Мейрамхана, дүкен, сауда орындарындағы тілдің қолданысы. Қарапайым ғана мысал - ас мәзірі қазақ тілінде жазылмайтын дәмханалар көбейген. Талапқа пысқырып та қарамайды. Ал тіл басқармаларынан бақылау, жазалау құзіретіалынып тасталған. Шағым болса ғана тексереміз, тексереміз де қоямыз, дейді.Белгілі журналист Серік Абас-Шах фейсбуктегі парақшасында дәмханалардағы даяшылардың орыс тілінде сөйлеуге қайым екенін, ал өзінің өзге ұлтқа мүлдем ұқсамайтынын жиі жазады. Содан шығар, көрген жерде немесе телефон тұтқасын көтере сала «гутен таг» деп ащы әзілдейтіні... Шыны керек, тілдің қолданысы туралы әңгіме сан-қатпарлы, күрделі. Алаңдайтын дүние көп. Күнделікті өмірде «доча, сын» деп жүретіндер біздің «Доча кімнің қызы?» деген мысқылға толы материалдарымызға да пысқырмайды... Осыны фейсбукке салғанымда Еділ Анықбай әріптес былай жазыпты: Ұлттық ұғымы таяз, төл түсінігі төмен, өзіндік өресі жоқ адам өзгенікін артық көріп, басқанікін жоғары бағалайды екен ғой. Қайтсін енді... Көзін ашып көргені, күнделікті кездестіретіні бөтендікі болса. Өзіміздің дүниелер күннен күнге көмескіленіп, көміліп барады. Жаһан жалмап барады. Қазақылықты заманауи құндылық ретінде, мәдениеттіліктің белгісіндей, моданың деңгейінде көрсетіп, сондай ұғым-түсінік қалыптастыру жолдарын, формасын таппай нәтиже болмайды, меніңше. Айтқаннан, сынағаннан, ұрысқаннан, түңілгеннен пайда жоқ деп ойлаймын, Жайна. Күллі кеңістік, бүкіл ақпарат, қоғам, орта, көше, бәрі-бәрі бөтен, тек қазақы емес...
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы биыл аяқталады. Өткен он жылда не істелді? Мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейді ме? Мамандардың сөзіне сенсек, 2020 жылы іс қағаздары толық мемлекеттік тілде жүргізіле бастауы керек. Кеуде соғатын жалаң ұрандар айтылады. Бірақ неге екені түсініксіз, көп салада орыс тілінің үстемдігі сол күйінде қалып отыр. Ал тіл туралы заңдар бұрынғыдай емес, жұмсартылған.
Өтепберген ҚАЛАБАЙ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:
Органдар бар. Қай ауданда орналасса, аудандық прокуратура бар. 21 бап бойынша сотқа арыздануға болады. Маңдайшалар, өзге де жазулар рәсімделмеген деп әр азаматтықң арыздануға талап етуге құқығы бар.
Қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысы Алматы сияқты мегаполисте көңіл көншітпейді. Арыға бармай-ақ, шаһар орталығындағы ең мақтаулы Панфилов көшесімен жүріп өтуді жөн көрдік. Сән-салтанаты келісіп, үйлесім тапқан желекті жолды туристер мен қала қонақтарына ұялмай көрсетуге болады. Бірақ меймандар алдында бетіңнен отың шығатын бір мәселе бар. Мұнда қазақылықтың исі мұрныңа келмейді. Тіпті қай елдің қаласында жүрмін деген ой да туады.
Көшедегі адамдар: 1. Қазақ тілінде береді ас мәзірін. Бірақ негізінен орыс тілінде бәрі. 2.Ас мәзір қазақша міндетті түрде, сосын орысша болса. Сосын онда қызмет көрсететін қызметкерлер де екі тілді алып жүрулері керек. 3. Қазақ тілінде ас мәзірін сұрайсыз ба? Жоқ, орысша сұраймын. Себебі қазақша кішкене сөйлеймін. Привыкла орысша.
Алдымыздан алғаш кездескен 5 мейрамханаға кіріп шықтық. Мұнда қарапайым ас мәзірін қазақ тілінде ұсына ма екен? Соны білгіміз келді. Өкінішке орай дәмханалардың барлығында орыс тілі мен ағылшын тілін білсең, ұнатқан тамағыңа тапсырыс бере аласың. Егер тек қазақ тілін білсеңіз, мұнда керегіңізді сұрап іше алмайтыныңыз анық.
МЕЙРАМХАНАЛАРДАН ҚЫСҚА-ҚЫСҚА СҰРАҚ-ЖАУАПТАР:
- Қазақ тілінде ас мәзірін беріңізші.
- Бізде ондай жоқ, болған емес, болмайды да.
- Неге?
- Бұл жердің қожайыны франшизамен істейді.
- Ас мәзірін қазақша сұраған емес, ешкім. Еш жерден көрмедім.
- Бізде бар болғаны осы.
Қоғамдық орындардың барлығында әлгіндей жағдай қалыптасқан деп айтудан аулақпыз. Бірақ көп жерде тілге деген қажеттілік пен қандай да бір талаптың жоқтығы көрініп тұрады. Заң болғанымен, оның орындалуын ешкім талап етпейтін сияқты. Алматыда қалалық тілдерді дамыту басқармасы деп аталған мекеме жақында таратылып, орталыққа айналды. Бұл орталықта мемлекеттік тілдің талаптарын сақтамағаны үшін қандай да бір жауапкершілікке тарту үрдісі көптен бері жоқ. Кәсіпкерлік туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер тіл инспекторларын ондай құзіреттен айырған. Бірақ азаматтардың өз беттерінше сотқа шағымдануға қақысы бар.
