$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Балам, көріп тұрсың ғой...» Балалардың жазғы демалысы хақында

AstanaTV
18.05.2019ж. 20:00
5438
«Балам, көріп тұрсың ғой...» Балалардың жазғы демалысы хақында

Балалардың жазғы демалысы жақындап келеді, олар 3 ай немен айналысады? Толымды демалыс болуы үшін не істеген керек? Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары. Жұмыс істейтін, қарап қалатын адамы жоқ ата-аналар тығырықтан қалай шығады?Шыны керек, көп бала көшеде қаңғырып жүреді, мойындарына кілт асып алып... «Анашым, жәрдемақыдан артылмай ма, футбол секциясына баруға маған 10-15 мың теңге беріңізші!» деген баласына Жадыраның жауабы: Көріп тұрсың ғой балам... 7 баланың анасы жазғы демалыста ботақандарын лагерьге да жібере алмайды. Иә, мектеп қарайласады, тек жолдама 3 жылда бір рет беріледі... Балалардың жазғы демалысына байланысты мәселені Ришат Асқарбекұлы талдап көрді.  

Қазір жұмыста отырмын. Алаңдамаймын. Балаларыма сенімдімін. Қай уақытта қайда жүргені, қайда кетіп бара жатқанын біліп отырамын. Әр бес миинут сайын соткасына звондап та жатпаймын. 

Жансая Алматыда мамыр айының басында ашылған «Бақытты отбасы» орталығында заңгер. Алты баланың анасы жұмысқа жақында шыққан. Күні бойы өзі сияқты аналардың, отбасылардың мәселесін шешуге араласады. Оларға құқықтық кеңестер береді. Кешке қарай үйге өз баларына асығады. Жұмыс та істеймін, перзенттерім де қараусыз қалмайды, дейді көп балалы ана.   

Жансая ЖАНБЕКОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Бұларды мен қинамаймын, өздеріне түсіндіріп айтсаң, өздері үшін жүгіреді. Барады, оқиды. Себебі заманның өзі соны талап етіп отыр. Бала интерсный болса өмірі де қызықты, жан-жақты болады. Ізденеміз. Жаздық каникулда тегін орталықтарға бару керек, көрсету керек өздеріне, іздену керек. 

Бірақ баласының жазғы демалыстағы күндерін мерекеге айналдыруға барлық ата-ананың мүмкіндігі жоқ. Бірінің жұмыстан қолы босамайды, енді бірінің әлеуметтік жағдайы мүшкіл. Сондай отбасының бірі «Шаңырақ» шағын ауданында күнелтіп жүр. Мына аядай бөлмеде сүреңсіз тірішілік кешкен отбасында 7 бала бар. Үйдің үлкені Өркеннің сабақтан қолы қалт етсе, бала бағады. Тоғыз жаннан құралған отбасының негізгі табысы отағасының 60 мың теңге айлығы. Сондықтан бұл үйде демалыс, лагерь немесе үйірме туралы сөз қозғалмайды. Қозғалса да, жауап –біреу.  

Жадыра КӨПЖАСАРОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Айтып-айтып, жеткізіп, шаршағаннан да шығар, айтқысы келмейді. Тұйық, бөліскісі келмейді көбіне. Кешке дейін жоқ деп айта берсең, бала да сұрай бермей ме, білмедім. Көріп тұрсың ғой балам «жоқ» деп айтамыз... 

Балаларына жағдай жасай алмай отырғаны үшін Жадыра күйінеді. Бірақ кедейшілік қысқан отбасы мүшелерінің басынан сипап, көз жасын сүртіп жатқан ешкім жоқ қой. Тек өзіне сенуге тура келеді. Ал жергілікті мектеп заң шеңберінде оқушыларға тиісті әлеуметтік көмектер көрсетеді. Онда да үнемі емес.       

Жадыра КӨПЖАСАРОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Мектепте бір рет берсе, 3 жыл бармайды... Ең бастысы - баспана маған керегі. Қалғанын көрерміз. Балам айтады, Әмірді біз қараймыз, жұмысқа шыға бер дейді. Бір адамның айлығы жетпейді бәрібір.  

Жансая ЖАНБЕКОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Балам жазда футбол, жұзу, ағылшын тілі бойынша дайындығын жалғастырады. Бұл енді біздің әрекетіміз. Жалпы, тегін секцияларды, үйірмелерді іздеу керек. Балаларың үшін.

Ал Жансаяның балалары осы кезде алаңсыз ойнап жүр. Айтпақшы, екі отбасының бір ұқсастығы - жеке баспаналары жоқ. Жалдамалы пәтерде тұратын бұл отбасы мұқтаждықтарын көрсетпеуге тырысады. Әр баланың уақытын тиімді ұйымдастырып, барды ұқсатуға машықтанған.

Жансая ЖАНБЕКОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Алты баламен құдайға шүкір, олардың тұрып жатқан арендасында мен де тұрып жатырмын. Осылай асырап, тап-таза қылып, тамақтарын беріп, өзіме де ол бір физкультура сияқты да. Кәдімгі жұмыс, соны міндетті дұрыс атқара білу керек деп ойлаймын. 

