Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Денсаулық туралы» кодекс жобасы қабылданса, мемлекет $100 млн салықсыз қалады-И.Копайлов

AstanaTV
25.04.2019ж. 20:00
4352
«Денсаулық туралы» кодекс жобасы қабылданса, мемлекет $100 млн салықсыз қалады-И.Копайлов

Қазақстанда мейрамхана қожайындары шылым шегуге арналған оқшау орындарға тыйым салуды көздейтін кодекс жобасына қарсы. Оларды қонақ үй мен әуежай өкілдері де қолдап отыр. Айтуларынша, жаңа кодексті әзірлеушілер халықтың 30 пайыздан астамының құқығын бұзып отыр. Елде осынша адам темекі шегеді. Сондай-ақ, бұл шектеу кәсіпкерлердің мемлекетке сенімін әлсіретеді дейді. Қазір Қазақстанда 39 600 ресторан және қонақүй бизнесі бар. Егер жаңа кодекс қабылданса, олар 1 млрд доллар шамасында кірістен, ал мемлекет 100 млн долларға дейін салықтан айрылады деп отыр.  

Игорь КОПАЙЛОВ, «HORECA ҚАЗАҚСТАН» МЕЙРАМХАНА-ҚОНАҚ ҮЙ БИЗНЕСІ КӘСІПОРЫНДАРЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Денсаулық сақтау министрлігінің осындай түзетулер енгізу туралы ойы қисынсыз деп түсінемін. Қазір Алматыда 200-ге жуық тамақтану орнында шылым шегуге арналған бөлме бар. Әрқайсысы оны жабдықтау үшін 3 млн-ға тарта қаржы жұмсаған. Кейбір кәсіпкерлер тіпті несие алыпты. Сонда олардың бекерге шығындалғаны ма?

Ал Халықаралық әуежайлар қауымдастығы транзитпен сапарлаушылар да жапа шегеді деп отыр. Жолаушылар кейде 24 сағатқа дейін транзиттік аймақта болады. Олар қайда барады деп алаңдайды. Ал кодексті әзірлеуші ведомство өкілдері адам денсаулығын бірінші орынға қойып отыр. Олар қоғамдық орында шылым шегуге қарсы. Ол маңайдағы адамдарға да зиян дейді.  

Зәуре АХМЕТОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қоғамдық орындарда шылым шегуді шектеу арқылы біз темекі тартудан туындайтын жұқпалы емес аурулардың көрсеткішін төмендеткіміз келеді. Одан кейін, бөлмені желдету саласындағы америкалық мамандардың зерттеуі бойынша, ешқандай желдеткіш технология халықты темекі түтінінің кері әсерінен қорғай алмайды.

Д. Қайыртай