Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Өскемендегі жеңіс шеруін Т-34 танкісі бастайды

AstanaTV
08.05.2019ж. 20:00
4967
Өскемендегі жеңіс шеруін Т-34 танкісі бастайды

Өскемендегі әскери техникалар қатысатын жеңіс шеруін Т-34 танкісі бастайды. 9 мамыр күнгі шеруге соғыс даласынан оралған 4 әскери машина қатысады. Бұлар - БА -10 броньды көлігі, америкалық Диамант ауыр техникасы, әйгілі Катюша мен жеңіс символына айналған Т-34 танкісі. Бұл техниканың бәрі де соғысқа қатысқан. Ал, БА-10 әскери машинасын жергілікті шеберлер зауыт сызбалары бойынша қайта қалпына келтірген. Жүруге жарамды мұндай техника қазір әлемде жоқ. Тілшіміздің материалында толығырақ.  

Әскери машиналар ангарындағы дайындық қарбалас. Көлікті жөндейтіндер техниканы мұқият тексеріп жатыр. Бұл көліктер жеңіс шеруіне соңғы рет 45-інші жылы қатысыпты. Енді тағы да сапқа тұрады. Әскери колоннаны Т-34 танкі бастайды. Мамандар ерлік пен жеңістің символын қалпына келтіргенін оңай болмағанын айтады. 

Дмитрий ДОБРОДЕЕВ:   

Танктің 7 тонналық мұнарасын орнатқан кезде қатты қиналдық. Екі адам әрең сияды. Ал, соғыс кезінде мұнда үш адам сыйысып отырған. Мұндайда зеңбіректі оқтап атысу түгілі, танкті айдаудың өзі оңай емес. Осындай қиындыққа қарамастан, соғыс сұрапылын өткерген ерлерге басымды иемін.

Ал, БА -10 броньды көлігі соғыстың алғашқы жылдарында пайдаланылды. Алғаш рет 1938 жылы шығарылыпты, қазір әлемнің ешбір елінде жоқ. Техниктер осындай көліктің тағы бір данасы Финляндия музейінде тұрғанын жеткізді. Ал, қазақстандық техника құрастырушы зауыттың сызбалары бойынша қалпына келтірілген. Енді бұл көлік те Өскемен көшелерімен өзі жүріп өтеді. 

Жеңіс шеруіне әйгілі «Катюша» да шығады. Германияның барлау қызметі кезінде бұл қондырғының сызбаларын қолға түсіру үшін бар күшін салған. Бұл ауыр қарудың тағы бір ерекшелігі ЗИС-6 автокөлігінің базасында шағын көлемде шығарылған екен. 

Дмитрий ДОБРОДЕЕВ: 

Бұл көліктер соғыс ошағы шарпыған аумақтардан, автоколонналар мен ауыл шаруашылығы саласынан жаппай алына бастады. Лендлиз бағдарламасы аясында америкалық көліктер жеткізілгенше Катюша дәл осы ЗИС-6 базасында болды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Кравченко жеңіс шеруіне бармақ. 93 жастағы ардагер әскери танк пен Катюшаны көру үшін ерекше қуаныш екенін айтады. 

Михаил КРАВЧЕНКО, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: 

Біздің Катюша, танктер мен артиллерия биікте болды. Шабуылға шығар кезде жойқын соққыларымен сарбаздарға жол ашты. Әсіресе Т-34 танкісінің орны бөлек. 45-інші жылы жеңіске жеткенде мен 19 жаста едім.

Биыл Жеңіс мерекесінің құрметіне шығысқазақстандық 200-дей ардагерге жергілікті билік 500 мың теңгеден тарту етпек. Ал, 9 мамыр күні қала көшелерімен Мәңгілік полк жүріп өтеді.

Е. Карин