Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Boeing компаниясы қызылордалық 17 жастағы мектеп оқушысы Женяның жобасын сатып алды!

AstanaTV
18.05.2019ж. 20:00
3622
Boeing компаниясы қызылордалық 17 жастағы мектеп оқушысы Женяның жобасын сатып алды!

Қызылордалық мектеп оқушысы Евгений Демиденкодан әйгілі Boeing компаниясы жаңа ұшақтың прототипінің жобасын сатып алды! Женя жобасын Nazarbayev Fund Schools Challenge авиақұрастыру бойынша өткен халықаралық олимпиадасында ұсынған. Қорытындысында негізгі жұмысты Евгений істеген жоба жеңеді, тиісінше, жеңмпаздарды қанаттандыру үшін ұйымдастырылғансапарға - Ұлыбританиядағы Крэнфилд университетіне барады. Евгений жобасын сол жерде де көрсеткен. Бірнеше айдан соң Boeing корпорациясының өкілдері патентті сатып алуға ықылас танытады. Евгений идеясын сатады, бірақ концепцияның авторы, құрастырушысы ретінде ұшақтар жасалған күнде өзінің аты-жөнін көрсетуді шарт етіп қояды. Меншікті тілшіміз Шарипа Сақтапова Евгениймен қазақша сөйлесіп қайтты. Дала баласының қиялы шексіз болады – себебі жанар барып тірелетін кедергі жоқ деуші ем, кезекті рет дәлелденді.  

Евгений ДЕМИДЕНКО, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ, «МҰРАГЕР» МЕКТЕБІНІҢ 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: 

IT саласы... менің ойымша, ол өте қызық. Себебі қазіргі уақытта, біздің ғасырда ай-ти саласы бүкіл жерде бар деп ойлаймын. Медицинада, инженерияда, кәдімгі технологиядарда. Технологиялар дамып келеді, оны ешкім тоқтата алмайды. Сондықтан менің ойымша, әр адам технологиялармен бірге қадам басу керек.

Болашақтың ұшағын ойлап тапқан мектеп оқушысы Женя Демиденко - осы бала. Ай-ти саласына деген қызығушылық анасы сыйлаған қарапайым компьютерден басталған. Алғашқыда 9 жастағы Женя құрбы-құрдастары секілді бірнеше сағатқа дейін ойындардан басын көтермеген. Бірақ ол азарт бірнеше айда басылып, түбегейлі сөнген. Ғалам сияқты ғаламтордың да ойыннан тұрмайтынын ұққан Женя, бәрін ысырып қойып, информатика әлеміне сүңгиді.   

Евгений ДЕМИДЕНКО, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ, «МҰРАГЕР» МЕКТЕБІНІҢ 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: 

-Қасымда отырған осы кластастарым, көбісі врач болғысы келеді, көбісі инженер болғысы келеді, энергетик болғысы келеді. Бірақ мен кіттәй жасымнан бастап, 10 жасымнан ба, компьютерге деген қызығушылығым жылдан-жылға өсті. Сондықтан мен өз болашағымды ай-ти саласында көріп тұрмын. Болашақта мен Назарбаев университетінде оқығым келеді. Және де осы біздің мемлекеттің дамуына біраз үлесімді қосқым келеді.

17 жастағы талантты да, дарынды Женя бірнеше ерекше жобаның авторы. Отандық ғана емес, шетелдік ірі компаниялармен жұмыс істеп, қомақты табыс тауып, ата-анасына тірек болып отырғанын айтсаңызшы! Халықаралық деңгейде жеңімпаз атанған алғашқы жобасы - «Биологиялық процестердің 4 D анимациясы». Ал қазір ютубқа бәсекелес болатын видео хостингты ойластырып, пысықтап, пісіру үстінде.  

Евгений ДЕМИДЕНКО, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ, «МҰРАГЕР» МЕКТЕБІНІҢ 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Қазіргі уақытта мен мобильды құралды істеп жатырмын. Және де осы бүкіл әлемге әйгілі ютуб видео хостингінің аналогы деп айтсақ болады. Бірақ одан жақсырақ болады деп ойлаймын. Ол жобаны негізінде түрлі салаларда қолдануға болады. Оқудан бастап жай ғана кино, фильмдерді қарауға дейін. Қазіргі уақытта ең маныздысы – ол денсаулық пен уақыт. Осы видеохостинг арқылы мен адамдарға уақыт сыйлағым келеді. Осы видеохостингтан мен тек қана нақты, қысқа және нұсқа дейді ғой қазақта, сондай видео роликтерді әзірлегім келеді. 

