Негізгі / Жаңалықтар / Президенттікке кандидаттар анықталып жатыр

Президенттікке кандидаттар анықталып жатыр

Кеше Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат етіп тіркеді. Үміткерлердің арасында бірінші болып кандидат атанған Қ.Тоқаев кандидат атануға керек барлық құжаттарын тапсырған. 17 аймақтан 313 653 қол жиналған. Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары М.Әшімбаев сенімді өкілі ретінде Тоқаевтың кандидат куәлігін алды. Ал бүгін М.Әшімбаев басқаратын республикалық штаб құрылды. Тиісінше, аймақтық штабтар да. Штаб үгіт-насихатты заңға сәйкес, 11 мамыр күні сағат 18:00-ден бастайды. Сондай-ақ, партия тәжірибесінде алғаш рет Президент сайлауы кезінде қоғамдық штабтың "Team Qazaqstan" жастар қанаты да құрылып отыр. Қазіргі уақытта Nur Otan-ң Президенттікке кандидаттың қоғамдық штабының құрамында 200-ге жуық адам бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі ретінде 19502 адам тіркелген. Олардың қатарында бірқатар белгілі тұлғалар атап айтқанда: Аружан Саин, Александр Винокуров, Қанат Ислам, Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас бар. Қоғамдық штабтың басшысы, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев сайлауалды науқанға шет елден ешбір саяси технолог немесе өзге де мамандар тартылмайды, өйткені ішкі саяси науқанды өз күшімізбен, әділ, әрі ашық өткізуіміз керек, деді.  

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБЫНЫҢ БАСШЫСЫ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Республикалық қоғамдық штаб ешқай жерден, ешқандай шет елден мамандарды шақырған жоқпыз. Қазақстанның өзінде мамандар бар, социологтар бар, саяси саланың мамандары бар, журналистеріміз бар. Барлығы білікті, білімді. Жақсы мамандарымыз бар. Сондықтан біз енді штабтың жұмысына біраз осындай азаматтарды тартып жатырмыз. Өйткені қазіргі заманда барлық нәрсенің өзінің технологияларын, тетіктерін пайдаланып ұйымдастыру керек. Сондықтан біз шет елден ешкімді шақырған жоқпыз. Өзіміздің іштегі мамандарды тартып, жұмыс істеп жатырмыз.

Сонымен Орталық сайлау комиссиясы кеше Қасым-Жомарт Тоқаев, Сәдібек Түгелді, ал бүгін Амангелді Таспихов пен Дания Еспаеваны ресми түрде президенттікке кандидат етіп тіркеп, куәліктерін табыстады. Ал, Республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынған Президенттікке кандидат атануға үміткерлер 11-ші мамырға дейін 118 мыңнан астам қол жинаулары қажет.