Өтепберген ҚАЛАБАЙ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:
Кезінде кәсіпкерік кодекс пен Тіл туралы заңның 25 бабы 3-тармағы болатын. Ол 2018 жылы мамыр айында алынып тасталды. Сол себепті қазіргі заңнаманың талабына сәйкес біз тек профилактикалық шаралар ғана жүргізе аамыз. Әдістемелік көмек. Жарнаманың мәтінін бекітуге тек келісім бере аламыз.
Ал Нұр-Сұлтан қаласында тіл инспекторлары алматылық әріптестеріне қарағанда батылырақ болып шықты. Қала басшысының пәрменімен мұнда аудандар жанынан қоғамдық кеңестер мен тіл мамандарының қатысуымен топтар жасақталыпты. Олар күн құрғатпай рейдке шығады. Жарнама мен тіл туралы заңның нормаларын сақтамайтын кәсіпкерлерге ескертумен шектелмейді. Заңдағы 21 бап талаптарына пысқырмайтындарға мынадай жазбаларды алып тастатқызады.
Сәкен ЕСІРКЕП, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Яғни кәсіпкерлер тарапынан заңсыз қойылған, әкімдікпен келісілмеген, тіл туралы заңдарды сақтамаған барлық заттар алынып тасталып жатыр. Мұның барлығы профилактикамен жүреді. Жарнама туралы заңға өзгерістер енгізілді. Алдағы уақытта тіл нормаларын бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салыну қарастырылып жатыр.
Мемлекеттік тілдің перспективасына оң әсер ететін екі маңызды фактор мектеп пен балабақша. Алматы қаласында 50 мыңнан астам бүлдіршін бөбекжайларға барады. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына сәйкес қазақ тілінде тәрбие беретін мектепке дейінге мекемелер саны артып келеді. Соның бірі Алатау ауданындағы Қарасу елді мекеніндегі мына балабақша. Мұндағы ерекшелік - әр ұлттың балалары қазақ тілінде тәрбие алады.
Элмира НҰРШАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ №177 БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:
«Қарасу» ықшам ауданында көп ұлты халықтар тұрады. Мұнда ұйғырларымыз да, дұңғандарымыз да бар. Орыстар да бар.Ата-аналар өз ықыластарымен алып келеді. Мұнда тіпті нигериялық та бар. Бір ұл, бір қызы бар. Соны әкеледі. Әкесі басқа ұлт болса да өте жақсы сөйлейді.
Ерден ҚАЖЫБЕК, А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазақстан халқының тілдерін дамыту деп аталған бағдарлама келесі кезеңге бекітіледі. Біз ұсыныс жасадық. Тілдер дегенді қояйық. Бір мемлекеттік тіл бар. Ол қазақтың тілі емес, мемлекеттің тілі. Бұл ғылым, саясат, ақпараттық кеңістікте осы бір тілде жұмыс жасауы керек.
Былтыр Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инситут жаңа әліппенің ғылыми негіздемесін жасауға тапсырма алған. Ерден Қажыбектің айтуынша, латын әліппесі бекітілген жоқ. Ол үшін заң керек. Соған қарамастан елде латын әрпін пайдаланып, ойына келгенді жазу үрдісі белең алды. Мемлекеттік аппарат, қоғамдық орындар, қызмет көрсету саласы әлі тәртібі бекітілмеген әріпті жаппай қолдануға көшіп кетті.
Ерден ҚАЖЫБЕК, А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Заң, үкіметтің қаулысы немесе Президенттің жарғысы болуы керек. Ресми бекітілмей осындай көрнекілік құралдарды, жарнама, басқа да мәтіндерді жазуға асықпау керек. Ертең қайта өзгертуге тура келеді. Ол шығынды кім көтереді№ Кейбір адамдар ойлайды, мына әріпті аусытыра саламыз да, оңай деп. Оңай емес. Дұрыс сөйлеп, дұрыс жазып, дұрыс оқу үшін заңдарымызды тірілту керек. Бәрі қазақша болуы керек.
Басқа тілдерді білген жаман емес. Бірақ «білмесең, қараң қаласың» деген тіл орыс тілі емес, ағылшын тілі. Себебі әлемде білім мен ғылым тілі, жаңа технология тілі - ағылшын тілі. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Ал ана тіліміз – ұлтымыздың жаны, ұлттың өзі! Оның өлмеуі үшін күнде күресуіміз керек. Ал бұл тіл саясатының солқылдақ болғанына тікелей байланысты.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Мемлекеттік мәртебесі болса да, қазақ тілі құқықтық қиыншылықтарды басынан кешіп отыр. Ол орыс тілінің ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылуы. Сондықтан адымын аша алмай, кәдімгі өгізге жегілген арбадай аяңдап кетіп барады. Тілдің қолданысы тарылды деп қанша шырылдағанымызбен, санада сілкініс болмаса, не қайыр?
Р. Асқарбекұлы «Біздің уақыт».