Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Үлкен ауылының үлкендері АЭС салынса дейді

AstanaTV
13.04.2019ж. 20:00
4614
Үлкен ауылының үлкендері АЭС салынса дейді

Елімізде АЭС салу туралы нақты шешім жоқ, бірақ мәселе соңғы жеті жылдан бері зерттеліп келеді - Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың сейсенбіде айтқаны. Өткен аптада Қазақстан мен Ресей басшыларының Мәскеудегі кездесуінде Владимир Путин елімізде ресейлік технологиямен атом электр стансасын салуды ұсынғаны мәлім. Артынша еліміздің Энергетика министрінің орынбасары АЭС Алматы облысының Үлкен аулының маңында салынуы мүмкін деп, бірақ салып-салмау туралы нақты шешім қабылданбағанын айтқан. Енді министр Қ. Бозымбаевтың сөзінше, жаңа стансаның техникалық-экономикалық негіздемесінің бір бөлігі жасақталып, бес елдің салалық компаниясына хат жіберіліпті. Оның ішінде «Росатом» да бар. Қанат Бозымбаев комментарийін былай деп аяқтады: Әзірге ешқандай шешім жоқ. Дегенмен 2030 жылға таман елімізде электр қуатының тапшылығы байқалады... Егер үкімет АЭС құрылысы туралы нақты шешім қабылдаса, ашық түрде жария етіледі. Бұл үшін елімізде қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, шешім содан кейін ғана қабылданады. Өткен аптада біз бірнеше пікір бергенбіз – «Қазақстан табиғи ресурстардан қиналып отырған ел емес», «Бізде АЭС жұмысын қауіпсіз ете алатын мамандар жоқ. Фукусимадағы жарылыстан кейін Германия өзіндегі АЭС-тердің жартысын жабуға шешім шығарды. «Жасыл экономика» дейміз де АЭС салуды ойлаймыз. Логика қайда?» деген сияқты.Біздің тілшілеріміз Алматы облысы Үлкен ауылына барып қайтты. Үлкен ауылының үлкендері АЭС салынғанын қалайды екен. Осы қазір адам сияқты өмір сүру тілегін ешкім жоққа шығара алмайды. Бейнелеп айтқанда, үңірейген терезелерге әйнек салынып, әр шаңырақта қазан бүлкілдеп қайнап жатса деген. Дегенмен... Олжас Нұржақыптың арнайы репортажы.  

Қала типінде салынған шағын ауыл. 5 және 9 қабатты тұрғын үйлер. Үлкен ауылының ерекшелігі мұнда бірде-бір жер үй жоқ. Тек аудан орталығынан шалғайда орналасқаны болмаса.

Болаттай РАҚЫМОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҮЛКЕН АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мұның тарихи аты Үлкен Ақтүбек. Мынау түбек қой, жан-жағының бәрі Балқаш. 25 мың халыққа арналған. Қазіргі действующий ықшам аудан мынау ғана. Мыналар салынған жоқ. Мына жаққа туризм. 13-ші жылы генплан жасалған. Міне мынау Балқаш ЖЭС-тің орны.

Ауыл Алматы облысының Жамбыл ауданына қарайды. Орталықтан 400 шақырымдай қашықта жатыр. Негізінен 1986-шы жылы салынған ауылға қоныстанған халықтың басым бөлігі алып құрылыс алаңында жұмыс істеуге келгендер. Сол арман жетегінде үміт үзбегендері қазір зейнет жасында. Ал балабақша, мейрамхана сынды бірқатар ғимараттың құрылысы бітпеген күйі тұр.

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ:

Сексенінші жылдардың аяғында тіршілігі қайнаған ауылдың мына көп қабатты тұрғын үйлері он мыңға жуық халықпен толыққан. Алғашында атом электрстансасы, кейіннен жылу электр стансасы салынады деп жоспарланғандықтан, көшіп келген халықтың басым бөлігі электр мамандары, құрылысшылар мен өзге де сала иелері еді. Бірақ арман аяқсыз қалды. Салдарынан сол кезде түскен көп қабатты үйлердің жартысынан көбі қаңырап тұр.

Кезінде үлкен үміт артқан Үлкен ауылында бүгінде тек 2 мыңға жуық тұрғын қалған. Зейнет жасындағы Рақымбай ақсақал елдегі тоқырау кезеңінде - жұмыс жоқ, күн көріс төмен уақытта осы ауылға нәсіп іздеп келген. Енді өзім болмасам да бала-шаға, немерелерім армандарына жетсе деп тілейді.

Рақымбай ҮКІБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҮЛКЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алғаш құрылыс жүреді дегенде 50 жаста едім. Айлық болмай, күн көре алмай қалғандықтан осы жерде жұмысқа орналасармыз деп көшіп келдік. Әлі де болсын ойлаймыз, жаңағы электр станса салынса халыққа, күллі Қазақстанға артық энергияны шетелге сатуға болады. Энергия ешуақытта артық болмаған. Қазір айтып отыр бізде энергия жетеді деп. Қазір бұрын соғылған стансалардың бәрі ескіріп жатыр. 30-40-50 жылдай болды. Олар тозбай ма. Сондықтан болғанын тілейміз. Халықтың атынан айтамын.

Иә ауыл тұрғындарының көпшілігі әлі күнге сол құрылыстың қайта жанданғанын қалайды. Өйткені мұнда жұмыс тапшы. Балық шаруашылығы бар. Алайда қыста балық зауыттары жабылады. Тек 80-ге жуық жан ауыл жанындағы шағын стансада қызмет етеді. «Келіншек болып келіп, кемпір болдым» деген Любовь Каирова да ендігі жақсылық ұрпақтарға жасалса деп отыр.

Любовь КАИРОВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҮЛКЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

86 шы жылдан бері осындамыз. Әлі күнге құрылыс жүргізіледі дейді, бірақ сөз жүзінде қалып келеді. Мен көп қабатты тұрғын үйлердің ең алғашқысы түскенде көшіп келгенмін. Содан бері осындамын. Бұл жерде балықтан басқа жұмыс жоқ. Сондықтан халықтың күтіп отырғаны өз саласының маманы болу. Бізге болмаса да бала-шағамызға жұмыс орны болса, ендігі жақсылықты солар көрсе дейміз.

Бір қызығы сол салынған үйлердің бәрі жекелікте. 20 жылдан бері осы ауылдың әкімі болып отырған Болаттай Рақымов көркейту жұмыстары қолға алынса кеткен азаматтар қайта келетініне сенімді. Тіпті болашақта ауылға тиіп жатқан көл жағасы туристік аймаққа айналуы мүмкін, дейді. Бүгінде бұл нысандардың бәрінде кәріз жүйелері жөнделген, электржылытқыштарына қосылған. Тек сілкінтетін үлкен бір шаруа жетпей тұр.

Болаттай РАҚЫМОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҮЛКЕН АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

25 үй салынды. 90-шы жылдары союз тарқаған кезде құрылыс тоқтап қалды. Содан кейін 96-шы жылы Атом электростанциясын салмақшы болды. 2000-шы жылдары ол тоқтап қалды. Алғаш келген адамдардың бәрі зейнетке кетті. Қазір солардың балалары, немерелері. Мына бос тұрған үйдің бәрі жекеменшікке аударып алған. Бәрі балықшы емес қой. Көпшілігі сыртта жұмыс істейді. Бұл жерге құрылысшылар келген ғой кезінде. Энергетиктер. Бұл жердің халқы соған дайын деуге болады.

 АЭС салынса деп кесіп айтатын Үлкен ауылының тұрғындарын түсінсе де, оның қажеттігіне күмәнмен қарайтындар елімізде көп. Атом электр станциясы керек пе, жоқ па дегенді қоғам қалай талқылап жатқанын білетін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев комментарийді абайлап берді. Росатом ғана емес, түрлі варианттар қарастырылып жатқанын айтты. Бірақ электр қуатының тапшылығы туады деп, АЭС салу идеясының өлмегенін білдірді.Ал Ұлттық экономика министрі бүйдейді:

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Үш мәселе әлі толық қаралады. Оның қауіпсіздігі, яғни, жаңа жасалған реакторлардың жұмыс жүйесі. Одан кейін энергия қажеттілігі. Қазір қандай мөлшерде, 10-20 жылда қалай болады. Қуат көзі жеткілікті ме, жоқ па деген сұрақ төңірегінде. Үшіншісі – тариф бағасы. Егер қымбат болса станса салуға қаншалықты қажеттілік бар. Міне осы мәселелер толық комиссия сүзгісінен өтеді.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Жалпы айтылып жатқан әңгіме. Оны міндетті түрде шешім қабылданып жатқан жағдайда біздің қолданыстағы заңдарға сәйкес халықтың бұқаралық тыңдауы өтеді. Шешім қабылданады. Оның өзінің әрқайсысының тәртібі бар, кезеңдері бар, мерзімдері бар. Сол мерзімдерден оның бәрі өтіледі. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданады.

Дей тұрғанымен жаңа айттық, ел ішінде бұл жаңалыққа қатты қарсы болып жатқандар бар. Және сауатты адамдар.

Расул ДОСМАМБЕТОВ, ЭКОНОМИСТ:

Менің ойымша Атом электр стансасы басқа қуат көздерінен қымбат болады. Яғни, салынып жатса не тариф бағасы жоғары болады немесе оның өтелу мерзімі өте ұзақ уақытқа созылады. Оның үстіне бізде қазір қуат көзіне тапшылық мүлде жоқ. Мүмкін үлкен қалаларда электр энергиясына тәуелді пойыздар жүріп жатса, Қытайдағыдай 400-500 шақырымдық аралықтарды жалғап, сол кезде энергия керек деп айтар едік. Ал қазір ондай емес қой. Сол себепті мен стансаның салынуы мүлде керек емес деп ойлаймын.

Кейбір сарапшылардың пікіріне сүйенсек, көтерілген мәселе бұл жолы да сөз жүзінде қалуы мүмкін. Мүмкін 5 жыл, мүмкін одан да көп. Сондықтан Үлкен ауылының жұмыс болса, жағдайымыз түзелсе деген ниетін жақсы түсінгенімен, жалпы жұртшылық АЭС тұрғызуға аса пейілді емес. Расында, ЭКСПО өткізуге өршеленіп, «жасыл экономика» деп айдар тағып ұтып аламыз. Одан бар сән-салтанатымен өте көп қаржы құйып өткіземіз. Баламалы энергия көздерін небір әдемі роликтер арқылы насихаттаймыз. Ал осындай байсалды мәлімдемелер жасап алып, артынша атом электр стансасын саламыз деу қисынға келе ме? Парадокс деген осы болар, бәлкім.

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт»