТАНОВ, ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ:

12 апрель күні космонавтика күні келеміз. Сосын туған күнінде келеміз, июль айында. Сосын екінші қазан космосқа ұшқан күні келеміз. Мен бұ кісінің ерлігіне таңқалам. Үш жүз адамдай келіп кетті. Сағат 6-дан кейін қайтадан сондай адам келеді. Бұл - қазақ халқының сүйіспеншілігі.

Тоқтар Әубәкіров ғарышты бағындырған соң баласының есімін ырымдап Тоқтар деп қоюшылар көбейді. Ал бүгін батырдың үйіне қонақққа 1991 жылы 3 қазанда туған «Тоқтар Әубәкіров» келді. Бірнеше жыл сырттан білетін жігітті көргеніне үлкен Әубәкіров те қуанып қалды.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ , ЖАС РЕЖИССЕР:

Пошта қызметіндегілер де үйге зат әкелгенде Ғарышкердің үйіне бара жатырмыз деп ойлап қалады. Жыл сайын ағамызға телефон соғып мерекемен құттықтап тұрамын. Бүгін қонаққа шақырды.

Бүгін Халық қаһарманының үйіне Айдын Аймбетов те арнайы соғып кетіпті. Түстен кейін авиация саласының майталмандары, жазушылар, қоғам қайраткерлері келді. 12 сәуірді ғана емес, Тоқтар Әубәкіров ғарышты бағындырған 2 қазанды арнайы мереке деп жарияласақ та артық емес дейді олар.

Алсай ЖҰМАНОВ, АВИАЦИЯ ГЕНЕРАЛ-МАЙОРЫ:

Бұл кісі Қазақстанның әскери әуе күштерінің іргетасын қалады десем ешкімнің дауы жоқ шығар. Сонау 1992 жылдан бастап қазақстандық ұшқыштардың бәрін жинады. Қаншама жігіттерді қазақстанға әкеп, қаншама ұшқыштарды көтерді. Ұшқыш дайындау саласында белсенді жұмыс істеді.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшпай тұрып-ақ сынақшы ұшқыш болғанда батыр атағын алып үлгерді. Халық оны мойындады. Ал дәл қазір Астананың ортасындағы мына үш аю Тоқтар ағамыздың бейнелі түрде өзін, екі ұлын білдіреді. Мына тұрғын үй де қазір «Үш аю» деп халық арасында аталып кеткен. Жыл сайын 12 сәуірде осы үш аюдан қонақ үзілмейді. Барлығы халық батырын, қаһарманды құттықтауға кешке дейін осы үйге келеді.

А. Сейфулла