Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қарағандыда батутты заңсыз орнатқан азамат ұсталды

AstanaTV
27.05.2019ж. 20:00
2128
Қарағандыда батутты заңсыз орнатқан азамат ұсталды

Қарағандыда бала өліміне себепші болған батуттың иесі ұсталды. Үрмелі батутты заңсыз орнатты деп айыпталған азамат Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару бөлімшесінің бастығы болып шықты. Айта кетелік, сенбі күні дауыл жел төңкеріп тастаған батуттың астында бірнеше бала қалып қойған еді. Ауыр жараланған екі бүлдіршін ауруханаға жатқызылып, 11 жастағы бір бала опат болды. Төтенше жағдайлар қызметі дауылдың күшейетіні туралы ескерткеніне қарамастан, бақтағы аттракциондар тоқтаусыз жұмыс істеген. Әрі осы күні соңғы қоңырау салтанатынан шыққан оқушылар көп болыпты. Дауыл желдің кесірінен саябақтағы үрмелі батуттың бірі жақын жердегі дүңгіршектің үстіне аударылып, балалар ауыр темірдің астында қыстырылып қалған. Аттракционның астынан өздігінен шыға алмаған бес баланы жақын маңда жүрген тұрғындар мен полицейлер шығарып алыпты. 

Жаңатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бала өліміне әкеліп соққан батутты қолданысқа енгізген Қарағанды қаласының 40 жастағы тұрғыны сауық нысанын заңсыз әрі талапқа сай орналастырмағаны үшін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы Қарағанды облысы полиция департаментінің және прокуратура басшылығының бақылауында.

Осы оқиғадан кейін қала басшысы үрлемелі аттракциондардың қызметін тоқтатып, саябақтағы барлық аттракциондары қаншалықты қауіпсіз екендгін тексеруге тапсырма берді. Ал дәрігерлер ауруханадағы екі оқушының жағдайы әлі ауыр екендігін айтады.

Ерік ШОҢБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТРАВМОТОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ АХУАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Балалардың жағдайы ауыр, бірақ бірқалыпты. Нейрохирург, травматологтар мен хирургтер, балалар реаниматологы секілді мамандардың барлығы көмек көрсетті. Қазір олар күндіз-түні бақылауымызда.

Е.Карин