Негізгі / Жаңалықтар / Қызылорда облысында 15 ұлт өкілі тұратын ауыл бар

Қызылорда облысында 15 ұлт өкілі тұратын ауыл бар

Сексен жыл бұрын Қиыр шығыстан жер аударылған кәріс халқы, Кавказдан қуылған түрік ағайындар Қазақстаннан пана тауып, Қызылорда облысындағы 3 Интернационал атты ауылдың басын құрған. Қазір бірлігі жарасқан мекенде 15 ұлттың өкілдері бейбіт, берекелі өмір кешуде. Бір қызығы, бұл ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ал қойы қоралас, үйі аралас жатқан халық бір-бірінен қыз алысып, өзге ұлттармен құдаласып жатқандарын тек мақтанышпен айтады. Бірлігі жарасқан ауылдан Шарипа Сақтапованың репортажы.  

Ауылдағы барлық іс асармен, ауызбіршілікпен тынады, деген ағайын бүгін Гукчактын үйіне жиналды. Өзі әзірбайжан, отағасы-өзбек, келіні-түрік болса да әулеттің басты қағидасы: сыйластық пен ауызбіршілік. Ал берекелі дастарханның мәзірін әзірлеуге Гукчакқа құрбысы-белорус халқынын қызы Людмила- көмектесуде. Айтпақшы, оның жолдасы-кәріс. 

Гукчак ИСКЕНДИРОВА, 3 ИНТЕРНАЦИОНАЛ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біз әр мерекеге осылай бас қосып, түрік, кәріс, қазақ ұлттық тағамдарын, әсіресе, ет асамыз. Ал баурсақсыз бірде-бір мереке өтпейді. Біз тату өмір сүріп келеміз, ол - рас. Өз тағдырымызға ризамыз.

Людмила СОН, 3 ИНТЕРНАЦИОНАЛ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Діндерді бір-біріне қарсы қойғаны жүректі ауыртады. Ондайды бірден ұшықтырмай, үлкен өртке айналмай тұрып жою керек. Менің келінім-қазақ қызы, ұлым-кәріс. Бірақ бір отбасымыз. Осының бәрі жоққа ұшыраса не болмақ? Қанша жылдар бойы құрастырып, бірліктегі өміріміз бір мезетте жоқ болса, кешірілмес күнә болар еді.

Сексен жыл бұрын Қиыр Шығыс пен Кавказдан қуылып, осында келіп, қазақ халқының арқасында аман қалып, қайта бой көтеріп, ел болған халықтардың аманаты бір. Олар ұрпақтарына кішкентайларынан туып өскен елін құрметтеуге үйретеді.  

Гуләли МУТИЕВ, 3 ИНТЕРНАЦИОНАЛ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Естігенім әке-шешемнен, расын айтайын, қазақ ағайындардың арқасында біздің аман қалғанымыз. Шынын айтайын. Өйткені әкелген кезде күз айлары, ноябрь, суық. Ашаршылық кезінің өзінде біздің халыққа наннан нан, құрттан құрт сондай-сондай беріп, аман алып қалды біздерді. Қазіргі Алладан тілейтінім, аманшылық болсын, тіршілік болсын, еліміз аман болсын, көгерсін біздің Қазақстанымыз.

Ольга КИМ, 3 ИНТЕРНАЦИОНАЛ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біз қазақ еліне жер аударылып келген кәрістердің төртінші ұрпағымыз. Біздің ата-бабамыз осы Қазақстанды паналаған. Өз баурындай қарсы алған қазақ халқына деген алғыстары шексіз болатын олардың. Бізді ешқашан бөліп-жарған емес, бір қысым көрсету дегенде болған жоқ, ешқашан ештеңеге мұқтаж болған емеспіз. Бейбітшілікте, ауызбірлік мен достықта өмір кешіп келеміз.

Бір тәнті болатын тағы бір дерек, бұл ауылда ешқашан ауыр қылмыс тіркелмеген. Бұзақылар мен тентектерімізді өзіміз ортаға салып, тәрбиелеп аламыз деген ауыл үлкендері үш мыңға жуық тұрғындардың әр қайсының жағдайынан қанық. 3 Интернационалдағылар негізі қазақ тілімен қатар орыс, түрік, кәріс тілдерінде еркін сөйлейді. Бір-біріне деген сыйластық, құрмет - ауылдың бас қағидасы.  

Ш. Сақтапова