Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Көкжайлау курортының жобасы кейінге шегерілді. Шегерілді?

AstanaTV
13.04.2019ж. 20:00
5778
Көкжайлау курортының жобасы кейінге шегерілді. Шегерілді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында «Көкжайлау» курортына байланысты былай деп жазды: «Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбек сарапшылардың бағалауы мен қала тұрғындарының пікірін зерттеп, зерделеу үшін «Көкжайлау» тау-шаңғы курортының жобасын кейінге шегеруді ұсынды. Менің ұсынысым бойынша қабылданған бұл шешімді қолдаймын. Мұндай маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайды». Ал 8 сәуірде өткен қоғамдық кеңес отырысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек «сарапшылар пікірін қарап, жаңа орын іздеп, жобаны дамыта түсу үшін» «Көкжайлау» курортының құрылысын кейінге шегеруді ұсынған. Көкжайлауға курорт салуға қарсы қоғамдық экологтардың шағымы бойынша сотта бес іс қаралып, прокуратураға жиырмадан астам арыз түскен. Олар Алматы әкімдігі былтыр күзде бастапқы жобаны қайта қарап, құрылыс аумағын 14 есе қысқартқанымен де келіспейді. «Таудың экологиялық жүйесіне үлкен зиян, нүкте» дейді. Ғайыптан пайда болған «үтір» туралы Ришат Асқарбекұлы.  

Алматыдан он шақырым жерде орналасқан Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасы 2002 жылы Елбасына ұсынылған. Бірақ 2012 жылдан бері ғана ол қызу талқылана бастады. Содан бері жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттары бірнеше рет дайындалып, бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Ашық ақпарат көздерінде жобаға 232 млн. АҚШ доллары қарастырылған деген мәліметтер жүр. 

Асхат АСЫЛБЕКОВ, САРАПШЫ, «ЭНЕРГЕТИКА» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Бірнеше сұрақ туып тұр. Бұрыннан бері шығын шықты, миллиардаған. Онда подстанция салынды. Жол салынып жатыр. Ол шығын. Кімнің рұқсатымен, кімнің бұйрығымен істелген. Қоғамдық тыңдау болғанда халық қарсы шықты. Интернетте 60 мың адам қол қойды. Бұл не деген сөз? Халықпен ақылдаспай істелді.   

17 жылдан бері шешімін таппаған оқиғаның хронологиясы мынадай:   

2002 жыл- "Бонита групп" компаниясы Нұрсұлтан Назарбаевқа Іле Алатауы аймағынан курорт салу жобасын ұсынды; 

2006 жыл- Президент мемлекеттің қатаң қорғауындағы жерлерді басқа категорияларға өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.  

2007 жыл- Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов "Көкжайлау" тау шаңғы курортын салуды қарастыратын жұмыс тобын құрды. 

2014 жыл- Қосалқы электр станциясы мен автомобиль жолы салына бастады.  

2017 жыл - Алматы әкімдігі кәріз желісін тартуға қаржы бөліп, құрылысты жалғастырды. 

2018 жылы қарашада кеңейтілген қоғамдық тыңдау өтіп, "Көкжайлау" курортының құрылыс аумағы 200 мың шаршы метрден 20 мың шаршы метрге дейін, ал шаңғы трассасы 64 шақырымнан 24 шақырымға дейін қысқарды. Шатқалда 22 мың ағаштың орнына 1200 түп ағаш кесілетін болып шешілді.  

Ал 2019 жылы 8 сәуірда Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек "Көкжайлау" курортының құрылысы уақытша тоқтағанын мәлімдеді.  

Қоғамның қарсылығына қарамастан, жобаның салынатыны екібастан белгілі деп келген әкімдік неліктен оны тоқтатуға мәжбүр болды? Мұны біреулер жеңіс деп бағалағанымен сан алуан болжамдар әлі де айтылып жатыр. Олардың қатарында сайлауға байланысты деген пікір, Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағынан 130 гектар жерді қалалық туризм басқармасына жалға беру процедурасына қоғамдық ұйымдардың наразылығы күшейе ме, деген қауіптің алдын алу сияқты пікірлер айтылады. Қазынадан қаралған 200 млн. АҚШ доллары табылмай жатыр деп топшылағандар да бар.  

Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:

Мен Көкжайлау курортының алғашқы жобасын көргенде аспанмен тірескен ғимараттар, жекеменшік котедждер, қонақ үйлердің макеттері болды. Ол жобаға өз қарсылығымды білдіргенмін. Бүгін біз оның мүлдем өзгерген түрін көріп отырмыз. Бұл ешқандай шенеуніктің немесе өзге де жеке тұлғалардың иелігінде емес, халықтың игілігі үшін жасалады.  

