Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын!». Президенттің коррупцияға байланысты мәлімдемесінен.

AstanaTV
25.05.2019ж. 20:00
3669
«Біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын!». Президенттің коррупцияға байланысты мәлімдемесінен.

Нақтылық бар. Қарапайым адамдар естігісі келіп жүрген мәселелер айтылатын, тым ғаламдық, декларативтіліктен ада мәлімдемелер артты. Президент мәлімдемелерін айтамын. Мысалы, апта басында, дүйсенбідегі байламы соған дәлел. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелерін талқылаған кеңес өткізген, сонда айтқаны. Бірнеше цитата келтірейік:

...Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек.

...Байқағаным, біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын... Біздің елді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоспарларымыз жемқорлықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ.

...Жемқорлықтың салдарынан мемлекеттік бағдарламалар сапасыз орындалуда. Бұл халықты әлеуметтік қорғау, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерінің уақтылы шешілмегенін көрсетеді. Жергілікті жолдардың сапасыздығы мен бизнестің дамуына жемқорлықтың кесірінен туындаған проблемалар кедергі келтіреді. Азаматтар бюджеттің әрбір теңгесінің мақсатты жұмсалатынына көз жеткізуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті. Мысалы, қоғамдық бақылауды күшейту туралы айта келе: "Бюджеттік үдерістің кезеңдері яғни, құрылудан бастап жүзеге асуға дейінгі аралықтың барлығы ашық болуы керек. Азаматтар қажет етпейтін тауарлар алынып, ғимараттар салынып жататын мысалдар аз емес. Тиімсіз «имидждік» жобалар мен бағдарламалардан бас тарту қажет. Даңғойлық пен ысырапшылдыққа жол берген шенеуніктер қатаң жазалануы керек. Халықтың қаржысы тиімсіз жұмсалса, құқық бұзушылыққа жол берілсе, оның жазасы ауыр болады. Мемлекеттік органдар жанындағы ұйымдар мен ұлттық компаниялар да қоғам бақылауында ашық әрі түсінікті болуы керек", - деді. 

Ал әкімдерге «жемқорлықты түбегейлі жою - сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі көрсеткішінің бірі. Оған сіздер тікелей жауаптысыздар», - деуі сол баяғы «тендер мәселесіне» тоқталуы – дөп сөз.

"Бүгінде 25 мың ұйым мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырады. Бұл жемқорлыққа қарсы бақылауды қиындатады. Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырып, әлеуметтік саладағы бюджеттік мекеме басшыларын бұл міндеттен босату керек. Колледждер мен мектеп директорына дейін мемлекеттік сатып алуға қатысы бар. Орталық мемлекеттік органдарда саяси қызметшілерді мемлекеттік сатыпалуларға араластырмайтын механизмдер әзірлеуді тапсырамын... Оның нәтижелерін маған 1 айдың ішінде баяндаңыздар", – деді Қазақстан Президенті.

Ал жиын соңында Мемлекет басшысының жемқорлық бойынша қоластындағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері үшін бірінші басшылардың жауапты болатынын тағы бір мәрте қадап айтуы... Оның өзінің өте маңызды деталь - коррупцияға қатысты аты шықпағанын шетелдік сарапшылар да біледі екен. Қасымжомарт Тоқаев халқының алдында беделді және оның артынан ешқандай жаман сөз ерген емес. Ең бастысы - ол жемқорлықтан таза адам. Бұл пікірді Алматыда өткен 16-шы Еуразиялық медиафорумға қатысқан басылымдарды тарату бизнесіндегі ірі компаниясының басшысы Бижан Фарамарци айтқан. Оның ойынша, Қ. Тоқаевтың халықаралық саясат алаңындағы беделі мен жиған тәжірибесі ел басқаруға мүмкіндік береді. Фарамарцидің компаниясы Файнэншл Таймс, Wall Street Journal, Time, Business Week, Economist, Der Spiegel сияқты басылымдардың дистрибьютері болып табылады.

Бижан ФАРАМАРЦИ, POLYGON INTERNATIONAL LLP КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ол жақсы кандидат. Оның үстіне оппозиция да Тоқаев туралы жағымсыз пікір білдіргенін байқамадық. Ол қандай қызметті атқарса да, ең бастысы- жемқорлықтан таза адам. Ол әділ, әрі мықты адам екенін дәлелдеді. Біз шетелдіктер, оны жақсы танимыз, сондықтан әлем қауымдастығы алдындағы беделін де білеміз. Менің ойымша, Қазақстан халқы Тоқаевты таңдайды. Оның репутациясы осыған жетелейді.

Ал біз пікірін жиі сұрайтын белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы Президенттің жемқорлықпен күреске арналған жиында айтқандарына орай мынадай комментарий берді.

Расул ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

Басшысы кетуі керек, егер орынбасары жемқорлықпен ұсталса деген осыдан 5 жыл бұрын көтерілген. Бірақ іске аспай жатады. Неліктен? Менің ойымша, ең басты себеп - саяси ерік-жігердің жетіспей жатуы. Сөз бен істің арасында сабақтастықтың болмай жатуы. Қазір менің ойымша, Қасым-Жомарт Тоқаев, оның командасы осы мәселемен әжептәуір айналысуға бел буып отырған сияқты. Менің өзімнің сезімім сондай, қалай болғанда да ар жағын уақыт көрсетеді. Бұл да оңай шаруа емес. Қалай болғанда да жемқор деген әжептәуір саяси, қоғамдық ықпалға ие адамдар, иә? Әбден сіңісіп қалған. Бірақ алғашқы қадам жаман емес сияқты.Қазақстанның дамуы үшін де, Қазақстанның байлығының халықтың игілігіне жұмыс істеуі үшін де, олигархтардың емес, сол үшін өте маңызды.

Бірталай өте маңызды мәлімдемелерді жасады, жасап жатыр: оның ішінде жеке басының қарапайымдылығына байланысты, қазақ тіліне қатысты, қазақ жерінің шетелдіктер сатылмайтынына байланысты, енді мінекей, жемқорлықпен күрес жайында көтеріп отыр. Қай жағынан болғанда да құптарлық мәселе. Содан кейін менің ойымша бұл, жай ғана сайлау алдында ұпай жинаудың, популистік бір мәлімдемелердің реті емес. Бұл мәселелермен кешенді түрде айналысуға осындай жігері де, ұмтылысы да бар сияқты.