Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Кезектен тыс Президент сайлауына қазақстандықтардың 77 пайыздан астамы қатысты

AstanaTV
09.06.2019ж. 00:00
2055
Кезектен тыс Президент сайлауына қазақстандықтардың 77 пайыздан астамы қатысты

Кезектен тыс Президент сайлауына қазақстандықтардың 77 пайыздан астамы қатысты. Орталық сайлау комиссиясында брифинг өткізген құқық қорғау органы өкілдері бірқатар заңбұзушылық тіркелгенін мәлімдеді. Тілшіміз Данияр Қайыртай әлі де Орталық сайлау комиссиясында. Данияр, ол қандай заңбұзушылықтар және комиссияның соңғы мәліметтерімен таныстырып өтсеңіз... 

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Кеш жарық, Оксана! Орталық сайлау комиссиясының ғимаратында күндізгідей қарбалас жоқ. Қазір сайлау учаскелері дауыс санын санауға кірісіп кеткен. Олар 12 сағатқа жеткізбей қорытынды шығарулары керек. Есеп Орталық сайлау комиссиясында таратылып, жеңімпаздың есімі аталады. Комиссияның соңғы мәліметінше, сайлаушылардың 77,4 пайызы өз таңдауын жасаған. Белсенділер көшін Алматы облысы бастап тұр. Одан кейінгі орында Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстары тұр. Үштікті Түркістан облысы 84,8 пайызбен түйіндеді. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы дауыс берушілер саны 68,9, Алматы қаласында 52,2, Шымкентте 67,6 пайызды құрады. Сайлау науқаны кезінде заң бұзудың 19 дерегі анықталған. Оның 18-і бойынша әкімшілік іс қозғалыпты. Бұл туралы Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді. Материалдар сотқа жөнелтілген. Ал заң бұзуға жол берген комиссия мүшелері жұмыстан аластатылған. Мәселен, Қызылорда облысындағы №251-ші учаскіде дауыс берушіге бірден 5 бюллетень беріліпті. Оған 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Алматы қаласы, Алматы облысы және Түркістан облыстарында бір сайлау жәшігіне екі бюллетень тастаған және екі учаскіде дауыс берген азаматтар да осындай жауапкершілікке тартылған. 

Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Заңсыз үгіт - 1 факт, азаматтардың қолдарына бірнеше бюллетеньдерден беру - 11, жәшікке 2-3 билеттен салу және 2 учаскіде дауыс беру - 2. Бұл фактілер бойынша прокурорлар 18 әкімшілік іс қозғады. Бірнеше бюллетень беру бойынша 12 әс, 2 не одан көп рет басқа сайлау учаскісінде дауыс беру фактілері бойынша 6 іс қозғалды.

Ал елорода мен Алматыда президент сайлауы болып жатқанда заңсыз митинг ұйымдастырған 500-ге жуық адам тұтқындалған. Мұны Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары айтты. Марат Қожаев әлеуметтік желілердегі адам өлімі туралы ақпаратты жоққа шығарды. Қайта керісінше 3 полиция қызметкері зардап шегіпті.

Марат ҚОЖАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Нұр-Сұлтан қаласыда Жастар сарайы ауданында 1 топ азамат Республика даңғылы бойынша көліктің алдын жаппақ болды. Арандатушылар мен белсенді қатысушыларға жақын уақытта заңды баға беріледі. Полициялардың әрекеттері заңға сәйкес жүргізілді. Құқық бұзушыларды ұстау кезінде арнайы құралдар пайдаланылған жоқ.

Жалпы сайлау күні қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін ел бойынша 19 мың полиция, 6 мың төтенше жағдай қызметкері және еріктілер жұмылдырылыпты. Ал көшелер мен қоғамдық орындардағы тәртіпті 10 мың полиция мен ұлттық ұландық сарбаз бақылаған. Осының арқасында айтарлықтай заң бұзушылық тіркелген жоқ деді Марат Қожаев. Ал саяси додада 7 кандидаттың қайсысы жеңіске жететінін Орталық сайлау комиссиясының ресми мәлімдемесінен білетін боламыз. Оксана, бүгінге осы. 

Д. Қайыртай