Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Біздің жолдар... Ақтөбе облысында жол сапасына орай шенеуніктер қызметтерінен кетті

AstanaTV
18.05.2019ж. 20:00
3820
Біздің жолдар... Ақтөбе облысында жол сапасына орай шенеуніктер қызметтерінен кетті

Рим империясы кезінде салынған жолдар әлі бар. Мысалы, латынша Via Appia деп аталатын жол. Римді Грекия, Египет және кіші Азиямен байланыстырған Бри́ндизиге дейін тартылған «күретамыр» біздің дәуірімізге дейінгі 312 жылы салынып басталған. Былтыр төселгеніне 2330 жыл болған бағытта қазірәрине, осы заманғы автострада, бірақ біздің эрамызға дейін «жастанған» тастар әлі де бар. Біздің еліміздегі жолдар... Бірнәрсе деудің өзі артық. Талай материал жасадық. Дегенмен елең еткеніміз - жақында ойқы-шойқы жолдар үшін Ақтөбе облысында бірнеше шенеунік қызметтен алынды. Менің ойымша, мұндай себеппен жұмыстан шығару бірінші рет-ау деймін, қателесуім де мүмкін. Және ең маңыздысы – елдің әлеуметтік желілерге жазған шағымдарынан соң. Бірақ... Бақыт Рахметованың материалы.  

Мейіржан Емжаров бес жылдан бері Ақтөбе мен Қандыағаштың арасында жолаушы тасып, нәпақасын тауып жүр. Бірақ тозып, шұрық-тесік болған жол шығынға әбден батырған. Ай сайын тапқан табысының отыз пайызын көлігіне жұмсайды екен.  

Мейіржан ЕМЖАРОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІ: 

Покрышка соғады, жыртылып қалады. Покрышка алған еңбегімізге тұрмайды. Ходовка екі бастан кетіп жатыр. Саласың шамалы уақыттан кейін салдырлап қалады. Кілең Қытай кетіп жатыр. Жолды жамайды. Бірақ жамағанымен бір км жамаса бес жүз метр жамамай кетеді. Жолшыбай авария болып жатқан. Біз адам тасимыз. Адам тасыған соң рисковать етіп жүреміз жолда.

Жолға қатысты өкпе-назын жүргізушілер әлеуметтік желіге жаза бастаған. Желі белсендісі Аслан Мұсаев арыз-шағымның көп, өте көп екенін айтады. Халық шұрық-тесік жолдардан шаршаған.  

Аслан МҰСАЕВ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ «ЗЕЛЛО-АҚТӨБЕ» ЖҮРГІЗУШІЛЕР ПАРАҚШАСЫНЫҢ ӘКІМШІСІ: 

Көшелердегі шұрық -тесік жолға қатысты арыз көп түседі. Бүгінгі күні көшелердегі шұңқырлар сол күйі жатыр. Неге асфальттың бірінші қабаты көпке шыдамайды? Мен өзім бірқатар өркениетті елдерде болдым. Ол жақта мұндай проблема мүлде жоқ.

  Ал жолға қатысты мердігер компаниялар не дейді? Өңірде жол жөндеумен айналысатын 12 мердігер мекеме бар. Олардың аргументі - қаржыландыру мардымсыз. 

Виктор ДРАЩ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ БАСШЫСЫ:

Біздегі бір жаман нәрсе - бір жыл ішінде істелетін нысанның жұмысы екі, тіпті үш жылға созылады. Өйткені қаржыландыру жеткіліксіз. Мысалы, оңтүстік айналма жолды бес жыл істедік. Біздің мүмкіндіктермен екі жылда бітіруге де болар еді.  

Биыл облыстағы 4 аумақтың жолын жөндеу жоспарланған. Бұл шамамен 500 шақырым жол. Осы мақсатқа 17 миллард теңге қаражат та бөлінген. Бірақ бұл ақша теңізге құйылған тамшыдай ғана көрінеді. Қаржының жеткіліксіз екенін әкімдіктегілер де растап отыр. Олардың дерегінше бүгінгі күні аймақтағы жолдардың 56 пайызы, ал қала көшелеріндегі жолдың 80 пайызы тозып тұр.

