Негізгі / Жаңалықтар / «Өмір деген не? Ойын!» Ал театр ойыны өзгеруі керек пе?

«Өмір деген не? Ойын!» Ал театр ойыны өзгеруі керек пе?

Нұр-Сұлтандағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының жаңа ғимаратының нақты қай жерге салынатынына дейін хабарланды. А.Байтұрсынұлы мен Ж.Нәжімеденов атындағы көшелердің арасында тұрғызылады. Осы маңдағы 47 жер телімі 2019 жылдың 18 маусымынан 2020 жылдың 18 маусымына дейін мемлекет қажеттілігі үшін қайтарылып алынуы керек. Жөн деп қойыңыз. Ал негізгі айтпағымыз жалпы, репертуар туралы. Смартфонға «кіріп кеткен» жастарды театр әлеміне тартудың жолдары бар ма? Таған дүниелерді оқымаған, таған дүниелерді көрмеген адамдар кім болады? Қандай қоғам құрады? Массаның поп-культураға құмар екенін, тобырлық сана дегеннің қай жерде де бар екенін білсек те, ойландырады. Себебі тобырлықтың шектен тыс артпағаны таған шығармаларды оқып, таған дүниелерді көрген адамдардың шексіз азаймағанына байланысты. 

...Біздің уақытта көрерменді тек қана сөзбен ұстап отыру мүмкін емес.

Керісінше, театрды шоуға айналдырудың қажеті жоқ. Ол біздің қоғамымызда шоудың көбеюінен туындаған нәрсе деп ойлаймын...Сөзге тартқан сарапшылардың пікірлерінен үзінді.

Ал біздің есімізге П.Чайковскийдің атақты «Қарғаның мәткесі» операсы түсті. «Өмір деген не? Ойын!» Театр ойыны өзгеруі керек пе? Тақырыпты Данияр Қайыртай қаузап көрді.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:

Мына жерде белгісіз уақыттардан кейін белгілі ғимарат тұрғызылады. Жаңа театр, дәлірек айтсақ, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимараты салынады. Өнер ошағының ұжымы да, көрермендер де мұны көптен сұрап жүрген. Жаңасы салынатыны жақсы, әрине. Бірақ біз осы және елдегі өзге де театрлардың «ішін» қалай жаңартамыз деген сұраққа жауап іздеп көрейікші...

Пьесадағы ой мен актердің ойыны – қашан да спектакльдің өзегі болып қала береді. Дегенмен театрдың тірі организм іспеттес екенін де ұмытпау керек. Ондағы кей жанрлар өледі, кейбірі жаңарады. Уақыт өткен сайын тың формалар туындайды. Әр буын өз стилін қалыптастырады. Бұған заманның игіліктері ықпал етпей қоймайды.  

Назерке ЖҰМАБАЙ, ТЕАТР СЫНШЫСЫ: 

Бүгін тек қана сөзбен көрерменді ұстап отыру мүмкін емес. Қазір ғаламтор қолымызда, жалт-жұлт еткен дүниені көріп жүрміз. Яғни ғаламтор қолымызда болса, әлем де біздің қолымызда. Әлемнің түрлі театрларын көріп жүріп, біз бүгінгі көрерменімізді тек қана кезіндегі классикалық Әуезовті алайық, Ғабит Мүсіреповті алайық, әрине, тілі жақсы, бай. Мысалы, сол бір пьсаның өзі Әуезовтың «Қарақыпшақ Қобыландысын» алып қарасақ, 80-100 бетке тарта шығарма. Ол кезінде 4 сағаттап жүрген кезінде, 3 сағаттап жүрген дегендей. Ал бүгінде 4 сағатын қиып көрермен театрда отыра алмайды. Сол тұрғыдан келгенде актерлерге де, режиссерлерге де барын сығымдап, барынша кешенді түрде, барлық нәрсені сыйдырып, биді де, әнді де, театр синтездік өнер дейтін болсақ, соны барынша синтездеуге тырысатын бір жақсы үрдісті байқауға болады.

