Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Биыл Оспан батырдың 120 жылдығы!

AstanaTV
27.04.2019ж. 20:00
7115
Биыл Оспан батырдың 120 жылдығы!

Смағұл Елубай, жазушы:

Оның әруағын ұлықтауға империялық идеология мен империялық сана кедергі. Және екінші жағы - Қазақстанның геосаяси тұрғыдағы ең жақын көршілерінің бірінде өмір сүргені. Міне, осындай факторлар қазақ жазушыларының, қазақ тарихшыларының қолын байлаумен келді. Биыл Оспан батырдың 120 жылдығы! Ришат Асқарбекұлының материалы.  

Шығыс Түркістан деп аталатын Жоңғар даласы мен Алтайдың арасында жатқан ұланғайыр аумақ қазақ халқының тарихи ата қонысы. Осы далада тіршілік кешкен ата-бабаларымыз тәуелсіздік жолындағы талпынысын ешқашан тоқтатқан емес. Алтай мен Тянь-Шаньның арасын мекен еткен қазақ кеудесін ұзақ уақыт ешкімге бастырмай келді. Өткен ғасырдың 40-шы жалдары Алтайдың Көктоғай ауданында азаттыққа қауіп төнгенде, көтеріліс басталды. Оған Оспан батыр қолбасшылық жасап, қазақ тарихшылары оны Хан Кенеден кейін араға 100 жыл салып, тарих сахнасына азаттық аңсаған қаһарман келді, деген баға берді.

 Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, ЖАЗУШЫ:

Кенесары орыс зеңбірегіне қарсы шапса, кейін қытайдың империялық қызыл тасқынына Оспан солай шапты және қарсы тұрды. Ол өзінің ең соңында жеңіліске жететінін біле тұрса да, ұлтының рухын жоғалтқысы келген жоқ.  

Оспан үшін өр Алтайға көз алартқанның бәрі жау болды. Қасиетті жері үшін қытаймен қырқысты, моңғолмен текетіресіп, кеңес өкіметімен де керісіп қалды. Ақырында мен тек қазақ мүддесі үшін сайтанмен де тіл табысуға әзірмін деп әңгіменің тоқ етерін айтты.  

Оспан Ісләмұлы 1899 жылы Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Өндірқара деген жерде дүниеге келді. Оспан батырдың балалық шағы да қазақтың шығыс шекара шебінде орналасқан атыс пен шабысқа толы өр Алтай өңірінде өтті. 1911 жылы Бөке батырдың жағында қытайлар және орыстарға қарсы күрестің ішінде жүреді. Әлемді екінші дүниежүзілік соғыс өрті шарпығанда, Қытай үкіметі тарапынан Шығыс Түркістан жеріндегі түркі халықтарына қысым күшейіп, Оспан Ісләмұлын көтеріліске итермелейді. 1943 жылы ол Қытай басқыншыларының бетін қайтарған соң, Алтай қазақтарының ханы болып сайланады. Бұл аймақта 1945 жылы қайтадан Қытаймен текетірес басталып, 1951 жылы Оспан батыр қолға түседі. Ол 1951 жылы 29 сәуірде Үрімшіде елдің алдында атылады.  

Дәулетбек БАЙТҰРСЫН,АҚЫН:

Негізі Оспан батыр оралмандардың ғана айналысатын немесе Шығыс Түркістандағы қазақтардың ғана айналысатын тұлғасы емес. Қазақтың мүддесіне, тарихына, батырлығына өзінің ойып тұрып атын жазған кісінің бірі - Оспан Ісләмұлы. 

Смағұл ЕЛУБАЙ, ЖАЗУШЫ:

Оның әруағын ұлықтауға империялық идеология мен империялық сана кедергі. Және оның екінші жағы Қазақстанның геосаяси тұрғыдағы ең жақын ұлы көршілерінің бірі болып отыруы. Міне, осындай факторлар қазақ жазушыларының, қазақ тарихшыларының қолын байлаумен келді. 

