Елімізде
әлеуметтік-экономикалық бірыңғай реестр жасалады. Оған аймақтардағы назар
аударуды қажет ететін әлеуметтік жобалар тіркелмек. Бұл мәселелерді шешуге
ниетті бизнес өкілдері де осы жерге тоғыстырылады.
Атырауда
өтіп жатқан «Асар» үшжақты серіктестік
форумында осы және өзге де жәйттер талқыланды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған шара әлеуметтік жобаларға белсенді қолдау білдіріп
жүрген жомарт жандарды насихаттауды да назардан тыс қалдырмайды.
Мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің және үкіметтік емес ұйымдардың басын қосқан "Aсар" форумының мақсаты - мемлекетке иек артпай, бизнес құрылымдармен ынтымақтастықта жұмыс істеуге баса мән беру. Яғни әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға бизнес иелерін тарту. Әрі осындай шараларға белсенді қолдау білдіріп жүрген кәсіпкерлер туралы көбірек ақпарат беру. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, бұл бағытта «Туған жер» жобасы қолға алынған.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:
«Туған жер» жобасының аясында «Атамекен» кіші бағдарламасы іске асып жатыр. Екі бөлімнен тұрады. Бір бөлігі - әлеуметтік бастамалар картасы - әрбір тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталса, кіші бағдарлама әлеуметтік іс-әрекеттерге белсенді қатысып жатқан, азаматтар туралы ақпарат беру.
Форумда бас қосқан тараптар арасында үшжақты ынтымақтастық бұрыннан бар. Тек оларды жүйелендіру керек. Жиында әлеуметтік- экономикалық реестр жасау ұсынылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақтарда қандай проблема бар екенін осы реестр арқылы біліп отыру көзделген. Форумның мақсаты -ынтымақтастық бағыттарды жүйелендіру, - дейді Атырау облысының әкімі.
Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:
Өзара қарым-қатынастың тиімділігін қалай арттырамыз, қандай кедергілер бар? Бұл істер кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, үкіметтік емес ұйымдарды қолдай отырып, азаматтық қоғамның дамуын қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер қазіргі таңда жүзеге асып келе жатыр. Қазіргі таңда осы істердің барлығын жүйелендіру қажеттілігі тұр. Бүгінгі форумның мақсаты сол.
Форум аясында Дін істері және
азаматтық қоғам министрлігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы серіктестік
келісіміне қол қойды. Шара
барысында 120 әлеуметтік жоба ұсынылған. Он жобаны қаржыландыруға бизнесмендер
қолдау білдірді. Қазақстандық кәсіпкерлер жобалармен "asar 2017.kz"
сайты арқылы таныса алады.