Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қарағанды облысында сотталғандар орта мамандыққа оқытылады

AstanaTV
23.04.2019ж. 20:00
3820
Қарағанды облысында сотталғандар орта мамандыққа оқытылады

Қарағандыда сотталғандар «Тұрғын үй құрылысы» бағдарламасын жүзеге асыруға ат салысып жатыр. Олар темір тордың ар жағында отырып жаңа үйлердің сыртқы есіктерін құрастырады. Тіпті, әскери бөлімдерді жаңа жиһаздармен де қамтып отыр. Қорғаныс министрлігі жазасын өтеушілерге 43 млн теңгеге тапсырыс берген. Бұл жүз жиынтық бұйым деген сөз. Ондай мүмкіндікке «Оңалту абақтысы» жобасы іске қосылған мекемелер ғана қол жеткізді. Жаңа жоба жайында Айжан Қуаш тарқатып айтып береді.  

Алексей Маркидонов темір ұстасы. Бостандықта жүргенде зауытта жұмыс істеген. Абақтыда әлі 5 жылдай жазасын өтейтін ол электр, газ дәнекерлеуші мамандығын оқып еңбекке араласуды жөн санапты. Әрі өзін күтіп жүрген отбасына көмектескісі келген. Осылайша темір есік жасайтын цехта табыс тауып отыр. Жалақысы 40 мың теңгеден асады.  

Алексей МАРКИДОНОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ: 

Жалақыны келісім-шарт арқылы аламын. Жартысын балаларыма жіберемін, қалғанын сот талабы бойынша төлеймін. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. Мамандық бостандыққа шыққан соң да керек. Түрмеден шыққан соң осы салада жұмыс істеп, мүмкін өз ісімді ашсам ба деген ойым да бар.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Сотталғандар түзету мекемесінде жиһаз жасауды да үйренген. Мәселен, мына шкаф осындағы цехта құрастырылған. Енді бұл жиһаздар қорғаныс министрлігінің барлық әскери бөлімшелеріне жіберілетін болады.

Абақты басшыларының айтуынша, түрмеден шыққан тауарларға сұраныс бар. Өйткені, сапалы, әрі бағасы арзан. Сондықтан сотталғандар арасында түрмеден шыққан соң өз ісін дөңгелеткісі келетіндер көп. Есірткі саудасы үшін әлі бірнеше жыл қамауда отыратын Александр да шыққан соң кәсіпкер болуды армандайды. Ол ағаш ұстасы мамандығын оқып, жиһаз цехына жұмысқа орналасқан. Қазір кеңсе бұйымдарын құрастырады.   

Александр МАРТЫНКО, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ: 

Жұмыс, ол бәрін ұмыттырады. Өзімді күтіп жүрген балам мен отбасым үшін тырысамын. Ең бастысы тезірек босап шықсам арықарай жеке кәсіп ашар едім. Кәсіпкерлер палатасы біз секілді адамдарға грант бөледі,- деп естідім. Олардан да көмек алар едім.

Сотталғандарға үміт сыйлаған «Оңалту абақтысы» жобасы. Қарағанды облысының екі- ақ түзету мекемесінде қолға алынған жаңа бағдарлама аяғын шалыс басқан азаматтарды түрмеден шыққан соң қоғамға бейімдеуді көздейді. Сауатсыздарға хат танытады, кейін орта мамандыққа үйрететін 3 айлық курстарды оқытады. Осылайша бірнеше оқы орны түрмеде жылында 120-дай ағаш ұстасы мен дәнекерлеуші, бұрғышы, тіпті, аспазшы секілді мамандар даярлайды.  

Жанэтта ҚАЛМҰРАТОВА, АК159/18 ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІ СОТТАЛҒАНДАР ЕҢБЕГІН ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІІНҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: 

Осы кәсіптік білім алуға сотталғандардың өте көп ынтасы бар, өйткені олар бостандыққа шыққанда мамандығы болғанын қалайды. Сол үшін талпыныстары өте жоғары. Қазіргі таңда мекемеде жеке кәсіпкерліктер ашылуда. Соған байланысты жиһаз құрастырушы, электросварщиктер бізге керек. сол мамандықтарға оқытып сол бойынша жұмысқа орналастырамыз.

«Оңалту абақтысы» сотталғандардың түрмеден шыққан соң да жұмыспен қамтылуын көздейді. Сондықтан жобаны қылмыстық атқару жүйесі, әлеуметтік қолдау мекемесі мен кәсіпкерлер бірлесе жүзеге асыруы тиіс. Тіпті, темір тордың ар жағында бизнес ашқандарға грант беру жағы да қарастырылмақ. Бұған дейін бір мекемеде қоян шаруашылығы ашылса, енді былғары мен баспа өндірісінің жобасы жасалған. Оларды да сотталғандар іске асырады.    

А. Қуаш