Назерке Жұмабай театрға ақпараттық технологияларды енгізу туралы кеңінен айтты. Опера және балет театрларын мысалға келтірді. Айтуынша, арнайы эффектілер ондағы қойылымдарға әбден кірігіп, біртұтас болып біріккен. Ал мұндай эксперименттер драма театрларына кейде жараспай тұрады. Олқы болатыны – техниканың сапасыздығынан. Ал оған себеп – бөлінетін қаражаттың аздығы.  

Назерке ЖҰМАБАЙ, ТЕАТР СЫНШЫСЫ: 

Қазір кино, басқа да түрлі жанрлардың бәсекеге түскен ғасырында театр артта қалмауы керек деген дүниеге келген кезде, театрларға үлкен талаптың жүктелгенін көруге болады. Яғни бұл тұста – жарық қою мәселесі, техникалық мүмкіндіктерді, яғни 3Д-эффектілерді дұрыс пайдалану, дыбысты жақсы пайдалану, актердің тек қана сөзбен ғана шектелмей, енді әрекетке, ішкі пластика, сыртқы пластика деген дүниелер бар, сол секілді сахнаға цирктің элементтерін де қосатын театрлар бар.

Сыншы осылай дейді. Ал театрдың көзіқарақты көрермені, белгілі публицист Шархан Қазығұл оған қарсы. 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ, ПУБЛИЦИСТ: 

Театрды шоуға айналдырудың қажеті жоқ. Ол біздің қоғамымызда шоудың көбеюінен туындаған нәрсе деп ойлаймын. Телевизиядағы шоулар, жалпы мына біздің қалаларымыздағы шоу шаралар, солардың бәрі адамның санасын улап жатыр деп ойлаймын өзімнің түсінігімде. Олар адамды ешқандай ойлауға үйретпейді. Ал осы бір модаға, сәнге айналған кезде театрлар көрсоқырлықпен өзіне көрермен тартудың бір далбасалап жолын іздегендегі тапқан нәрселері деп ойлаймын.

Театр қойылымдарын сонау 1973 жылдардан бері бақылап келе жатқан публицист заманауи технологиялардың кесірінен актер мен көрерменнің арасындағы «тірі» байланыс жойылып кетуі мүмкін деп отыр. Сондықтан бұған мейлінше жоламауға шақырады. Актер Нұркен Өтеуілов те мұндай әдістер спектакльге кедергі келтіреді, деді. Алайда орнымен пайдалануға қарсы емес. Мәселен, 3Д-эффектісі сөзсіз спектакльдің сәнін кіргізеді дейді.  

Нұркен ӨТЕУІЛОВ, АКТЕР: 

Кей кезде біз айтамыз ғой, «ойбай, әрекет көп болуы керек, сөзді алып кету керек» деп. Жоқ. Мен ойлаймын, қазір халық керісінше сөзге келе жатыр. Бір өліара шақ сияқты маған осы уақыт. Мына техникалардың дамуы, бірінен бірі күнделікті... Осының бәрі адамның жанын бір сәт болсын ұмытып бара жатқан өліара шақ сияқты көрінеді. Ал керісінше қазір адамның жаны керек сахнада. Адамның көзі керек.

Рас, театр техникалық құрылғыларға тіреліп қалған жоқ. Ең басты «құрал» – актер. Ол кейіпкерін ойнамауы керек, ол сол кейіпкері болып ойлануы, сахнада өмір сүруі керек. Ол рөліне таптаурын болған көзқараспен емес, жаңа призмадан қарауға тырысуы шарт. Режиссер соған итермелеуі тиіс. Мысалы: 

Назерке ЖҰМАБАЙ, ТЕАТР СЫНШЫСЫ: 

