Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны азаймай тұр

AstanaTV
30.10.2017ж. 20:00
4800
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны азаймай тұр

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны азаймай тұр. Өткен жылы Астана қаласы бойынша жеткіншектердің қатысуымен 206 қылмыс тіркелген. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Ең сорақысы, қылмыстың басым көпшілігін жағдайы жақсы отбасынан шыққан балалар жасаған. Яғни 150-ге жуық әртүрлі құқық бұзушылыққа осындай бақуат жанұяда тәрбиеленген жасөспірімдердің қатысы бар екені анықталды. Балалар көбіне ұрлық, ақша бопсалау мен өзінен кішілерге әлімжеттік көрсету сипатындағы қылмыстарды жасаған.

Мұндай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында ерекше шара ұйымдастырылды. Елордадағы құқық қорғау органдары академиясының бастамасымен «қылмыстың алдын алу» бойынша тыңдалым өткізілді. Оған Астанадағы мектептерден іріктелген 25 оқушы қатысты.

Данара Базарова, Астана қаласы №69 мектеп-гимназия оқушысы:

Елімнің патриоты, қорғаушысы болсам деймін, сол себепті әскери оқуға барғым келеді. Кадет сыныбына оқып жүргеніме 1 жыл болды, 8-ші сыныптан бастап оқып келемін. 11-ші сыныпқа дейін оқып, өз арманым әскери болу, сол бойынша әрі қарай оқимын.

Алмат Байшолақов, Астана қаласы прокурорының орынбасары:

Өздеріңді қызықтырған сұрақтарды қойып, жауап алуға тырысыңдар. Құқық қорғау саласындағы бірнеше мамандықтармен де таныстыратын боламыз. Ал ерекше ынтасымен көзге түскен оқушылардың әрі қарай қандай мамандықты таңдайтынын бақылаймыз. Өзін жақсы жағынан көрсетсе, құқық қорғау органдарына жұмысқа да алуымыз мүмкін.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген шара үш кезеңге бөлінген. Оқу курсы аясында балаларға мамандық таңдау бойынша да пайдалы кеңестер беріледі. Ал «Менің мамандығым - заңтанушы» деп аталатын бөлім келесі жылы көктемде жалғасады. Құқық қорғау саласының жұмысына қызыққан балалар «бұл - мамандықтың қыр-сырын білудің тамаша мүмкіндігі» деп отыр.