Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Атырауда жүн өңдеу фабрикасының жұмысы тұралап тұр

AstanaTV
24.04.2019ж. 20:00
9831
Атырауда жүн өңдеу фабрикасының жұмысы тұралап тұр

Атырауда индустриаландыру бағдарламасы аясында ашылған жүн өңдеу фабрикасының жұмысы тоқырап тұр. Жылына 500 тонна жүн өңдеп, одан дайын өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорынның қуаттылығы қазір 30 пайыздан аспайды. 10 шақты адам ғана жұмыс істеп отыр. Фабрика басшылығы шикізат жоқ дейді. Яғни, жүн жоқ. Ал құрылысқа қаржы бөлген корпорация кәсіпорын басшылығы сылбыр дегенді айтады. Базаргүл Нәдірқызы мәселе мәнісін біліп қайтты.   

Бұл фабриканың ел аумағында баламасы жоқ. Қой мен түйе жүнін жуып, түбітінен жіп иіріп, көрпе мен жамылғы тігеді. 3 жыл бұрын индустриаландыру бағдарламасы аясында іске қосылған. Жылына 200 мың табиғи көрпені нарыққа жіберуді жоспарлаған. Алайда қазір кәсіпорын азды-көпті тапсырысқа жұмыс істеп отыр. Зауыттағы қондырғылар тоқтап тұр. Фабрика басшылығының айтуынша, басты проблема - шикізат жоқ. Яғни, жүн тапсырушылар аз.  

Назгүл ЕСМАХАНОВА, «СASPIY LANA ATYRAU» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Елімізде бұл салада көлеңкелі бизнес бар. Яғни, шаруа қожалықтары жинаған жүн заңсыз өзге елге кетеді, көпшілігі әрине, Қытайға. Өйткені оларға бұл қолайлы. Егер жүнді маған сатса, мен сату-сатып алу келісім-шартын жасаймын. Жүннің санитарлық талапқа сай құжатын талап етемін. Әрі мен қолма қол ақша бермеймін. Сондықтан көп шаруалар қытайлықтар жинайтын делдалдарға қолма қол ақшаға, еш құжатсыз сатып жібергенді жөн көреді.

Бұдан бөлек дайын өнімді өткізу де - өзекті, дейді фабрика директоры. Әу баста мемлекеттік мекемелерден тапсырыс болады деп жоспарланған еді, алайда олар да өзге елдің арзан тауарын жөн көреді - дейді ол. Фабрика 2015 жылы ашылған. Оған 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған еді. Оның жартысы жергілікті әлеуемттік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиге берілген. Мәселеге қанық корпорация кәсіпорында менежджмент жұмысы жолға қойылмаған,- деп отыр.   

Данияр ТАХАНОВ, «АТЫРАУ» ӘКК ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Шикізат бар. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен көршілес облыстарға барып, жүнді осы фабрикаға тапсыруды ұйымдастыру туралы алдын ала келіссөз жүргізілді. Бірақ шикізатты жинау дұрыс ұйымдастырылмай отыр. Бұл жерде басты мәселе - менеджментте. Қазір кәсіпорын көбіне тоқтап тұр. Тіпті, банкротқа ұшырауы да мүмкін. Бірақ егер дұрыс менеджмент болса, әлеуметтік корпорация фабриканы оңалтуға көмектесуге дайын. Өйткені тауарға сұраныс бар.

Тахановтың айтуынша, кәсіпорын қарызды 2017 жылдан бастап қайтаруы тиіс болған. Алайда әлі бір де бір төлем жүргізілмепті. Бастапты қарыздан бөлек өсімнің өзі 88 млн теңгеге жеткен. Айта кетейік, жүн өңдеу фабрикасы былтыр республикалық «Алтын сапа» конкурсында «Ең үздік тауар» атанған. 

Б. Нәдірқызы