Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Түнгі 12-дегі шақырту. Кәсіпкер жерінен айырылып қала жаздады

AstanaTV
25.05.2019ж. 20:00
4122
Түнгі 12-дегі шақырту. Кәсіпкер жерінен айырылып қала жаздады

«Кәсіпкерлікті қолдауы тиіс қызылордалық шенеуніктер мені қорлап келді», - деген Айнұр Қожагелдиева екі айдан бері ұйқыдан қалды. Жолдасы екеуі Қызылорданың орталық аймағынан дүкен салуға жер учаскесін сатып алған, бірақ бірнеше миллионға алған жері бірнеше айға кетті, бос жатыр. Ал Айнұрдың өзі:Шенділердің қорлығынан инсульт алып, ауруханада жатуға мәжбүр болдым, деп отыр. Қандай қорлық? – деп меншікті тілшіміз Шарипа Сақтапова материал жасады. Түнгі 12-де шақыртып алатын шенеуніктер бар екен... Президенттің жаңа ғана сөз қылған «бизнестің дамуына коррупцияның кесірінен туындаған проблемалар кедергі келтіреді» деуімен қабысып тұр. Былайша айтқанда, су жаңа мысал. Су жаңа пәрменді де қайталай кетейік: – Әкімдерге айтарым, жемқорлықты түбегейлі жою - сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі көрсеткішінің бірі. Оған сіздер тікелей жауаптысыздар. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың шарты.

14 наурызда ел жақсылықтың жаршысы – Амал мерекесін тойлап жатса, бұл отбасын күтпеген жерден уайымға салып қойды. Барлық жоспарларының тас-талқаны шыққан күн. Бүкіл құжаттары заңдастырылған жерін қоршаумен қоршап, қолайлы жерден дүкен салып, бала-шағамыздың несібесін табамыз деген Айнұрға түнгі 12 шамасында қаланың бас архитектор-құрылысшысы қоңырау соғады. Дереу сатып алған жердің басына келуді талап етеді.

Айнұр ҚОЖАГЕЛДИЕВА, КӘСІПКЕР:

Мен Ержанов Жақсылық боламын, архитектураның бастығымын, сіз мынау салып жатқан жеріңізге келіңіз деді. Түнгі 12-де маған осы жеріңді заңсыз салып жатсың, бүгін алмасаңыз 1 миллион 200 штрафқа ілінесіз деді. Ешқандай документ, ештеңе көрсеткен жоқ, маған. Біз өзіміз алмағаннан кейін, азанда келсек, құрған қоршауымызды алып тастапты.

Сонша қорлық пен қысымға төтеп бере алмаған кәсіпкер инсульт алып, ауруханадан бір-ақ шығады. Біржарым айдай ем-дом қабылдап, есін жинаған Айнұр жолдасы екеуі жер үшін «шайқасқа» кірісіп кетеді. Барлық керекті мекемелерді екінші мәрте аралап өтеді, ешқайсының қояр міні жоқ. Құжаттары түгел, барлығы заңдастырылған. Ержанов болса өз дегеніне тарта берді, деген Айнұр кәсіпкерлер палатасынан құқықтарын қорғауды өтінеді. Шұғыл жиналған облыстық қоғамдық кеңесте қаланың бас архитекторы «Қожагельдиевтер сатып алған жерге құрылыс жүргізуге болмайдыны» алға тартады.

Айнұр ҚОЖАГЕЛДИЕВА, КӘСІПКЕР: 

Жақсылық: сала алмайсың ол жерге, салдырмаймыз ол жерге, сізге салуға болмайды, қалай, не қылсаңыз да салмайсыз деді. Мына жерде астында газ жатыр, ол Универсамның газы деді.

Жақсылық ЕРЖАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл кісіге біз енді түсіндіріп айттық. Детская площадка бар, СНИП-тері бар, ережелері бар белгіленген. Біз мына жерде енді газ өтіп жатыр, оны перенос жасауға келмейді. Сондықтан ол газ апайдың жерінің үстіне кіріп тұр. Именно бір бұрышы. 

Дегенмен заңгерлер мен сарапшылар болса өз зерттеу-зерделеу шараларын жүргізіп, құрылысқа еш кедергі жоқтығын дәлелдеуге кіріседі. Газ құбыры Қожагелдиеваның жерінің астынан емес, жанынан өтеді. Және құбыр өршілес орналасқан сауда үйіне тиесілі.

Гаухар ЕЛЕУСІНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

«КазТрансГазАймақ» ресми жауабы бойынша жер учаскесінің астынан емес, жанынан газ желісі өткен. Газ желісі басқа кәсіпкерлік нысанға тиесілі. Құрылыс салу ережелеріне сәйкес, ғимараттың фундаментінен газ желісі 2 метр қашықтықта болу керек. Соңы сақтау үшін газ желісі ауыстырылатын болады. Газ желісі ауыстырылғаннан кейін құрылыстың басталуына ешқандай кедергі жоқ.

Марат МЫРЗАБЕКОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз жақтан ешқандай кедергі жоқ. Біз ол құрылыстың басына барып тексере алмаймыз, бұрын ондай құқығымыз бар тұғым.

Жерді сатып алмас бұрын Қожагельдиевтер егжей-тегжейіне дейін жіті зерттеп, барлығын тексеріп шыққан. Алдарынан осындай бір пәле шықпасын деген ниетпен. Айнұрдың пайымынша, орталықтағы жерге бір шенді қызыққан. Өйткені өзіне қаланың басқа аймақтарынан жер ұсынылған көрінеді.

Салауат ҚҰЛМАХАН, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Адресіне бірде-бір хат жолданған жоқ, жеріңіз заңсыз ба, әлде құрылысыңыз заңсыз ба, тек қана ауызбен, болды. Сізге жерді ауыстырып береміз, ауыстырып береміз-бен келе жатыр. Қазір бұл кісіге орталықтан, старый базар дейді, сол жақтан жерлер ұсынылып отыр, басқа жер алыңыз деп отыр. Бұл кісінің ешқандай қазір кінәсі жоқ, ол жерден газ өтіп жатқанына.

Гаухар ЕЛЕУСІНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Құрылыстың барлық рұқсат құжаттары алынған, жұмыс проектісі жасалып, сараптамадан өтіп, құрылыс бақылау басқармасына хабарлама беріліп, ол кісілерден талон алынды. Құрылыс бастауға ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен қалалық сәулет және қалалық құрылыс бөлімімен құрылыстың жасалуына кедергілер болып жатыр.

Ал «түнгі патрульдеуге» шығып, жеке тұлғаны ұйқысынан оятып, түн ортасында жер басына келуге мәжбүрлеген шенеунік, ол әрекетіне жауап береді.

Берік СӘРМЕНБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл мәселе бойынша қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет Агенттігі айналысып жатыр. Солардың шешіміне сәйкес тиісті шаралар қолданылады.

Алайда Айнұр құрылысты әлі бастай алмай отыр. Бюрократиялық кедергілер еңсерілгенімен, газ құбырын жылжыту керек. Сауда орнын ашпай жатып, Айнұр қарызға батты. Бірақ жер дауы осымен бітсе, оған да көнеді. Көнбегенде, қайда барады?..

Ш. Сақтапова, Қ. Рабаев «Біздің уақыт».