Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

РБК банкінің кесірінен екі айға жуық шәкіртақы алмаған студенттер ақшасын алды

AstanaTV
27.10.2017ж. 20:00
2843
РБК банкінің кесірінен екі айға жуық шәкіртақы алмаған студенттер ақшасын алды

РБК банкінің кесірінен екі айға жуық шәкіртақыдан қағылған екі жарым мың студент бүгін ақшаларын ала бастады. Бірақ қаржы ұйымы университетке тек шәкіртақыдан қордаланған қарыздың 30 пайызын қайтарған. Мұны университет вице-президенті айтты. Осыған байланысты студенттердің қолына тек қыркүйек айының шәкіртақысы тиіп отыр. Қалғаны қашан берілетіні белгісіз. Әйтесе де, ақшасын ала алмай, енді жұмыс іздеуге мәжбүр болған жастардың қуанышында шек жоқ. Бірақ олар алдағы уақытта бұл кідіріс тағы да қайталануы мүмкін деп алаңдайды.

Алена Сливкина, Инновациялық Еуразия университетінің 1-ші курс студенті:

Картамыздан ақшаны бірден шешіп алып жатырмыз. Өйткені не болатынын білмейміз. Бізге банк банкрот болды деген ақпарат жетті. Біздің жоспарымыз қарапайым ғана. Алдағы бірер айға азық-түлікпен қамдану. Бәріміз алғашқы шәкіртақымызды алғанымызға қуаныштымыз. 

Еске салсақ, РБК банкінде болған дағдарыс Павлодардағы жоғарғы оқу орнының бірін әбігерге салып қойды. Банкпен төлем жасауға келіскен Инновациялық Еуразия университеті екі айдай шоттағы ақшасын ала алмай, тығырыққа тірелгенін жариялады. Салдарынан шәкіртақы бойынша 20 млн теңге қарыз жиналды. Сондай-ақ ақша дер кезінде аударылмаса, білім ордасының ұстаздар қауымы да ағымдағы айдың айлығын ала алмауы мүмкін. Бұл тағы 60 млн теңге. Университет басшылығы болған жайтты анықтау үшін қаржы институтына хат жолдаған. Олардың сауалына РБК банкінің басқарма басшысы "акционерлердің шешімімен банктің тұрақты капиталына жыл аяғына дейін 20 млрд теңге құйылатынын" хабарлап, жағдайға түсіністікпен қарауын сұраған болатын.