Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Таразда «Ауыл береке» базары жабылады дегенді естіген сатушылар шу көтерді

AstanaTV
30.10.2017ж. 20:00
3695
Таразда «Ауыл береке» базары жабылады дегенді естіген сатушылар шу көтерді

Таразда «Ауыл береке» базары жабылады дегенді естіген сатушылар шу көтерді. "Бізді жылы орнымыздан қуып жатыр" деген олар әкімдіктің әрекетіне наразы. Көкөніс сататын 29 гектар жерді атқамінерлер алып қоймақшы деген саудагерлер бұл орынды босатпаймыз дейді. Алайда, 600-ге жуық адамның базынасын атқамінерлер орынсыз деп отыр.

Тайлы-тұяғы қалмай жиналған саудагерлер тәртіп сақшыларын табанынан тік тұрғызды. Базар жабылмасын деген жұрт, 3 жыл бұрын қоныстанған орындарын бермейміз, десті. Айтуларынша, көкөніс сататын базардың бұл бөлігі еңсесін енді тіктеген тұста, әкімдік демалыс орнын саламыз деп шешкен көрінеді.

Гүлсара Ізбасарова, сатушы:

Бұрын қоқыс орны болған кезде ешкімге керек емес-тін. Қазір енді 2 жыл болдығ бәрін көтеріп, жақсы болғаннан кейін бұларға орын керек та енді.

Нұршай Үсенбекова, сатушы:

Бален жыл сауда жасап отырған халықтың орнын алып қоймақшы қалалық әкімшілік. 

Шу шыққан жерге жедел жеткен қала әкімі наразылық танытуға еш негіз жоқ деді. 29 гектар жердің демалыс орны үшін 2 жылға берілгенін, алайда ешбір нысан салынбағандықтан, қайта алынатынын айтты. Мақсатсыз пайдаланылған жердің мәселесін құзырлы орындар қарап, даулы іс ақыры әкімдіктің пайдасына шешілген.

Рүстем Дәулет, Тараз қаласының әкімі:

«Ауыл берекені» жабайын деп жатқан ешкім жоқ. Мына халықтың ішіне өстіп іріткі салған адамға жаза қолдану керек. Жалпы біз анархияға кетпеуіміз керек. Конституция бойынша сот шешімін сіз де, мен де орындауға міндеттіміз. Құр айғаймен өзгерте салады дегенді қойыңыздар.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Байбалам салған базар сатушылары сонда да бой бермеді. Олардың дүйсенбі күнгі демалысы даумен басталып, тараптар тату тараса алмады. Дегенмен соттың шешімі сорға жықты деген бұқара осы орындарында қалдыруды жалынып сұрады. Қала әкімі 600-ге жуық адамды құтты орындарында қалдырды. Бірақ ол жер мемлекет меншігіне өтіп,  келер жылы коммуналдық базар болатынын айтты.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