Қазақтардың осы күні жат жұрттық болуының тарихи себебі Шыңжаңнан бастау алды. Он тоғызыншы ғасырдың соңында Ресей мен Цин империясы қазақ шекарасын бөліске салып, мекендеп келген жерін біртұтастығынан айырды. Сол кезде Шыңжаң деген өлке пайда болып, Шығыс Түркістан Қытай аймағында қалып қалды. Ол жерді сондағы қаніпезер саясаткер Шың-Шисай билеп тұрған еді. Губернатордың қанқұйлы саясаты Оспан батырдың азаттық үшін қолға қару алуына итермеледі. 

Сайын БОРБАСОВ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ЗЕРТТЕУШІ:

Қытай өзін бір зорлықшыл империя деп көрсеткісі келмейді. Мысалы, Шың-Шисай губернатор болғанда, 1934-44 жылдар арасында Шыңжаң өлкесін басқарған. Сол сотсыз, 4 мың қазақтың оқыған, білікті, абыройлы азаматтарын жинап алып, атқызып тасаған. Қарасаңыз, бұл репрессияның ең жоғарғы формасы ғой.  

Осындай әрекеттер қазақтың бас көтерер азаматтарын атқа қондырып, қып-қызыл өртке қарсы шабуға мәжбүрледі. Оспан батыр басқарған Алтай қазақтарының 11 жылдық ұлт азаттық көтерілісінде соғыс тәсілі, әскери құрылым, жасақтарды топтастыру тәсілдері таң қалдырады. Бастапқыда танкі, зеңбірекпен қаруланған, жойқын отты қаруы бар қытай әскеріне шоқпар-найзамен қаруланған сарбаздар қалай төтеп берген? Бұл сұраққа тарихшылар қиыр қонып, шет жайлап, жаугершілікте өскен елдің Шыңғысханның әскери құрылымдау тәсілі мен соғыс әдістерін пайдалануымен түсіндіреді.  

Державалар өздерінің саяси мақсаттарына пайдалану үшін аңғал батырды арбауға көшті. Қасында тұрған Кеңес елі мен Моңғолияның мақсаты белгілі еді. Гоминдаң үкіметінен қауіптенген Моңғолия басшысы Чойбалсан Оспан батырмен одақтасып, қытайларды өз шекарасына жақындатпаудың жолын іздеді. Сталин қазақтың қас батырын үлкен саяси күш деп түсінді. Ал арыда жатқан АҚШ пен Ұлыбритания елші жіберіп, Оспан батырмен кездесу арқылы өз мүдделерін көздеді. Қазақ көтерілісшілерінің күшеюі әлемде болып жатқан саяси шиенелістермен тұс келді. Бұл кезде екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанып кеткен болатын.   

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, ЖАЗУШЫ:

Оспан батыр сол кездегі АҚШ, Кеңес Одағы, қара, қызыл Қытай мен Моңғолия сынды бес елдің патшасы онымен тікелей байланысты, тікелей сөйлесті немесе тікелей сөйлесуге жол іздеді. Демек бес патшаны өз аузына қаратқан Оспанның құдіреті қандай деген сұрақ кез келген оқырманда тууы керек. Ол ұлт рухынының Кенесарыдан келген Абылайдан жалғасқан жоғалмаған,сөнбеген сәулесі, өр Алтайдағы лаулап жанған ұшқыны. 

Оспан батыр бастаған Шығыс Түркiстан көтерілісі туралы деректер, тарихи романдар Қазақстаннан бөлек Түркия және Ұлыбритания елінде көптеп жарыққа шықан. Соның бірінде Оспан батырдың жеңілуі былай суреттеледі. Шығыс Түркістан қазақтарының тізе біріктіріп, жан-жақтан қыспаққа алған жауға қарсы тұрмауы қынжылтады. Үш аймақ деп аталған қазақтар қоныс тепкен жерде Керейлерден бөлек өзге рулар ұрысқа араласпаған. Сонда Оспан «тым болмағанда бір жағым ашық, жаусыз болғанда Алтайдың алып тау-тасын қорған етіп, жауға алдырмас едім», деп өкініпті.  

