$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылорда облысы ет экспортын еселеуді көздеп отыр

AstanaTV
03.06.2019ж. 20:00
2706
Қызылорда облысы ет экспортын еселеуді көздеп отыр

Қызылорда облысы еттің экспорттық әлеуетін арттыруға ниетті. Сыр өңірі 2016 жылы буферлік аймақтан шыққан. Соған қарамастан әлі күнге дейін етті тірі салмақпен сыртқа жөнелтіп отыр. Мәселен былтыр Иран, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей мен Өзбекстанға он жарым мыңға жуық қой, жүз бас ірі қара және 366 түйе жіберген. Аймақта жылына 5 мың тонна етті өңдейтін комбинаттың құрылысы басталды. Бесінші рет ұйымдастырылған облыстық слетте ғалымдар мен фермерлер түйткілді мәселелерді талқыға салып, мал шаруашлығымен қатар өзге де салаларды дамыту жөнінде сөз қозғады. 

Қызылорда облысындағы жайылым жердің аумағы 11 миллион гектар. Ел-жұрт соның 2 миллионын ғана пайдаланып отыр. Мамандардың айтуынша байтақ даланың 70 пайызы жер асты суларымен қамтамасыз етілген. Жем -шөп, мал азығын мол дайындауға мүмкіндік зор.

Бақыт ЖАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазір мемлекеттік қолдаудын арқасында 336 ұңғыма салынды, 3 миллиардтай ақша инвестиция тартылды. Әлі де жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру, яғни суарып, сол жерде жем-шөп өсіру, мал азығын көбейту - сол мәселелерді де қолға алайын деп жатырмыз. Биылдың өзінде біз мынау тау жерде суарылмайтын аквасорбтарды пайдалана отырып, бидай өсіру, мақсары өсіруді қазір тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Егер биыл жақсы тәжірибе беретін болса облыс бойынша таратамыз.

Өткен жылы өлкедегі 700 қожалық мал шаруашылығын дамытуға субсидия алған. Облыс буферлік аймақтан шықты. Ендігі меже - ет экспортын еселеу. Әзірге Сыр өңірінен төрт түлік сырт жаққа тірі салмақпен жіберіліп жатыр.

Бақыт ЖАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Өкінішке орай, біздің осы уақытқа дейін ет комбинаты болмауынан халықаралық стандартқа сәйкес келетін, енді бізге малды сыртқа тірілей жіберуге мәжбүр болдық. Әрине, ол жерде пайда ондай көп емес. Соңдықтан қазір ет комбинатын салу мәселесі қолға алынды. «Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестік осы биылғы жылы қарапайым экономика заттар бағдарламасы арқылы несие алып, сөйтіп қазір жұмысын бастағалы отыр. Жылдың аяғына дейін береміз.

Комбинат базасында ірі және ұсақ малдың терісі мен жүнін өңдеу, балықтарға арналған азықтық ұн дайындау цехы жұмыс істейтін болады. Жалпы, бүгінгі слет - жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, мал шаруашылығын ілгерілетуге, өзгеден үйреніп, өз қауқарыңды паш етуге мол мүмкіндік берді,-дейді фермерлер.

Зұлпыхар СЫЗДЫҚОВ, «ЗАМАН АТА» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

4 пайыздық несие биылғы жылы мен өз басым алып, қазір осы шекараралас жатқан Ресей елінен 100 бас қалмақ тұқымды ірі қара малын әкелдік. Бұрынғы малымызға қосып, малымыздың сол тұқымын әрі қарай асылдандырып жатқан жағдайымыз бар.

Ал ет комбинатына абердин-ангус сиырлары әкелінбек. Ет бағытындағы асыл тұқымның мәрмәр еті Еуропаға жөнелтілмек.

З. Санай