$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Кішігірім заңбұзышылықтар үшін салынатын айыппұлдар көлемі 30 пайызға азаюы мүмкін

AstanaTV
25.10.2017ж. 20:00
2964
Кішігірім заңбұзышылықтар үшін салынатын айыппұлдар көлемі 30 пайызға азаюы мүмкін

Кішігірім заңбұзышылықтар үшін салынатын айыппұлдар көлемі 30 пайызға азаюы мүмкін. Мәжілісте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң жобасы таныстырылды. Алайда, кішігірім құқықбұзушылықтарға халықты алдаумен айналысатын кәсіпкерлердің әрекеті де еніп кеткен. Депутаттар бұған қарсылық білдірді.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың титығына тиетін бір министр әйтеуір табылады. Бұл жолы Әділет министрі халық қалаулылары мен төрағадан сын естіді. Марат Бекетаев журналистердің сұрақтарына да мардымды жауап бере алмады.

Құқық бұзушының жазасы, жасаған заң бұзушылығына сай болуы керек. Мәжіліс төрағасы павлодарлық кәсіпкердің хатын оқып берді. Лицензиялық алым үшін 100 теңгені төлемегендіктен, оған 300 мың теңгеден астам айыппұл салып, лицензиясын тартып алған. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Не болып жатқанын қараңыз. Мұндай жағдайлар әр қадам сайын болып отыр. 100 теңгені кәсіпкер төлеген. Бірақ тағы да келіп, 318 мың айппұл салып кетеді. Біз бизнеске қолайлы жағдай жасап жатырмыз дейміз. Жаза жасалған құқықбұзушылыққа сай болуы тиіс.

Яғни, егер айтарлықтай зиян келмесе, жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін норманы қайтаруды талап етті мәжіліс. Халық қалаулылары келіспеген тағы бір жайт: жаңа кодексте саудада халықты алдайтын кәсіпкерлерге айыппұлды қысқарту көзделген. Халықтың есебінен мейрімді болудың қажеті жоқ деді бұл ретте спикер.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Какое качество внесенного законопроекта. Что ни вопрос, до 2 чтения мы поправим, что ни позиция депутатов, мы исправим. Тек қана осында Парламентке келгеннен кейін ғана қарайсыңдар.

Ал депутат Кеңес Абсатиров бюджеттің бүйірінен шыққан теңгелерге қымбат көлік мініп тайраңдауын қоймаған шенеуніктерді тағы бір еске алды. 9 айда шенеуніктер 6 млрд теңгеден астам ақшаға 500-ден артық қымбат шетелдік көлік сатып алған еді. 

Кеңес Абсатиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі:

Мәселен, Алматы онкологиялық орталығы Toyota Camry көлігін 7,5 млн теңгеге алған. Ал Жамбыл облысындағы Талас, Сарысу, Мерке аудандары әкімдерінің аппараттары дәл сол көлікке 12-ден 14 млн теңгеге дейін төлеуге дайын. Ал Талдықорған әкімдігі сол маркадағы көлікке 23 млн теңге шығарып, құнын үш есе асырып отыр. Toyota Land Cruiser 200 көлігі бойынша да солай. Павлодар әкімінің аппараты осы көлікті алуға 20 млн теңге шығарған. Ал Қостанай облысының Әулиекөл ауданының әкімдігі 25 млн теңге бөліп отыр. 

Журналистер қандай көлік мініп жүрсіз деп әділет министрінен де сұрады. «Лексус» маркасы деп жасырмады.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

Министрлердің бюджет есебінен алынатын қызметтік көлікпен жүруі қалыпты жағдай. Президент іс басқармасынан барлық министрлер сияқты мен де көлікті жалға алдым. Жалға алу бағасы белгіленген. Ашық ақпарат бұл. Осы сұраққа неге соншалықты мән беріп отырсыздар, бұл жерде жалған ажиотаж жасамауды сұраймын.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Министрдің сөзіне қарағанда, шетелдік көлігі қымбат емес. Бірақ жеке ақпарат деп, өзінің жеке көлігінің маркасын атаудан бас тартты. Журналистердің тақырыпқа қатысты да, тақырыпқа қатысты емес те сұрақтарына толық жауап бере алмады Әділет министрі. Сөйтіп, 30 пайызға дейін қандай айыппұлдар қысқарады деген сұрақтың басын ашық күйі қалдырды министр. 

-По вопросу жауап бере алмай тұрсыз ғой. Пресс-релиз жіберемін деп тұрсыз. 

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

Чем быстрее вы меня отпустите, и тем быстрее получите.

- Сіз министр алып келген заң жобасын шемішкеше шағып түсіндіру керексіз ғой. Сіз бізге түсіндіре алмай тұрсыз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