Президенттікке үміткер Сәдібек Түгелдің ұлттық құндылықтарды насихаттау туралы ұсынысын қамкөңіл қариялар құптап отыр. Бүгін ол «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындарын сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. «Қазақ қоғамында жалғызбасты қария деген ұғым бұрын болмаған. Өкінішке қарай, «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді»,- дегенді бүгінгі жастар ескере бермейді. Әке-шешесін қартайған шағында өзектен тепкен безбүйрек буынның қалыптасуы - ұлттық тәрбиенің ақсағандығын аңғартады,- дейді Сәдібек Түгел. Үміткердің жанашырлығын қамыққан қариялар түгел қолдады. Өйткені олардың бірқатары балаларына салмақ салмау үшін осы мекемеге келуге мәжбүр болыпты.
Сәдібек ТҮГЕЛ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР:
Көңілге қаяу түсіретін мәселе, балалары бола тұра, біздің қарттарымыздың осындай үйлерді жағалауы ол дұрыс нәрсе емес. Ол біздің мың жылдық тарихы бар қазағымыздың болмысына, салт-дәстүріне жат нәрсе. Жүрегің ауырады. Қарның ашиды, ренжисің.
Е. Карин