Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қаражат жоқтығынан кемелер жағаға шығарылмай отыр

AstanaTV
05.06.2019ж. 20:00
2165
Қаражат жоқтығынан кемелер жағаға шығарылмай отыр

Атырауда қайраңда қалған кемелерді жағаға шығаруға қаражат қол байлау болып тұр. Табаны бірнеше метр топыраққа батып қалғандықтан оны қозғайтын алпауыт техника да аймақта жоқ. Экологтар «бұл өзенге зиянды»- дейді. Ал жауапты мамандар не айтады? Базаргүл Нәдірқызы тарқатады.  

«Жайық» жағасында тот басқан кеме қалдықтарына атыраулықтар мен қала қонақтарының көздері әбден үйренген. Көктемде су келген мезгілде айдынның ортасында, су тартылғанда жағада қалады. Кезінде балық шаруашылығында қолданылған су көліктері бүгінде жарамсыз. Қаланың көркін қашырып тұр,- деп жергілікті билік алып тастамақ болған. Алайда техниканың әлі келмей, жұмысшылар беткі бөлігін ғана кесіп тастапты.   

Талғат ХАБИБУЛЛИН, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ ТЖ, ӘСКЕРИ ЖҰМЫЛДЫРУ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫМЕН ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Қала әкімшілігі қаладағы ірі мекемлер мен кәсіпорындарға осы кемелерді сүйеп шығару жөнінде ұсыныс жолдаған болатын. Алайда бұл арнайы техниканы және үлкен едәуір қаржыны талап ететіндіктен, демеушілікпен сүйреп шығаратын мекемелер табылмады.

Сол кезде Атырау аумағындағы 6 кеменің екеуі ғана жағаға шығарылған. Әлі 4-еуі тұр,- дейді мамандар. Олардың айтуынша, кемелер су жолдарына да, экологияға да еш зиянын келтірмейді. 

Мереке БАЙМҰХАНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Бұрын кеменің жағалауын тазалаумен қалалық әкимат айналысқан. Олар қазіргі жағдайда олардың күші келмейтіндіктен, олар хатпен біздерге шыққан болатын. Тазалау жөнінде. Қазіргі таңда көліктік бақылау инспециясы және «Қазақстан су жолдары» мекемесімен министерстводан қаражат сұрауға тура кеп тұр.

Ал экологтардың пікірі басқа. Галина Чернова Атырау, Маңғыстау облыстарында су жағасында жатқан кемелерді жою үшін кешенді бағдарлама керек,- дейді.  

Галина ЧЕРНОВА, ТӘУЕЛСІЗ ЭКОЛОГ:  

ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі жойылуы тиіс кемелердің 60 пайызында қалдық май мен дизель отыны бар деген еді. Кез-келген саңылаудың пайда болуының өзі экологияға зиянын тигізеді. Металды тот басады. Кеме бойында қалған майлар суға араласып, экологияға қауіп төндіреді.

Айта кетейік, бұл жұмыстар соңғы рет 2015 жылы жүргізілген еді. Егер келер жылы қаражат бөлінсе, Жайық жағасын кеме бейітінен тазалау жалғасады,- дейді көлік бақылау инспекциясы мамандары.  

Б. Нәдірқызы