Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Президенттікке үміткер ретінде «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылды

AstanaTV
23.04.2019ж. 20:00
3559
Президенттікке үміткер ретінде «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылды

«Nur Otan» партиясы атынан кезектен тыс Президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаев түседі. Үміткердің есімі бүгін партияның кезектен тыс ХІХ съезінде айтылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Тоқаевтың лайықты кандидат екенін ерекше атап өтті. Партия Төрағасы оның білімі, қызмет өтілі және мол тәжірибесіне сенім артады. Тәуелсіздік сарайынан Абай Сейфулла жалғастырады.   

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:   

Қасым-Жомарт Тоқаев! Иә, «Nur Otan» партиясының төрағасы мен партия мүшелері қазіргі Президенттің кандидатурасын лайық деп тапты. Оның халықаралық аренадағы абыройы бар саясаткер екенін алға тартты. Дағдарыс жағдайларында оң шешімдерге қадам басуға ықпал еткен стратег деп бағалады. Тоқаевтың кандидатурасына ешкім қарсылық білдірген жоқ.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі БҰҰ деңгейінде жоғары бағаланғанын білесіздер. Осы жаһандық құрылымда ол Бас Хатшының орынбасары ретінде қызмет етті. Дипломатиялық жетістіктермен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады. Ол ел дамуының ең күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге атсалысты. Тоқаевтың қатысуымен 90-жылдардың аяғы 2000-жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп ел экономикасын өркендетуге жол ашылды.

Елбасы өз сөзінде маусым айында жаңа сайланатын Президентке қолдау көрсетем деді. Ол Конституциялық Кеңестің, Партияның төрағасы ретінде қызметін жалғастырады. Ал «Nur Otan»-ның «Бақуатты қоғам: 10 жылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы аяқсыз қалмайды. Әлеуметтік саладағы шаруалар, «Құтты мекен», «Ауыл-ел бесігі» жобалары назарда болады.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

В рамках реализации партийных проектов «Бақытты Отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл - ел бесігі», «Халыққа көмек»... Бұл сөздер жай сөз болып қалмау керек. Партияның барлық ұйымдары жергілікті жерде осы белгіленген бағдарламаларды қолына алып, халықтың ішінде жұмыс істеп, нәтижеге жеткізуіміз керек.

Назарбаевқа өз кандидатурасын ұсыну туралы хаттар да толассыз келіп жатыр екен. Бірақ ол «Билікке жаңа буын келетін уақыт болды. Заман талабы солай», - деді. Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтан бір мүшел кіші. Қазіргі ынтымақтас ел басшыларымен замандас. Осы факторларды ескере келе, делегаттар да өз қолдауларын білдірді.  

Нұртөре ЖҮСІП, «АЙҚЫН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ: 

Съезд ұсынып отырған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елге өте танымал тұлға. Бәріміз жақсы білеміз. Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы. Аты әлемге мәшһүр. Қазақ мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне шынайы жанашыр жан.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:  

Партияның бүгінгі съезіне 1500 адам қатысты. Оның 623-і аймақтардан жиналған делегаттар. Съезде Президенттікке кандидат ұсынудан басқа мәселе қаралған жоқ. Енді сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кандидаттарды тіркеу аяқталғаннан кейін, яғни, 11 мамыр күні кешке басталады. 8 маусым түнгі сағат 12-де аяқталады. Ал сайлау күні - 9 маусым. Бүгін сағат сағат 21:30-да «Астана» телеарнасынан партияның кезектен тыс съезі толығымен көрсетіледі.

А. Сейфулла