Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ресей ғалымдары Алакөл суының емдік құрамын растады

AstanaTV
24.05.2019ж. 20:00
8061
Ресей ғалымдары Алакөл суының емдік құрамын растады

Алакөлдің суы шипалы,емдік қасиеті бар. Екі жыл бойы зерттеу жүргізген Ресей ғалымдары осындай тұжырымға келді. Курортология ғылыми зерттеу институтының қорытындысы инвесторлардың игі жобасына серпін бергені сөзсіз. Олар енді көлдің ерекшелігіне баса назар аударып отыр.Тіпті ілкімді жобаны премьер-министрге ұсынды. 

Асқар Маминге ұсынылған жобалардың бірі-құны 570 миллион теңгелік шипажай құрылысы. Кезінде бұл жерде Барлық-Арасан деп аталған бүкілодақтық денсаулық сақтау мекемесі болған.Қазір жұмыс істемейді. Ендігі меже құрдымға кеткен курорттық мекенді қайта жаңғырту.

Елена АСЫЛБЕКОВА, КУРОРТТЫҚ-САНАТОРИЯЛЫҚ ЖОБАНЫҢ ИНВЕСТОРЫ: 

Алакөл жағалауының 200-300 метр аумағындағы су құрамында радонның бар екендігі нақты расталды. Дәл сол маңда демалыс базалары салынып жатыр.Алакөлдің денсаулыққа беретін күш қуатын, емдік қасиетін Қара, Қызыл, Жерорта теңізі мен Мысыр,Таиланд та бере алмайды.

Құны-200 миллион теңге тұратын келесі жобабойынша концерт алаңын салу көзделіп отыр. Инвесторлар оны жүзеге асыру арқылы Алакөлдің жағалауында Бакудегі немесе Юрмаладағы «Жара» секілді жарты әлемге мәшһүр мәдени шаралар өткізуге мүмкіндік туғызбақ. 

Марат ҚАБАҚОВ, ШҚО ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Инвесторларда үлкен қызығушылық бар. Ашық аспан астындағы 4 мың адамға арналған ауқымды алғашқы би алаңы. Жоба құны-200 миллион теңге.

Жыл сайын Алакөл жағалауы көктемгі сеңнен зиян шегеді. Сондықтан ілкімді жобалар ішінде толқынға тосқауыл, сеңге төтеп беретін нысандар құрылысын салу да бар. Алдағы уақытта жағалауда бірнешеуі бой көтермек. 

Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Біз жағалау сызығы 5 шақырым болады деп болжаймыз. Жобалаушылардың ойынша сол сызықтан 70-100 метр қашықтықта мұздан қорғайды.

- Және сол толқын тосқы ма?

-Иә. Бұл жердің бір ерекшелігі сол және оң жақта емдік балшықтар бар.

Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, өткен жылы Алакөл жағалауында миллионнан астам адам демалған. Биыл туристер одан да көп болады деген болжам бар. Шығыстың шырайлы өлкесіне Ресей, Қытай және өзге де шетел азаматтары келмек екен. Олардың көбісі қыстан бастап алдын-ала орындарға тапсырыс берген көрінеді. 1 маусымнан бастап Алакөл жағалауында 140-тан астам демалыс базалары туристерді қабылдай бастайды. Оған салынып жатқан тағы 60 нысан қосылмақ. 

З. Санай