$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Венгрия «Пакш-2» АЭС-н «Росатомға» салғызбақ...

AstanaTV
04.05.2019ж. 20:00
4790
Венгрия «Пакш-2» АЭС-н «Росатомға» салғызбақ...

Мемлекет мүддесі деген расында, өте күрделі дүние. Үлкен саясат тақтасында түрлі-түрлі позициялар айтылуы, тіпті айтқызылуы мүмкін. Бірақ түптеп келгенде бейнелеп айтқанда, «әзірейілмен де келісуге болады» позициясы жеңіп кетеді. Венгрия премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі Михай Варгамен біздің арнаның тілшісі Меруерт Жақиянова сұхбаттасқанда сол мүдде мәселесі шықты. Ресеймен экономикалық байланысын айтамын. Газға тәуелділіктен те шығар, әйтеуір мемлекет пайдасы үшін «агрессор» деп келетін әңгіме айтылмайды. Венгрия жоғары шендісінің біз мына сауалдарға жауабын таңдап алдық. Алдымен АЭС туралы. Бізде күн тәртібіне қайта шыққан тақырып. Венгрия «Пакш-2» АЭС орыстарға салғызбақ.   

Михай ВАРГА, ВЕНГРИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Бізге Венгрияның бәсекеге қабілетін арттыру керек. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін сақтау қажет. Ал атом электр станциясы және арзан электр – біздің бәсекеге қабілеттілігіміздің басты элементі. Венгрия Ресейдің энергия нарығымен өте жақсы байланыста. Иә, біз баланс сақталмағанын білеміз, болашақта энергия тасымалын әртараптандыруымыз керек...

Қазір біздегі Пакш қаласында 4 энергоблок бар. Бірақ өткен ғасырдың 80 жылдары салынғандықтан, көнерген. Жаңалау үшін «Росатоммен» келісім жасадық. Бұл біздің елді энергиямен қамтудың ең қауіпсіз шешімі екеніне сенімдіміз. Келісім бойынша керек қаржының 80 процентін Ресей салады, дәлірек айтсақ, 10 млрд еуроға жуық несие береді. Қалған 20 процентін Венгрия өзі құяды. Жақсы жоба. Қуаты 1 200 мегаватт, 2 энергоблок. Еурокомиссия бұл жобаны іске асырудың қажеттілігін мойындады, енді біз құрылысты бастаймыз. Станция 2032 жылы іске қосылатын шығар.

Екінші сауал «Газпроммен» келісім туралы қойылған. Биыл газ транзиті бойынша украин-ресей келісімінің мерзімі бітеді. Соған орай.    

Михай ВАРГА, ВЕНГРИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: 

Біз жағдайды саралап, мәселенің қаржы жағын ескеруіміз керек. Былтыр «Газпром» Еуропаға рекордты газ жеткізді – 200 млрд шаршы метр газ! Демек «Газпром», жалпы Ресей Еуропа үшін өте маңызды. Венгрияға ресейлік әріптестерімен келісім керек, біз жылына тұтынатын 10 млрд шаршы метр газдың 95 проценті Ресейден.

Егер Мәскеу мен Киев өзара келісе алмаса, онда бізге қор қажет. Сондықтан қорды толтырып алу үшін импортты еселейміз. Ал болашақта газ проблемасын «Солтүстік ағын-2» және салынып жатқан «Түрік ағыны» арқылы шешуден үміттіміз. Ол үшін солтүстік және оңтүстік тармақтарды қосатын тармақшаларды салу керек. Бұл жобалардың қосындысы Венгрияның газ проблемасын шешеді.