Негізгі / Жаңалықтар / Президенттіктен үміткерлердің үгіт-насихаты

Президенттіктен үміткерлердің үгіт-насихаты

Кезектен тыс президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттардың үгіт-насихат науқанынан детальдарды Данияр Қайыртай баяндайды.  

Өткен аптаның демалыстарынан бастап президенттікке үміткерлер халықты өздеріне дауыс беруге үгіттеуге қызу кірісіп кетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы аграрлы аймақ Ақмола облысына барды. Үгіт-насихат тобы Көкшетау минералды сулары өндірісінің жұмысшыларымен жүздескен. Партия өкілдері еңбеккерлер қашанда назарда болуы керегін айта келе, сайлауалды тұғырнаманың бағыттарын түсіндірді. Платформа «Сабақтастық, әділдік, өрлеу» атты 3 принципке негізделген. Одан 170 міндеттеме тарайды. 

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР Қ.ТОҚАЕВТЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Үшінші қағидат бұл өрлеу қағидаты. Бұның негізгі мақсаты - алға қойған барлық мақсатымызға жету. Қазақстандағы жағдайды одан әрі дұрыстау, халықтың әл-ауқатын арттыру. Инфраструктураны дамыту, ауылдық жерлерде барлық керекті жұмыстарды жүргізу. Экономикамызды дамыту, кәсіпкерге барлық керекті мүмкіндіктерді жасау. Осының барлығы өрлеу қадиғатының жүзеге асырылуының көрсеткіші болады.

Ал Сәдібек Түгел еліміздегі букмекерлік кеңселерді жауып, ұлттық ойындарды дамытуға ден қою қажет деді. «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан сайлауға түскен кандидат құмар ойындары қоғам үшін қауіпті дерт екенін айтады. Шағын деген Щучинск қаласының өзінде осындай үш кеңсе бар екен. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған үміткер олардың орнына тоғызқұмалық, жамбы ату сынды қазақ ойындарын дамытуға ден қоюды ұсынады. Кандидаттың сенімді өкілдері осы аптада Ақкөл қаласында асық атудан турнир де өткізді. 

Сәдібек ТҮГЕЛ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР: 

Бұл бақсылар сияқты ғой. Алдаудың бір түрі. Адамның психологиясы құмарлыққа салынып кетеді. Осыдан ада болғанымыз дұрыс еді. Мен сондықтан жастарымызды, өскелең ұрпақты осыдан аулақ болыңдар. Оның қажеті жоқ. Бір сөзбен айтқанда букмекерлік ойындар бізге керек емес.

Бұл бақсылар сияқты ғой. Алдаудың бір түрі. Адамның психологиясы құмарлыққа салынып кетеді. Осыдан ада болғанымыз дұрыс еді. Мен сондықтан жастарымызды, өскелең ұрпақты осыдан аулақ болыңдар. Оның қажеті жоқ. Бір сөзбен айтқанда букмекерлік ойындар бізге керек емес.

Еңбек қауіпсіздігі – адам өмірінің кепілі. Үгіт-насихат жүргізуге рұқсат берілген алғашқы аптада Аманкелді Таспихов санитарлық техника құралдарын шығаратын зауыт жұмысшыларымен кездесті. Кәсіпоранда қазір 300-ге жуық адам еңбек етеді. Шығарылған өнім ішкі нарық пен ТМД елдеріне экспортталады. Ал негізгі міндет – еңбек адамына жағдай жасау. Үміткердің де сайлауалды тұғырнамасының негізі –осы. Өйткені қазір аймақтардағы ауыр өндірісте жұмыс істейтіндер арасында жазатайым жағдай азаймай тұр. 

Аманкелді ТАСПИХОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР: 

Елмізде 1500 мыңнан астам адам жарақатқа ұшырайды. Мүгедек болып қалады. 200-дей адам жұмысқа кеткенен үйіне қайтып оралмайды. Соның бәрін алдын алу мақсатында үгіт-насихат жүргізу заңды түрде реттеу керек. Жұмыс берушілердің бұл мәселеде жауапкершілігін күшейту керек дейміз. Жұмыс берушілер бұл мәселеде көпшілік жағдайда жауап бермейді.

