Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда тозығы жеткен үйлерді бұзу бағдарламасы тоқтамайды

AstanaTV
20.05.2019ж. 20:00
3203
Алматыда тозығы жеткен үйлерді бұзу бағдарламасы тоқтамайды

Алматыда ескі үйлерді бұзу бойынша 2012 жылы жасалған бағдарлама тиісті деңгейде орындалмай отыр. Қала билігі тозығы жеткен үйлерді сүріп, қайта салатын инвестор таппай дал. Қаладағы ең ауқымды бағдарламаның мән-жайы туралы толығырақ келесі материалда. 

Қаладағы тозығы жеткен үйлерді бұзу туралы бағдарлама 7 жыл бұрын басталды. Бірақ ссы күнге дейін небәрі 56 үй бұзылып, оның орнына 51 үй салынған.

Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 1 мыңға жуық көпқабатты үйді бұзылу қарастырылған. Оның ішінде кейінгі жылдары құрылған Алатау ауданында 23 үй, ал Наурызбай ауданында 8 үй бұзылмақ. Ең көбі Түрксіб ауданында. Мұнда 428 үйді қайта бұзып салу көзделген. 

Жобамен айналысатын «Күрделі құрылыс кәсіпорны» мекемесі құрылыстың шабандап қалуын инвесторлардың жоқтығымен түсіндіреді. Бұл бағдарламаға қазынадан қаржы жұмсалмайды. Аталған кәсіпорын құрылыс компанияларын тауып, екі қабатты тозған үйлердің жер теліміне 9 немесе 12 қабатты үйлер салып, қалған пәтерлерді сату арқылы пайда табуға мүмкіндік жасайды.  

Әділ БӨРЛІБЕВ, «КҮРДЕЛІ ҚҰРЫЛЫС КӘСІПОРНЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ: 

Құрылысқа кіріскен кәсіпорын бір жобаны жүзеге асыру үшін кем дегенде 3 жыл уақыт жұмсайды. Жер телімін қайта рәсімдеу, құрылыс жұмыстары, пәтерлерді саудалау ұзақ уақытқа созылады. Инвестор тек үш-төрт жыл өткенде қаражатын қайтара бастайды. Бұл кәсіпкер үшін тәуекелге бел буу. Сондықтан инвесторлар табу да қиын болып тұр.

Десе де қазір жыл соңына дейін 19 үй сүрілмек. Барлығы 10 мың шаршы метр жаңа баспана салынады деп жоспарланған. Айта кету керек, бағдарлама бойынша жеке инвесторлармен келіспей, пәтер ала алмай қалған отбасыларда да кездеседі.   

Руслан БОЛТЫШЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біз осы пәтерде 34 жылдан бері тұрып келеміз. Енді «Күрделі құрылыс кәсіпорны» серіктестігі бізге 2 бөлмелі пәтерді алып, оның орына 18 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер ұсынып отыр. Олар біздің үйді сүретін болса, басқа ұсынған пәтерден екі бөлмелі сұрасақ, қосымша ақша талап етеді. Біздің оған жағдайымыз жоқ. Төрт баламмен бір бөлмелі пәтерге қалай сыймақпыз.

Бағдарламаның басты операторы жоба өзін ақтайтынына сенімді. Себебі шаһарда «Сүлейменов-Жандосов», «Райымбек батыр- Гончоров», «Шевченко-Шәріпов» сияқты ескі үйлері көп аумақтарды игеруге инвесторлар табылған.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Алдағы он жылда осы бағдарламамен жоспарланған 2 млн. шаршы метр баспана салына ма? Ол жағы әзірге белгісіз. Ауқымды жоба Алматыда 1922 және 1963 жылдары салынған 1,5 мың ескі үйдің 70 пайызын жаңартуды мақсат етіп отыр.

Р. Асқарбекұлы