Осы екі отбасының мысалында оқушылардың жазғы демалысына қатысты барлық мәселені айту мүмкін емес. Дегенмен қаперден шығармайтын басты мәселе - жазғы демалыста баланың қауіпсіздігіне бірінші кезекте ата-ана жауапты. Білім басқармалары, полиция және төтенше жағдай қызметінің де жауапкершіліктері бар, бірақ бала ата-ананыкі.    

Нұргүл ТАУҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:

Баланың қауіпсіздігі бірінші тұруы керек. Бұл жерде тек білім басқармасы жалғыз жұмыс жасап жатқан жоқ, әрине. Оған төтенше жағдайлар департаменті, жергілкті полиция, жаз бойы брге жұмыс істейміз. Әр лагерге барамыз, суда, отта қалай күн астында қалай болуы керек. Бала болған соң түрлі жағдай болады. Соларды өзін өзі қорғау бойынша түсіндірме жұмыстары тоқтамайды. Ол 1 маусымда басталып 31 тамызда аяқталады.  

Республикада 2018 жылы 3 млн бала 1 және 10 сынып аралығында мектепке барған. Министрліктің дерегінше, соңғы жылдары олардың 1 млн. 600 мыңы түрлі лагерлермен қамтылады. Демалыс лагерлерінен тыс қосымша сабақтар, яғни мектепшілік лагерьлер ұйымдастыру жолға қойылды. Алматыда биыл 236 мың оқушының 90 пайызы мектепшілік лагерьге тартылады. Одан бөлек, 4 мың оқушы тегін қамтылады, дейді білім басқармасындағылар.  

Оқушылардың лагерьмен қамтылуы: 

Республикадағы оқушылар саны 1-10 сыныптар: 3 млн оқушы

Лагерьмен және өзге де демалыс түрлерімен қамтылуы: 1 млн. 600 мың оқушы

Алматыда барлығы: 236 мың оқушы

Мектепішілік лагерьмен қамтылуы: 98%

Әлеуметтік аз қамтылған: 4 мың оқушы

Мектептерге жазғы уақытта балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін ғимараттарды барынша тиімді пайдалануға тапсырмалар берілген. Бірақ балалар мектеп жанындағы лагерьлерде тек 10 күн ғана жүре алады. Ал демалыс мерзімі – 90 күн. Оқушылар жаз бойы мектеп жанындағы спорттық және өзге де лагерьлерге жазылса болады, дейді, ұстаздар. Бұл жұмыстарға әлеуметтік педагогтардан тыс, еріктілер мен студенттерді де тарту туралы ұсыныстар айтылып жатыр.   

Ақтілек ӘДЕНОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ГАНДИ АТЫНДАҒЫ №92 МЕКТЕПТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГЫ:

Пәндер бойынша жыл сайын мектепте жүргізіліп отырады. Мысалы, география, физикаға мән береміз. Оған 30-40 бала жазылды. Аралас, оған көп балалы отбасыларды ғана емес, жақсы оқитындар, орташа қамтылғандар, жақсы тұратындар да келеді. Бірақ негізінен көп балалы отбасылардан көмекті аямаймыз. 

Білім басқармасы мектепішілік лагерьлер оқушылардың 90 пайызын қамтиды дегенімен, тегін орталықтар барлығын бірдей қабылдай алмайды. Ата-аналардың ақылы лагерьлер іздеуден басқа амалы жоқ. Басқарманың дерегінше, жолдаманың орташа құны күніне 5-7 мың теңге. Яғни онкүндігі 50 мен 70 мың теңге аралығында. Ал мұны қалтасы көтермейтін отбасының балалары қайтпек?   

Қарлығаш БОРБАСОВА, ӘЛ-ФАРАБИ ТЫНДАҒЫ ҚҰУ ДІНТАНУ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

Қазір мына суицидті, балалардың басқа дінге кеткенін айтып жатамыз. Қоғамға белсенділік танытпай, бейжай жүретін балалар бар. Психикалық тоқырауда жүретін балалар көп. Оның бәрі осының әсері. Өйткені бала айналысуы керек. Ол айналысатын нәрсе өзіне ұнауы керек. Бұл үлкен әлеуметтік мәселе. 

Осы аптада еліміздің барлық мектептерінде жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті. Онда күн тәртібіндегі басты сұрақ осы, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру болды. Ең бірінші қауіпсіздік, оның ішінде үйде қараусыз қалатын балаларға арналған арнайы әдістемелер бойынша дәрістер оқылды. Тек мұндай қарбалас Жадыраның үйінде байқалмайды. Лагерь тұрмақ, баласының жаны сүйетін футболмен айналысуы үшін үйірмеге де бере алмай отыр...    

Жадыра КӨПЖАСАРОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА: 

"Мама, пособиядан артылмай ма? Маған 10-15 мың теңге төлейсіз бе?"-дейді, шыны керек, артылмайды негізі... Лагерьге де сұранады...

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»