Бауыржан БАЙБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Меніңше асығудың қажеті жоқ. Яғни барлық сарапшылардың пікірлері ескерілсін дегім келеді. Сондықтан тағы да бұл жобаны тыңғылықты қарастырайық, қазірше оның құрылысын бастауды шегеруді ұсынамын. Оның үстіне қазір қолда бар курорттардың өзін дамытып, олардың инфрақұрылымын жаңартуға 3-5 жыл мерзім қажет болып тұр.  

Көкжайлау жобасының әрі қарайғы тағдыры туралы «Almaty Mountain Resort» компаниясының басшысы Наиль Нұровтан толыққанды ақпарат алмақ болдық. Тау шаңғы курортын салуға бекітілген бас оператор ақырында сұқбаттан бас тартты. Айта кету керек, экологтардың шағымы бойынша осы күнге дейін сотта бес іс қаралған. Прокуратураға жиырмадан астам арыз түскен. Олар тіпті Алматы әкімдігі былтыр күзде бастапқы жобаны қайта қарап, құрылыс аумағын 14 есе қысқартамыз дегенге де келіспей отыр.  

Асхат АСЫЛБЕКОВ, САРАПШЫ, «ЭНЕРГЕТИКА» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Алматының қасында 6 тау-шаңғы курорты бар. Шымбұлақ, Табаған, Лесная сказка, Ақбұлақ сияқты. Адамдар зерттеп қараса, онда толуы 20-30 пайыз, Ал Көкжайлауға жеке инвесторлар келіспеді. Себебі пайда түспейді. Демек мемлекеттің қаржысын құрту ма, сонда ойлары?   

Белгілі туризм маманы, шаңғы спортының шебері Владимир Вуколов қоғамдық тыңдауда Құмбел мен Көкжайлау аймағына құрылыс салуға болмайтынын айтудан танбадым дейді. Ол қазіргі таласқа түсіп жатқан аумақта 1975 жылы қар көшкіні болып, бірнеше адам опат болғанын еске алады.

Владимир ВУКОЛОВ, «ТҰРАН» ТУРИЗМ ҒЗИ ДИРЕКТОРЫ:

Өсімдік құрып кетеді, жан-жануарлар ауып кетеді, қаржы желге ұшып жатыр деген мәселелер қауіпсіздіктің жанында түкке де тұрмайды. Құмбел шатқалы тау-шаңғы курортын салуға болмайтын аймақ. Мен ол жерді 1970 жылдан бері білемін. Талай адамның мүрдесін қардан аршып алуға қатысқанмын. Қар көшкіні көтерілгенде 5 метр биіктікпен сырғанайды. Екіншіден сейсмикалық қауіп жоғары.  

Ылғи қарсы аргумент айтудан шаршамаған табиғат жанашырлары құрылыс кесірінен ондағы 811 өсімдік түрі мен 1700-ден астам жануарлар жойылып кетуі ықтимал деген еді. Іле Алатауы әлемде теңдесі жоқ жабайы өсімдіктердің орманы. Жабайы қызғалдақ пен алманың, оның ішінде Сиверс алмасының жалғыз мекені.   

Нұғман АРАЛБАЙ, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Қазір ғаламдық маңызға ие болған генофонд қой. Ол жабайы алма, оның баурайындағы қызғалдақ. Ол жерге адам нөпірі көбейген соң алма да, қызғалдақ та қалыпта болмайды. Көп елде жеміс ормандары деген ұғым жоқ. Ал бізде жеміс ормандары бар. Ол жерде жағдайды реттеп тұрған сол жабайы алмалар мен өрік. Ертең біз оны кесіп тастаймыз. Оның орнына қара ағаш па, шырғанақ па шығуы мүмкін. Бірақ ол бұрынғы рөлін атқармайды.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Дүние жүзінде осындай тұмса табиғатты тау-шаңғы курортына емес экологиялық туризмге айналдыру қолданылады. Алматы қаласының әкімдігі Көкжайлауға байланысты қарсылық туындағанда шетелдік сарапшыларды да шақырған. Франция мен Австриядан келген мамандар Іле Алатау бөктерімен жүріп өткен соң, тау шаңғы курортын Көкжайлауда емес Қаскелең аймағы мен Түргенде дамытуға кеңес берген.  

Қазір Қазнет-те де ең қызу талқыланып жатқан тақырыптың бірі осы - Көкжайлау. Жергілікті атқарушы билік сарапшыларды тыңдаймыз деген шешім қабылдады. Мамандарды бұрын неге тыңдамағай, табандап тұрып алғандарын түсіндіріп жатпады. Қала басшысы шаҺардың айналасындағы бұрыннан бар курорттардың инфрақұрлымын дамытамыз деп қысқа қайырды. Ендеше бұл тақырып күн тәртібіне қайта шығуы ғажап емес. Курорт мүлде салынбауы да кәдік, дейді экологтар. Біздің уақытта бәрі де мүмкін.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»