Бизнесті қолдау! Президенттікке үміткер Дәния Еспаеваның сайлауалды штабы Ақмола облысының Ерейментау қаласындағы агротехникалық колледждің ұжымымен кездескен. Биыл мұнда 200-ге тарта жасөспірім оқып жатыр. Келесі жылы олардың қатары «Серпін» бағдарламасы арқылы оңтүстік өңірден келетін 50-ге жуық студентпен толықпақ. Кездесуде жастарды кәсіпкерлікке баулу мен өз ісін ашу үшін несие алу жолдарын жеңілдетуге қатысты мәселелер қозғалды. Ерейментау ауданында 27 мыңға тарта халық бар. Басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Айта кетейік, Еспаеваның сайлауалды тұғырнамасында шағын фермерлік шаруашылықтарды дамыту мәселесі де қозғалған. 

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР Д.ЕСПАЕВАНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Олар әрі қарай жұмыс таба ала ма, жоқ па? Таба алмаса кәсіпкерлікке қай жолмен баруы мүмкін. Мемлекет тарапынан және Атамекен тарапынан оларға қалай қолдау көрсетуге болады,- деп өзіміздің пікірімізді білдірдік және кандидаттың бағдарламасында көрсетілген мемлекет тарапынан преференциялар мен ынталандыру туралы айттық.

Экономикамызды алға жылжытып, әлемдегі озық елдер қатарына қосыламыз десек ауыл шаруашылығын нықтап қолға алу керек. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков тұғырнамасындағы осы және өзге де тетіктер кеше Қызылорда өңірінде кеңінен талқыланды. Аймақтағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты салаға қажетті тың бастамаларды көтеріп, оны кеңінен іске асырумен айналысады. Содан болуы керек оның қабырғасында өткен жиында Төлеутай Рақымбековтың ұсыныстары қызу талқыланды. Әсіресе, аграрлық ғылымды дамыту, селекциялық орталықтарды қолдау және замануи жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері өте өзекті екені айтылды. 

Серікбай ӨМІРЗАҚОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР Т.РАҚЫМБЕКОВТЫҢ АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Мен ойлаймын осы Ауыл партиясының бағдарламасы жүзеге асса, біздің негізгі ортақ мүддеміз Қазақстанның әлемдік деңгейде дамуына толық мүмкіншіліктер жасалынады деп. Осыған байланысты біз сайлаудың үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кеттік.

Тағы бір үміткер Жамбыл Ахметбеков туған жеріне барып, ақсақалдардың батасын алған.Бас қалада штабтың жұмысын тәмамдап, Қорғалжынға аттанған үгіт тобы халыққа кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Тұрғындарды толғандырған мәселерге құлақ та түрді. Үміткер Қорғалжында табиғат қорғау проблемаларын көтеріп, ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту үшін өткен ғасырда салынған құбырларды ауыстыру керектігін айтты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірсін арттыру үшін шаруа қожалықтарын біріктіру мәселесі коммунистер назарында болатынын жеткізді.  

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР: 

Халықтың өз тауарларын нарыққа шығару үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру керек. Біздің ҚКХП фракциясының депутаттары кооперативтерді қалай құрып, оның жұмысын алға қарай қалай алып кету керек және Үкімет тарапынан оған несиені қалай алу керек екенін түсіндіріп беруге дайын екенін айтық.

Ал Әміржан Қосанов болса, Қарағанды облысындағы Үштөбе аулының тұрғындарымен кездесті. Жиында кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы таныстырылып, құжаттың басты бағыттары талқыланды. Кездесуге келгендердің көпшілігі – ауылдағы Карл Маркс атындағы құс фабрикасының қызметкерлері болатын. Сондықтан еңбек адамының құқығы, әлеуметтік жағдайы және ауыл-аймақтарды дамыту мәселелері баса айтылған. Кандидат штабы өңірлер мен шалғай елді-мекендердегі үгіт жұмыстарына басымдық беріп отыр. Демек үміткердің аймақтарға сапары мұнымен тоқтамайды. 

Әміржан ҚОСАНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР: 

Бізде шынымен де қоғамда еңбек адамына деген құрмет, ілтипат азайып жатыр. Бізде өнер туындылары арқылы, әр түрлі ақпараттық мүмкіндіктер арқылы басқа мамандықтар, басқа кәсіптер атышулы болып жатыр. Жастарға танымал болып жатыр. Меніңше Қазақстан экономикасының іргетасы болып саналатын осы нақты, реалды сектор. Оларды насихаттау керек. Көркем туындылар арқылы жастар осы адамдардың абыройын, еңбегін көру керек.

Дәл осындай форматтағы жиындар мен кездесулер елдің барлық аймағында ұйымдастырылады. Жеті үміткердің де штабы тас түйін. Ресурстары жеткілікті. Үгіт жұмыстары маусымның жетісі түнгі 24:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін үнсіздік күні. Ал тоғызы дауыс береміз.  

Данияр Қайыртай, «Біздің уақыт»