Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Г. Головкин А. Санчеспен қош айтысты

AstanaTV
25.04.2019ж. 20:00
2684
Г. Головкин А. Санчеспен қош айтысты

Геннадий Головкин бас бапкері Абель Санчеспен қош айтысты. Күтпеген жаңалықты экс-чемпион «Инстаграм» парақшасында жариялады.   

«Мансабым мен өзім үшін маңызды шешім қабылдадым. Мен енді Абель Санчеспен жаттықпаймын. Әрі қарай шеберлігімді шыңдап, биік белестерді бағындырғым келеді. Сондықтан мексикалық бапкермен әріптестікті үзуге бел байладым. Бұл оңай шешім болған жоқ. Әрі оның Абель Санчестің біліктілігіне ешқандай қатысы жоқ. Ол тамаша, адал бапкер. Жаңа жаттықтырушыны кейінірек хабарлаймын. Ал әзірге бокста үйреткен сабақтары үшін Абельге алғыс айтқым келеді».  

Алайда, мексикалық бапкер әлеуметтік желіде экс-чемпионды «ақшаға құмар, сараң» деп айыптап жатыр. Айтуынша, Головкин оның жалақысын бес есе азайтқысы келген. Сондықтан ол келісім-шарттан бас тартуға мәжбүр болдым, дейді. Айта кетейік, Головкин мен мексикалық бапкер 9 жыл бірге жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында ол төрт бірдей чемпиондық белбеу тағынды. Бірақ отандасымыз былтыр Сауль Альвареске ұтылып, барлық атақтарынан айрылып қалған еді. Қазір GGG канадалық Стив Роллспен өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр. Кездесу маусымның сегізіне белгіленген. 

А. Бектас