Ал әлемді елең еткізген жаңалығы - болашақтың ұшағының моделі. Шетелдіктер оған аса мән беріп, зерттеп, қазақстандық оқушыдан сатып алған. Шетел болғанда да, алпауыт Boeing компаниясы.   

Евгений ДЕМИДЕНКО, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ, «МҰРАГЕР» МЕКТЕБІНІҢ 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:   

Қазіргі мақтан тұтаның жобам - осы мен істеген және де әзірлеген самолетым. Халықаралық «Назарбаев фонд челлендж» жобасында жеңімпаз атандым. Және де Granfield университетінде Великобританияда сол жобаны көрсетіп, әрі қарай оны осы Қазақстанға оралып, дамытып, Боинг авиакомпаниясына саттым. Ұшқыштың жаңа моделі. Боинг 757 бағына тұрып, соған қарап мен өзімнің жаңа самолетымды істедім. Тіптен химия жағынан қарасақ та бір бөлек, себебі сплав басқа. Және де технология жағынан қарасақ та, мен – программистпын ғой, сол ай-ти жағына жақын қылғам самолетты.

Дара жігіттің ойы да, арманы да көп. Ал оны шақырып жатқан шетелдік жоғары оқу орындары жеткілікті. Бірақ кіндік қаным тамған туған жеріме еңбегім сіңсе деген Женя, болашағын Қазақстаннан басқа елде елестете алмайды.

Евгений ДЕМИДЕНКО, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ, «МҰРАГЕР» МЕКТЕБІНІҢ 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Келеді сообщениелер, түрлі-түрлі университтерден. Қытайдан болсын, Гонконгтан болсын, Ресейден, Беларусь мемлекетінен, Германиядан және де Америка Құрама Штаттарынан. Және де Оңтүстік Корея бар. Бірақ дегенмен әр азаматтың парызы деп ойлаймын: егер де сен сыртқа шықсаң, ол білімді алып алсаң, менің ойымша, орыстар айтады ғой: где родился, там и пригодился, осы бір керемет ойларды, белгілі сен жұмыс істейтін бағыттарды өз мемлекетіңде істеуге тырысу керек. Өз еліңе еңбек ету керек.

Талабына нұр жауып, тіл-көзден аман болсын деп баласының тілеуін тілеп отырған Женяның анасы балалардың барлығы талантты деп есептейді. Тек емін-еркін, бақытты, сүйікті бала болып өсуіне бар жағдай жасалуы-шарт. Ата-ана ұрпағының бар қабілетін дер кезінде көріп, түсініп, бағыт беріп, демеп жібергені жөн деген Елена, ұлының ең алғашқы жетістігі спортта - жеңіл атлетикада болғанын айтты.

Елена ЦОЙ, ЕВГЕНИЙ ДЕМИДЕНКОНЫҢ АНАСЫ:

Бастысы - баланың дамуына кедергі болмай, барлық бастамаларын қолдау қажет. Қате жіберуден қорықпауды үйрету керек. Өйткені сүріну деген өмірлік тәжірибе. Баламен арада сүйіспеншілік ғана емес, өзара түсіністік болуы тиіс. Өзіңіздің орындалмай қалған армандарыңызды балаға жүктеп, сол арқылы іске асыруға тырысу мүлдем дұрыс емес. Біз баламызға өзіміздің дегенімізді, өзімізге керегімізді артпай, оның өзінің жолымен дамуына мүмкіндік жасауымыз керек!

Қазақ, ағылшын тілдерін толық игерген Евгений енді жапон және қытай тілдерін үйренуге кіріскен.

Осы тектес материалдарды дайындап жүріп, еліміздің болашағына байланысты үміт оттарын сөндірмейтін Женя сияқты жастар екенін ұғасың. Ұғасың да, қуанасың.

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт»