Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Жемқорлықпен күдікке іліккен Рудный қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары мен кәсіпкер ісі сотқа жетті

AstanaTV
27.10.2017ж. 20:00
3608
Жемқорлықпен күдікке іліккен Рудный қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары мен кәсіпкер ісі сотқа жетті

Ірі көлемде пара алды деп айыпталған Рудный қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары мен оған пара берді деген күдікке ілінген кәсіпкердің ісі сотқа жетті. Істі Рудный қалалық соты қарайтын болады. Экс-шенеунік пен серіктестік директоры мамыр айында ұсталып, қамауға алынған болатын.

«Рудный қаласындағы биологиялық тазаланған суды тасымалдау» объектісінің құрылысына 1 миллиард 400 миллионнан астам ақша бөлінген. Қомақты қаражат «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қарастырылып, нысан қараша айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда, қазына қаржысы талан-таражға түсіп, құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Қыруар қаржының 9 пайызы ғана игерілген.

Дәурен Мырзабеков, Қостанай облыстық энергетика және тұрғын-үй шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Жемқорлық ісіне байланысты нысанның құрылысы созылып кетті. Өйткені "Өркен" жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы да бұл іске қатысты болып шықты. Біз, мердігер құрылысты жалғастыра ала ма, деген мәселені көтердік. Бірақ мердігер қайта күш жинап, құрылысты жалғастыра бастады.

Бұған дейін құқық қорғау органдары кәсіпкер Мүсірәлиев 15 миллион теңге көлемінде пара беріп жатқан жерінде ұсталды деп хабарлады. Ал атқамінер Досболов құбыр желісінің құрылысына қатысты құжаттарды еш кедергісіз қабылдауға, серіктестік есепшотына қаржыны дер кезінде аударуға көмектеспек болған деген күдікке ілінді.

Заңғар САНАЙ