Нұркен АСПЕНОВ, АҚТӨБЕ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жолды жөндеуді талап етіп отырған 560 шақырым. Сондықтан жолдың жөндеу қарқынымен жолдың бұзылу қарқыны бір-бірінен қалып қойып тұр ғой. Сондықтан 680 шақырымның 560 жөнделуі үшін жыл сайын жоқ дегенде 100-150-200 шақырымға дейін жол істелу керек. Қаржы бөліну керек. Барлығы қаржы тапшылығынан бәрі.

Еліміздің кез-келген аймағында осы көрініс. Атырау облысында да шұрық-тесік жол. Халықаралық Атырау-Астрахань тас жолы 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Жолдың ескіріп, тозығы жеткені сонша, 3-4 сағатта еңсеруге болатын үш жүз шақырымды халық 18-20 сағат жүріп барады. Оның өзінде жанын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр. Тіпті бұл жол халық арасында «Ажал жолы» деп те аталады. Өйткені жол апаты жиі болады. Былтыр бұл жолда жеті адам ажал құшқан. Тағы соншамасы ауруханаға түскен.

Виктор СВИРИДОВ, ЖҮРГІЗУШІ:

Өте қиын. Көлігіміз үнемі бұзылады. Дөңгелектерін, жүріс бөлігін жиі жөндейміз. Көктемгі жаңбырдан соң тесік тіпті көбейді. Бұл халықаралық жол ғой. Трассада Түркияның, Грузияның ірі жүк көліктері көп өтеді. Ал жол бойы сынған көлігін жөндеп жатқандарды көп көремін.

Айта кетейік, «Ақтөбе – Атырау - Астрахань» автокөлік жолының жалпы ұзындығы 893 шақырым болса, оның 552 шақырымы Атырау облысы аумағымен өтеді. «Нұрлы жол» бағдарламасына енген күре жолдың құрылысы биыл көктемде басталды. Алдағы екі жылда оның тек 60 шақырымын салу жоспарланып отыр.

Алтай ҚАМЫСБАЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бетон өнімдері зауытын, топырақ араластыратын зауыт салуды жоспарлап отырмыз және болашақта қуаттылығы 2,5 мың тонна болатын асфальтбетон зауытын ашу жоспары бар. Кестеге сәйкес, Атырау-Астрахань тас жолының 60 шақырымын 2 жылда саламыз. Ал биыл 23 шақырымын аяқтаймыз.

Мәселенің тағы бір қыры бар. Аймақтарда жол төсейтін, сонымен бірге жолдардың сапасын бақылап, қадағалайтын білікті мамандар да жетіспейді. Тек Ақтөбедегі басқарма инженер-құрылысшыны бір жылдан бері таба алмай отыр. Елімізде автожол ісі мамандарын дайындайтын жоғарғы оқу орны тек Өскемен мен Алматыда ғана бар. Алайда бүкіл сұранысты қаңағаттандыра алмайды. Мердігер мекемелерде арнайы техника жүргізушілері мен басқа да мамандар тапшы. Жұмыспен қамту бөлімінің дерегінше, тек Ақтөбе қаласында жол саласында 91 жұмыс орны бос тұр.

Десе де, жолдар салынуы керек, барларының сапасы жақсаруы керек. Мамандар шетелдің тәжірибесін қолдануды ұсынады. Геологиялық металл торы мен геожабын салынып жаңа технологиямен жасалған асфальт 10 жылға дейін міз бақпайды екен.

Жасқайрат ҒАББАСОВ, «БАТЫС ЖОЛ ЗЕРТХАНА» РМБ БАСШЫСЫ:

Ең әуелі жол құрылысына қатысты барлық талаптар сақталу керек. Бұл дегеніміз -мемлекеттік стандарттың өз деңгейінде сақталуы. Сонымен қатар әр аймақтың климаттық жағдайын қоса ескеру қажет. Сонда нәтиже болар еді.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Аймақтағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін облыс әкімінің өзі де мойындап, өткен аптада облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысын қызметінен алды. Құрылыс саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары да қызметімен қош айтысты. Қала әкімінің орынбасары, тағы бірнеше шендіге жағдайды түзеңдер деп, екі апта уақыт берілді. Қаржының жетіспеушілігі мен бюрократияны, басқа да "ияларды" ойласаң, 2 аптада жағдай түзеу процесі? Қалай? деп таңғаласың...

Бақыт Рахметова, Базаргүл Ізімова, Еркін Карин, Нұркен Жалмұхан «Біздің уақыт»