$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Сүрілетін үйлері үшін беріліп жатқан өтемақыға Алматы тұрғындарының көңілі толмай отыр

AstanaTV
13.03.2017ж. 20:00
3347
Сүрілетін үйлері үшін беріліп жатқан өтемақыға Алматы тұрғындарының көңілі толмай отыр

Алматыдағы Жетісу ауданы тұрғындарының сүрілетін үйлері үшін беріліп жатқан өтемақыға  көңілі толмайды. Айтуларынша, қала билігі жолайрық салу үшін сүруге кеткелі тұрған кейбір үй иелеріне 300 бен 700 мың теңгенің аралығында ақшалай  өтемақы ұсынған. Жұрт, бұл күлкілі қаржыға қазіргі нарықта қандай үй сатып аламыз деп, ашулы. Атқамінерлер жерді қайта есептеуге кірісетіндіктерін жеткізді.

Фурманов көшесі эстакадамен теміржол арқылы Жансүгіров көшесіне дейін ұзартылатыны бұған дейін хабарланған еді. Қосымша көлік дәлізі кептелісті 20 пайызға азайтады деген жоспар бар. Жолайрық салу үшін осы маңдағы 72 жер үй сүрілуі тиіс. Қазір олардың 26-сын сүру бойынша жұмыстар басталған. Бірақ бұл мәселеге орай шаһар билігі мен тұрғындар арасында қиындықтар туындады. Қала тұрғыны Ерғат Өмішевтің айтуынша, өтемақы көлемі күлкілі. Сондықтан ол ешқайда көшпейтінін айтты.

Ерғат Өмішев, қала тұрғыны:

Біз жұмыста болғанда, бізге пошта арқылы расценка жіберіпті. Қайда барамын анау айдаладан мына жұмысқа барып жүрмеймін. Арнайы таңдап, осы жерді алғанбыз кезінде 32 мың долларға алғанмын. 6-7 жыл бұрын. 10 мың доллар алып, қайда барам?  Қай  жерден маған үй береді біреу?

Рақымжан Ошаметов, қала тұрғыны:


Балаларымыздың мектебіне жақын болсын деп, осы орталықтан үй алдық.  Енді түкке тұрғысыз ақшаға бермекші. Бұл азын-аулақ қаржыға тек қаладан 50-70 шақырым жердегі ауылдан үй аласың. Біздің орнымызға өздерін қойсыншы, не істер екен?

Ал, жер басқармасындағылар мүлікті бағалау әдістемесі заңнамада көрсетілген есеппен жүргізіліп отырғанын айтты. Яғни баға мүлікті сатып алу және сату жөніндегі келісім бойынша  төленеді.

Ардақ Самамбетов, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары: 

Егер мүлікті сатып алу және сату жөніндегі келісімде сома көрсетілген болса, сол бойынша өтемақының көлемі есептеледі. Айтатыным, мүлікті есептеуді арнайы лицензиясы бар  бағалау компаниясы жүргізді. Меншік иелерінің өтініштері бойынша олардың есептеуді қайта жүргізуді талап етуге құқығы бар. Біз мүлікті есептеу жұмысын басқа бағалау компаниясы арқылы  қайта жүргізейік деп отырмыз.

Тәуелсіз бағалаушының сөзінше, өтемақы сомасын мүлікті сатып алу және сату жөніндегі келісім бойынша есептеу қате. Осыдан 20 жыл бұрынғы бағамен қазіргі нарықтағы баға салыстыруға келмейді,- дейді ол.

Ғани Мақсұтұлы, тәуелсіз бағалаушы:

Мысалы, біреуде бір проблема болады. Арзан бағаға сатып жібереді. Сатып алған адам сол үйде тұрамын деп сатып алады өзі. Оны  тартып алатын болса, ол басқа үй ондай бағаға сатып ала алмайды. Тұрғындар налогты рыночный бағадан төлейді. Неге осы мемлекет жерді бізден тартып алатын кезде, бізге сатып алудан бағаны береді?Налогты төлейтін кезде рыночный бағадан төлейміз. Бұл дұрыс емес сияқты.

Айгүл Ермахан, тілші:

Тәуелсіз сарапшы жолайрық салынғалы жатқан маңайдағы жердің  бір соттығының қазіргі құны 300-700 мың теңге аралығында екенін айтып қалды. Қысқасы, атқамінерлер жерді қайта есептеуге жеделдетіп кіріспесе, бұл мәселеге соттың араласуына тура келетін сияқты.

Айгүл ЕРМАХАН