10 айда әуе апаттарынан қаза болғандар саны соңғы 5 жылда болмаған көрсеткішке жетті. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен арнайы кеңесте Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин мәлімдеді. Оның айтуынша, ұшақтардың құлауы екі есе артқан. Былтыр 5 ұшақ құласа, биыл 9 факт тіркелген. Әуе апаттарынан 11 адам қаза болған. Сондықтан прокурорлар әуе кемесін қолдану талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті арттыру қажет дейді. Қазіргі айыппұл көлемі не бары 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл апаттар жеңіл авиацияда тіркеліп отыр. Прокурорлар болашақта апаттар тағы да болуы мүмкіндігін жоққа шығармады.
Андрей Лукин, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
280 ұшақтың ұшу жарамдылығын растайтын сертификаты жоқ. Ал 133 ұшақ соңғы 5 жылда сертификат алуға келмеген де. Шағын авиацияда негізінен АН-2 қолданылады. Ал олардың орта жасы шамамен 25 жылдан асып кеткен. Сондықтан олардың техникалық жағдайы жақсы деп ешкім кепілдік бере алмайды. Азаматтық авиациядағы ұшақтардың да сыр беруі жиіледі. Үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында «Эйр Астанаға» тиесілі 4 ұшақтың қозғалтқышы мен аэронавигациялық құрылғыларының жарамсыздығы анықталды.
Азаматтық авиациядағы ұшқыштардың біліктілігі де төмен. Осылай деген Андрей Лукин әуе оқиғаларының 15 пайызы ұшқыштың кінәсінен болатынын айтты. Елдегі 2100 ұшқыштың 1300-інде ғана ұшу рұқсаты бар. Бас прокурордың орынбасары жартысы заңсыз ұшып жүр деп мәлімдеді. Ал Азаматтық авиация академиясы адам қаза болмаған апаттарды жасырып отыр деп жорамалдады.
Алмас Аманов, ҚР Бас көлік прокуратурасы бірінші басқармасының жетекшісі:
Осындай апатты жасыру жағдайы Азаматтық авиация академиясында болды деп
болжаймыз. Нұсқаушы мен курсант қаза болған жағдайға дейін, сондай ұшақтың
қатысумен бір апатты оқиға тіркелген. Егер академия ол туралы хабарласа,
құзырлы орган тиісті шара қолданар еді.
Айгүл ӘДЕПБАЙ