Біз үшін Абай деген эталон Асқар Тоқпанов пен Қалибек Қуанышбаевтың тандемінде өлшеніп келді. Міне, бүгінде жаңаша көзқарас бізге Абайды шапан киген, «мүсін Абай» ретінде емес енді, Абайдың ішкі жанын ашуға, Абайдың да адам ретінде қиналғанын, Абайдың пенде ретінде қиналыстарын, шығармашылық, өлең тудырудағы, сол сияқты қоғамдағы орнын белгілеудегі өзінің ішкі қақтығыстарын, ішкі қиналыстарын беруде Нұркен Өтеуілов деген Қалыибек Қуанышбаев театрында жақсы бір, терең актер бар үнемі ізденісте жүретін. Сол актер моноспектакль стилінде әкелді. Онда да алып қарайтын болсаңыз, ешқандай техника жоқ. Ол жерде таза тек актердің жаны бар. Актердің жаны арқылы Абайдың жаны берілген.

Сөз болып отырған «Жан» атты моноспектакльді қойған – жас режиссер Фархат Молдағали. Ол бұған дейін Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзін» де өзінше сахналауымен ерекшеленген. 3 жылдық тәжірибесі бар маман қазір Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі. Осы уақытқа дейін 13 спектакль шығарған. Түрлі фестивальдердің лауреаты атанып жүр. 

Фархат МОЛДАҒАЛИ, ТЕАТР РЕЖИССЕРІ: 

Режиссердің Шекспирді жаңартуға, режиссердің Гогольді жаңартып, өзінің еліне, өзінің қазіргі болып жатырған менталитетіне сай жақындатуға қақы бар деп ойлаймын. Неге жақындатпасқа? Мысалы, жақын арада біз Астананың комедия театрында Шекспирдің «Ричард 3» спектаклін шығардық. «Ричард 3» - көрген адамға тура біздің қазіргі Қазақстан.

Жаңашыл режиссер жылдар бойы қалыптасып қалған қағидаттарды бұзуға тырысып келеді. Форманың құлы болғысы жоқ. Кейіпкерлерді пьесада жазылғандай емес, басқа қырынан ашуға әрекет жасап жүр. Ол үшін автормен шиеленіске түсу керек дейді өзі. 

Фархат МОЛДАҒАЛИ, ТЕАТР РЕЖИССЕРІ: 

Автормен конфликтіге барған кезде режиссерде жаңа ойлар туады. Ол жақсы мағынадағы конфликт. Мен неге былай істеп көрмеске? Неге ол былай істеп көрмеске? Кейіпкерлердің жанын ашуға тырысу керек. Кейіпкерлерге басқаша көзқараспен қарауға тырысу керек. Кітапта қалай жазылды, пьесада қалай жазылды сол үрдіспен, автор қалай жазып берді солай жазып берген нәрсені тарихи дүние болып, сондай ұғымдар қалыптасып жатыр қазір.

Фархаттың артықшылығы – шет ел тәжірибесін игергендігі шығар. Өздігінше Мәскеудегі курстарға барып, білімін толықтырып жүр екен. Мұндайды мемлекеттік деңгейде жаппай жүзеге асырса деген тілегі бар, театр қызметкерлерінің. 

Нұркен ӨТЕУІЛОВ, АКТЕР: 

Көп жіберу керек Еуропаға, батысқа, Ресейге қасымыздағы. Режиссерлерімізді жіберу керек үлкен-үлкен дайындықпен, актерлерді жіберу керек, сыншылар, театртанушылар, міне осылар шет елден оқып келуі керек. Сол алып келген білімін осы елге құюы керек. Әйтпесе, біз қазір өз қазанымызда өнер қайнап жатыр. Көруіміз керек. Тәжірибе алмасуымыз керек.

Әйтпесе мына парадокстың жалғаса беретін түрі бар... 

Фархат МОЛДАҒАЛИ, ТЕАТР РЕЖИССЕРІ: 

Қаншама үлкен режиссерлер бар современный спектакль жасап жатқан. Қаншама жас режиссерлер бар, бірақ сонау 60-70 жылдардың стилінде спектакль қоятын...

Данияр Қайыртай «Біздің уақыт».