Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қасым-ЖомартТоқаев ресми түрде Президент қызметіне кірісті

AstanaTV
12.06.2019ж. 20:00
2885
Қасым-ЖомартТоқаев ресми түрде Президент қызметіне кірісті

Әлеуметтік саясат айтарлықтай жаңартылады. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ресми ұлықтау рәсімінде елдегі өткір мәселелерді шешетінін мәлімдеді. Халық алдында салтанатты түрде ант берген Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен бойда бірқатар мәлімдеме жасады. Абай Сейфулланың материалы.  

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Бүгін - Тәуелсіз Қазақстан тарихында алтыншы ресми ұлықтау рәсімі және екінші Президент. Ерекшелігі сол - Тоқаев Тәуелсіздік сарайына сән-салтанаты жарасқан кортежбен келген жоқ. Тікелей эфирде шараға қалай жеткені көрсетілмеді. Залға алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кірді. Салтанатты жиынға Әміржан Қосановтан басқа Президент сайлауына қатысқан кандидаттардың бәрі келді. Әнұран орындалып, ант қабылдағаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретіндегі алғашқы мәлімдемесін жасады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕв, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматның мүддесін қорғау - менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін.

Тоқаев ел ішіндегі ахуалды жақсы білетінін сөзінен сездірді. Қыркүйек айына дейін жемқорлықты жоюға арналған реформалар дайындалады. Тамыз айында жұртпен арада конструктивті диалог орнату мақсатында құрылатын "Сенім комитетінің" алғашқы отырысы өтеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Для меня, как президента, самым важным являются не общие цифры, а реальное благосостояние всех наших граждан. Поэтому при принятии решений по стратегическим вопросам позиция большинства населения, безусловно, будет учитываться. Наша формула государственной власти - сильный полномочный президент, влиятельный дееспособный парламент, подотчетное народу правительство.

Дамудың 10 бағытын атаған Президент ауыз су, сапалы жол, қолжетімді баспана мәселелеріне тоқталды. Мұғалімдердің, дәрігерлердің материалдық жағдайын жақсартамын деді. Жастарды қолдау да жалғасады. Президенттік кадрлық резерв осы жаңа буынның ішінен жасақталады. Сот, құқық жүйесін де реформа күтіп тұр.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау жүйесін қатаңдату керек. Сот - әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті - халықтың сеніміне ие болу.

Ал халықтың табысына халықаралық қаржы нарығындағы тұрақсыздық пен теңгенің құнсыздануы кері әсер етті. Осылай деген президент бай мен кедей арасындағы алшақтықты жоятынын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан, дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет.

Осындай өткір мәлімдемелерден кейін Бас қолбасшы Қазақстан әскери күштерінің парадын қабылдады.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:  

Ендігі жерде транзиттік емес, толыққанды ел сайлаған Президенттің бойынан бүгін салқындандылық байқалды. Айтпақшы, шараға шетелден қонақ шақырылмады. Тек елшілер келді. Аста-төк жиындардан бас тартуды Тоқаев өзінен бастады. 10 45- те басталған ұлықтау рәсімі 12-ге жетпей аяқталды. Шуақты күннің арты жаңбырға ұласатынын білгендей, бәрі тез жиналып, тез тарқасты.

А. Сейфулла