$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданында бензиннің бағасы 180 теңгеге жетті

AstanaTV
25.10.2017ж. 20:00
4025
Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданында бензиннің бағасы 180 теңгеге жетті

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында бензинді 180 теңгеден сатқан кәсіпкерлер астыртын сөз байласуы мүмкін бе?  Бұл сұраққа табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің өкілдері жуық арада жауап бермек. Көлік жүргізушілер мен жергілікті биліктің арыз-шағымынан кейін департамент мамандары арнайы тексеріс жүргізуге аттанған. Аудандағы кейбір жанармай бекеттерінде сұйық отынның бір литрі 180 теңгеге дейін жеткен. Ал АИ-95 маркалы бензиннің құны 190 теңге. Өзге өңірлермен салыстырғанда, жанармай Үржар жақта 25 пайызға қымбат болып тұр. Өңірдегі көлік жүргізушілері бағаны көтерген бекеттерді суретке, видеоға түсіріп әлеуметтік желілерге жүктеп әлек. Аудан атқамінерлері шарықтап тұрған бензин бағасын арзандатуға араласып көргендігін айтады. Алайда кәсіпкерлер мен шенеуніктер ортақ шешімге келе алмапты.

Серік Зайнулдин, ШҚО Үржар ауданының әкімі:

Екі бекетте бензиннің бағасы 180  теңгеден сатылып жатыр. Біз бекет қожайындарымен сөйлесіп көрдік. Олар сұйық отынды Алматыдан, Семейден, Новосибирсктен әкеліп жатқандығын алға тартады. Сосын комитет басшысы Қайрат Назарұлына хат жолдадым. Мамандардың келуін күтіп отырмыз. Бензин бағасының неліктен көтерілгендігін солар анықтауы тиіс. Егер астыртын келіскені анықталатын болса, 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынады. Мен бәріне ескерттім.