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, ЖАЗУШЫ:

Біз бүгінгі күнде рухани жаңғыру, ұлы даланың 7 қыры дейміз. Олай болса осы даланың жаңғырмай жатқан қыры, жоғалтып таппай жатқан бекзадалығымыз, ұлт рухындағы асыл рух, ерлік батыр бабалардан қалған бағзы қайсарлық, бас имейтіндік, түркілік ерекшелік Оспанның бойында болды. 

Оспан батырдан қалған жәдігерлер жоқтың қасы. Аздаған фотосуреттері болмаса, өмірінің соңғы кездегі бейнесі, негізгі құжаттар әлі құпия күйінде Қытай мен Моңғолияның архивтерінде сақтаулы, дейді зерттеушілер.  

Сайын БОРБАСОВ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ЗЕРТТЕУШІ:

Оспан батыр туралы мағұлматтар негізінен мына Қытай архивтерінде. Шыңжаңға барып, Үрімшіден Оспан туралы материал алу мүмкін емес. Қытайлар оны бермейді. Тайванда бар деп естиміз, Сосын әрине, мына орыстың КГБ-сының архивінде бар.  

Қытай өкіметін коммунистер қолға алған соң, Шыңжаң бағытына қарай қалың әскер жолға шығады. Осыны естіген қазақ жұрты Гималайды жағалап, шетел асуға шешім қабылдайды. Бұл тарихта «Қаралы көш» деп аталады. Алайда Оспан батырдың алты ұлы күресті жалғастыра береді. Әкелері атылып кеткен соң да қаруларын тастамай тағы бір жылдан астам ұрыс жүргізеді. Ақырында тараптар екі жақты мәмілеге келуге мәжбүр болады.  

  Өркен НӘБИҰЛЫ, ОСПАН БАТЫРДЫҢ НЕМЕРЕСІ:

Балалары қару тапсырып берілген соң, 11 тармақтан тұратын келісім жасалған. Оның ішінде әкенің сүйегін беруден тыс, тұтқындағы ауыл адамдары босатып, ата-мекенге жіберу, ата-қонысты қайтарып беру деген сияқты тармақтар болған. Соның бәрі атқарылған.   

Қытай өкіметі Оспанның балаларымен жасасқан келісім шартта бұл көтерілісті ел аумағында енді қозғап, тарихи оқиға ретінде әспеттемеу туралы уәдеге қол қойдырған. Бұл туралы Оспан Ісләмұлының кенже баласынан қалған немересі Өркен айтады. Оспаннан қалған тікелей ұрпақтарынан 40 түтін бар. Соның ішінде 2000-жылдары Атамекенге қоныс аударған жалғыз Өркен ғана. Қалғанының барлығы арғы бетте қалған. Соңғы кездегі саяси оқиғаларға байланысты Оспанның немересі 1 жылдан бері Қытайдағы туыстарынан байланыс үзілгенін айтады.  

Өркен НӘБИҰЛЫ, ОСПАН БАТЫРДЫҢ НЕМЕРЕСІ:

Арғы бетте ол кісілер туралы шара өткізбек түгілі ол кісінің атын айтудың өзі үлкен қорқыныш, үрей. Қазір тікелей атын айта алмайтын адам көп. Әрине, көкіректе шермен боп қатқан нәрсе бар. Жалпы, ол кісінің күресінің бекер болмағанын қазірдің өзінде арғы беттегі ағайын басындағы ауыртпалық дәлелдеп отыр.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Зерттеуші Сайын Борбасов Оспан батыр туралы көлемді монография жазуға кіріскен. Жақында Тайвань мен Монғолияның мұрағаттарына экспедицияға шықпақшы. Ал «Ер Жәнібек» қоры жыл соңына дейін Оспан батырдың 120 жылдығына арналған жоспарлар кестесін бекіткен. Халықаралық конференция, театрландырылған қойылым, қазақ күресінен сайыстар, Түркия мен Моңғолияда өтетін ғылыми жиындардың қортындысы үлкен ас беру шарасымен аяқталмақ. 

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»